АУҒАН СОҒЫСЫ ЖАУЫНГЕРІНІҢ ҚҰРМЕТІНЕ ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

1980 – 1984 жылдар аралығында Қордайға бірінен кейін бірі қаза тапқан 12 адамның мәйіттері жеткізілді. Соғысқа аттанып, туған еліне тірі оралмай қалған бұл боздақтардың бәрі жиырмадан енді асқан жастар еді. Қыршыннан кеткен оларға жар болу, әке атану, ата-анаға құрмет көрсету, ұзақ ғұмыр кешу бақыты бұйырмапты…

1979 жылғы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің Саяси бюро ұсынысы бойынша Ауғанстан Демократиялық Республикасына «оның аумағына кеңес әскерлері контингентін енгізу жолымен» әскери көмек көрсету туралы шешім қабылданған. Ауғанстан Демократиялық Республикасы аумағындағы әскери қақтығысқа кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті қатысты. Біз 10 жылға созылған, ел ішіндегі соғысқа тартылдық. 1989 жылғы 15 ақпанда кеңес әскерлері туған жеріне орала бастады.

25 қараша күні М.В.Ломоносов атындағы №2 ОМ ауласында «ордендер шеруі» өтті. Бұл күні Ауған соғысында 1981 жылы қаза болған Андрей Штольге арналған ескерткішті салтанатты түрде ашу үшін Қордай ауданы, Алматы, Тараз, Бішкек, өңіріміздің басқа да аудандарынан интернационалист-жауынгерлер жиналды. Ескерткіш маңына соғыстан елге қайтпаған 12 жауынгердің есімдері қашалып жазылған гранит тақтасы қойылды.

-Қордайлықтардың ішінен ол ең бірінші болып қаза тапты, ал ескерткішті 41 жылдан кейін ғана қойып жатырмыз. Өкінішке орай, бәрі қаржыға келіп тіреледі, — дейді «Қордай ауданындағы Ауған соғысының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәулет Қырғызбаев. Аталмыш бірлестік әр ескерткішке қаражатты халықтан жинап, демеуші іздеп, ұйымдар мен жеке фирмалардан көмек сұраған.
Д.Сүгірбай, Подшибякиндер, Б.Мамыт, В.Лаптев, В.Демочко, И.Кинозерова, И.Даутқұлова, В.Ромащенко, И.Варшакидзе, М.Отарбаев, Дүнгендер қауымдастығы (Щерба), А.Ашамаев, А.Долгова, И.Алексушина, И.Кадышева, Е.Кузнецова, Ю.Строков, В.Сугробов, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі, Б.Сейсенбаев, М.Ануарбек, Жамбыл облысының дүнген мәдени орталықтарының «Вынхуа» этномәдени бірлестігі, Варшакидзе отбасы, С.Турсунов, Г.Сугробова,«Әскери іс-қимылдар ардагерлері (Қордай ауданы)» ҚБ сынды көмек көрсеткен демеушілерге Алғыс хаттар тапсырылып, құрмет көрсетілді

Қордай ауданының әкімдігі