Атыраулықтар дамудың жаңа мүмкіндіктерін қолға алуда

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың халық алдында есеп беру жиыны Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінде өтті. Аймақ басшысы «2017 жылы атқарылған жұмыстар мен 2018 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму міндеттері туралы» баяндама жасады. Есеп беру жиынына облысқа ресми сапармен келген ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері, сала министрлері, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, өнер мен әдебиетіміздің танымал тұлғалары қатысты.

Баяндамашы облыс халқы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция  жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауын басшылыққа алатынын, еліміздің келешектегі қарқынды дамуының басым бағыттары мен негізгі жолдары айқын екенін айтып, сөзін бастады.

— «Жұмыла көтерген — жүк жеңіл» демекші біздің алдымызда  тұрған міндет мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген 10 бағытты жете түсініп, нақты істерді бірлесіп атқару, — деді облыс басшысы.

2017 жылы өнеркәсiп өнiмiнің көлемi қолданыстағы бағамен
5 676,1 млрд. теңге болып, өндiрiлген өнiмнiң тиісті кезеңмен салыстырғандағы нақты көлем индексi – 120,8 пайызға жетті. Осы мерзімде 42,3 млн. тонна мұнай, 20,9 млрд. текше метр ілеспе мұнай газы өндiрілді. Өңдеу өнеркәсiбiнде өнеркәсiп өнiмiнiң көлемi 491,9 млрд. теңге, нақты көлем индексi – 102,8 пайыз  болды. Республиканың өнеркәсiбі өнiмiндегі өңірдің үлесі – 25,1 пайыз. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2 456,5 млрд. теңгеге жетіп, 2016 жылмен салыстырғанда 115,1 пайызға көтерілді.

Мемлекеттік бюджетке Ұлттық қормен бірге 2 192 млрд. теңге сомасында салықтар мен басқа да міндетті төлемдер жиналып, болжам 101,9%-ға орындалды.

                  Облыста индустриялық-инновациялық даму жедел жүруде. Индустрияландыру картасы шеңберінде 2015-2019 жылдар аралығында 3,1 трлн. теңгенің (3 528 жұмыс орнымен) 26 жобасы жүзеге асырылуда. Олардың қатарында: «Полимер продакшн» ЖШС полимерлік өнімдерінің өндірісі; «Жігермұнайсервис» ЖШС-нің роботтық дәнекерлеу әдісін қолдану арқылы металлқұрылымдар шығару өндірісі; «ТрансТехИнтернэшнл» ЖШС-нің «Дәулет нан» нан өнімдерінің зауыты. 2017 жылы кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде 344 жұмыс орнын қамтыған құны 5 млрд. теңгенің 5 жобасы жүзеге асты. 2018 жылы 254 жұмыс орнын ашатын, құны 19,5 млрд. теңгелік 4 жобаны іске қосу жоспарлануда. Олар: «MEKEN CHICKEN» ЖШС-нің ет бағытындағы құс фабрикасы; «Карат» ЖШС-нің диірмен құрылысы; «Атыраунефтемаш» ЖШС-нің ыстық мырыштау әдісімен коррозияға қарсы қорғағыш қаптамалармен қаптау өндірісін ұйымдастыру; «Lumpan Caspian Pharmaceuticals LLP» ЖШС-нің фармацевтикалық зауытының құрылысы.

Индустрияландыру картасы шеңберінде 2017-2022 жылдары
аралығында 3,1 трлн. теңгеге 2 057 жұмыс орнымен 3 жоба жүзеге асырылуда. Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту мен қайта құру; «KPI» ЖШС-нің газ-химиялық кешен құрылысы; «KLPE» ЖШС-нің газ-химиялық кешен құрылысы.  2018 жылдың 1 қаңтарына 42 897 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеуде.

Ауыл шаруашылығы бойынша өткен жылдың қорытындысында саланың жалпы өнім көлемі 62,7 млрд. теңге болды. 2017 жылы облыстағы 417 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жалпы 8,5 мың гектар жерге егін егіп, одан 133 мың тоннадан астам картоп, көкөніс, бақша өнімдерін алды. Тамшылатып суару технологиясымен өсірілетін егістік жерлердің көлемі
биыл 10%-ға ұлғаяды. Қазақстан Республикасының 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасына орай өткен жылы 8 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Облыста барлығы он төрт кооператив бар.

Облыста 2012-2014 жылдары ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу кезінде 100,5 мың гектар жер учаскесі игерілмей отырғандығы анықталды. Олардың 39,2 мың гектары, яғни отыз тоғыз пайызы мемлекетке қайтарылды. Баспана мәселесі бойынша  2017 жылы 624,1 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынып, пайдалануға берілді.

Облыста 2017 жылы мемлекет және демеушілер қаржысы есебінен
1 977 пәтерлік 36 көпқатарлы тұрғын үй құрылысы аяқталып, тапсырылды. 2017 жылы облыс көлемінде жалпы ұзындығы 371,6 шақырым автомобиль жолдары жөндеуден өткізілген.

Халықтың тұрмыс — тіршілігіне тікелей әсер ететін газбен қамту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Он үш шағын ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде.

Күні бүгінде облыс аумағындағы халықтың табиғи газбен қамтылу деңгейі  98,3 пайыз. Облыста Елбасы аса маңызды міндет қылып қойған халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де ойдағыдай шешіліп келеді. Қабылданған бағдарламалар аясында («Ауыз су», «Ақбұлақ») тұрғындарды орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 99 пайызға жетті. «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде 2011-2017 жылдары
105 сумен жабдықтау нысаны пайдалануға берілді. Биыл 17 шағын елді мекенге жобалау-сметалық құжаттамалар дайындалуда. Қызылқоға ауданының магистралдық желіге жақын орналасқан 4 шағын ауылын (Бүйрек, Айдын, Қосқұлақ, Кенбай) орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау үшін жобалау сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарға енді.

Экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін тағы бір сала – энергетика. Бұл сала бойынша облыста атқарылған жұмыстар айтарлықтай.

Өзекті мәселенің бірі болып келген Нұрсая, Самал мөлтек аудандары әлеуметтік нысандар мен өнеркәсіптік кәсіпорындар қауіпсіз режимге ауысып, тұрақты электр жүйесімен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, Махамбет ауданының Махамбет-2, Алмалы елді мекендерін электрлендіру жұмыстары аяқталып, тапсырылды.

Энергетика саласындағы тағы бір өзекті мәселенің бірі — бұл Азғыр елді мекендерінің электр энергиясы. Ресей Федерациясына тәуелді болмау мақсатында Ганюшкино елді мекенінен кернеуі 110 кВ ұзындығы 205 шақырым құрайтын «Ганюшкино-Асан» әуе желісін жүргізу үшін және  Махамбет, Исатай аудандарының ауылдарын электрмен жабдықтау үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Атырау облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында
2017 жылы 12,9 млрд. теңгеге 118 жоба жүзеге асты, оның ішінде
72 жоба жергілікті бюджет есебінен, 46 жоба демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылды.

«Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша Атырау облысы әкімдігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе көне Сарайшық қаласын сақтап қалу, зерттеу және өзен жағасын бекіту бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыруды бастады. Аталған жұмыстарға жергілікті бюджеттен 1,6 млрд. теңге бөлінді. Ағымдағы жылы жұмыс аяқталып, қалашық орнына этномәдени музей кешені салынып, ішкі және сыртқы туризмнің дамуына кең жол ашылмақ.

2017 жылы 8 балабақша, 8 мектептің құрылысы және 1 мектепке қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.

Денсаулық сақтау саласының мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстары қатаң бақылауға алынды. Бүгінгі таңда ана мен бала өлімін азайту; туберкулез ауруын төмендету; онкологиялық сырқаттанушылықты ерте анықтау мен 5 жылдық өмір сүруді ұзарту; халықтың өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру; тұрғындардың денсаулық индексін жоғарылату сияқты мәселелер шешіміне мамандар жұмыстануда.

Салауатты өмір салты бойынша 2017 жылы Атырау қаласының Ақжар, Қызылбалық, Жылыой ауданының Шоқпартоғай, Жаңа таң, Жаңа Қаратон, Құрманғазы ауданының Шортанбай, Байда ауылдарында денешынықтыру және спорт кешендері салынып, тапсырылды.

Жыл сайын мәдениет саласының материалдық-техникалық базасы жақсаруда. 2017 жылы Исатай ауданы Жанбай ауылы мен Атырау қаласы Жұмыскер ауылында әрқайсысы 200 орындық мәдениет үйлері пайдалануға берілді. Атырау қаласында мәдени және демалыс саябағы ашылды. Махамбет ауданында ақын Махамбет Өтемісұлына арналған ескерткіш тұрғызылды. Енді биыл облыста жаңадан 10 мәдениет үйі тұрғызылады. Ұлы Жібек жолындағы Сарайшық қалашығын Жайық өзенінің арнасының шайып кетуінен сақтап қалу мақсатында бекіту жұмыстары жүргізілуде. Қалашыққа археологиялық қазба жұмыстары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, орта ғасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығына қазба жұмыстары жүргізіліп, 20×20 метр көлеміндегі қабаты зерттелді.

Атырау облысындағы жастар саясатының іске асуы бір қарқынды, жастар арасындағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Облыста 2014 жылдан бастап жас отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамту мақсатында «Жас Отау» жобасы іске асуда. Бағдарлама  бойынша 2017 жылы 120 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Кезекті 100 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл құрылыс 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында тапсырылады. Жастар ұйымдары жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге белсенді қатысып отырады. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 200,7 млн. теңгеге 23 жоба ұйымдастырылды.

Атырау қаласында студенттердің қоғамдық көлікте жүруіне 50% жеңілдіктер жасалған. 2017 жылы жергілікті бюджеттен 313,6 млн. теңге бөлініп, 18 мыңнан астам студентке қоғамдық көліктерде жеңілдетілген жол ақымен жүруіне арналған әлеуметтік жәрдемақы төленуде.

Қазіргі қоғам өмірінде маңызды, сондай-ақ күрделі салалардың бірі – ол дін саласы. Осы мақсатта 2017 жылы облыста 15 ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс істеді. Өткен жылы ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің қатысуымен 155 мыңнан астам тұрғынды қамтыған 1 300-ге жуық іс-шара өткізілді.

Құқық саласы бойынша облыс орталығындағы бейнебақылау камераларының көмегімен 16 мың әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, 27 қылмыс ашылды.

Бейнебақылау жүйесін кеңейту мақсатында жұмыстар жалғастырылып, 2017 жылы облыстық бюджеттен 1,8 млрд. теңге қаражат бөлініп, істен шыққан бейнекамералардың нүктелеріне қондыру үшін 429 бейнебақылау жүйесі сатып алынды. Қазіргі уақытта камераларды қондыру жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімінің баяндамасын тыңдаған жиналған халық ашық микрофон арқылы көкейдегі сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.  Сұрақтардың дені баспана мәселесі, экология, өзен-суларды, табиғатты қорғау тақырыбы, мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы, жол, тағы басқа да өзекті мәселелер жайында болды.

                                                             Дайындаған Светлана Муньянова