«Аталар ерлігі – ұрпаққа аманат»

Бүгін Елордадағы зәулім мейрамханалардың бірінде Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған «Аталар ерлігі – ұрпаққа аманат» атты тарихи-тағылымдық кеші өтті. Аталған кешке соғыс ардагерлерімен бірге еңбек ерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты.

 71-жылдық-2Шара барысында Ұлы Отан соғысында толарсақтан қан кешіп қаза тапқан боздақтардың рухына Құран бағышталып, ерліктері еске алынды. Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған тағылымға толы кеште Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері аты әлемге мәшһүр болған батырлары Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдуллин, Рақымжан Қошқарбаев және шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүк бейнелерін сомдап, қаһарман қарияларды бір тебірентіп тастады. Тіпті, қалың оқтан 71-жылдық-3қорықпаған Б.Момышұлының қазақтың тіліне қатысты «қорқынышы» көзі тірі батырларымыздың да жүрегінен орын алған екен. Ұлы Отан соғысының ардагері Мінайдар Боранбаев Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған кеште тіл мәселесін сөз қылды. «Ащы да болса айтайын, билік басында отырғандардың басым көпшілігі ана тілінде сөйлемейді, жандарында аудармашылары жүреді» деп ашынған абыз қарт соғыс жайында тіс жармады. Сөз алған соғыс және еңбек ардагерлерінің баршасы «ел аман, жұрт тыныш болсын, бейбіт өміріміз ұзағынан болсын!» десті.

     Елімізде үш мыңнан асар-аспас соғыс көрген қарттар өмір сүруде десек, олардың тең жартысы қоғамнан оқшау, яғни, тек үйлерінде уақыт өткізуде. Ендеше, бейбіт өмір үшін күрескен оларға мемлекеттің де, барша қазақстандықтың да құрмет көрсетуі міндетті екенін естен шығармау керек.

«ЕлАна»