АТА-АНАНЫҢ ҰРПАҒЫ АЛДЫНДАҒЫ 20 ПАРЫЗЫ

Ата-ананың ұрпағы алдындағы қарыз-парыздары:
1. Өз ұрпағы алдында жан-тəні мен ар-абыройын таза сақтау, жаман қылық көрсетпеу.
2. Ана тілін толық үйрету. Ұрпақтарына ана тілін үйрете алмаған ата-ана ұрпағы алдындағы қарыз-парызын толық өтемеген мəңгілік қарыздар адамға айналады.
3. Баласының төрт мүшесін сау, ес-ақылын дұрыс етіп есейту (баланы жас кезінде күйдіріп, кем-кетік етіп алған ата-ана ұрпағына мəңгі қарыздар болып қалады).
4. Ұрпақтарына аналық ақ сүтін адал да пəк етіп беру. Бала емізер кезде басына жаулық-салы салып отыру, омырауын жуып, құрғақ,таза дəкемен сүртіп барып емізу. Балаға ауру-сырқау, дерт-дербез жұқтырудан аулақ болу.
5. Құқық-мүддесін қорғау. Өзгелердің қорлауына, зорлауына ұшыратпау. Қам-қайғысыз өмір сүруіне мүмкіндік жаратып беру.
6. Ұрпақтарының жүрегіне адам баласының теңдігі мен береке-бірлігін, достығын ұялату. Ізгі ниетті, адал, арлы азамат етіп жетілдіру.
7. Отбасына адал, əділ болу, уəде-серттен таймау.
8. Отанын қорғау, отбасы мен ел тыныштығын сақтау. Ұрпақтарын аздырып-тоздырмау. Отанға, халыққа адал қызмет ету.
9. Өнер-білім, үлгі-тағылым үйрету.
10. Уағымен тамақтандырып, киіндіріп, жуындырып, киімі жыртылса жамап, өз құрбыларынан кем қылмау.
11. Қажырлы, қарапайым болуға, еңбек сүйгіштікке тəрбиелеу. Адал, арлы, əдеп-ибалы болуға баулу.
12. Адамдармен қалай қарым-қатынас жасау, қалай сыйласу, қалай аман-сəлем жасау, қалай сəлем беруді үйрету.
13. Туыс-туған, дос-жарандар ара алыс-беріс, барыс-келісті ұғындыру.
14. Ер-əйел, үлкен-кіші, бала-шаға арасындағы жол-жосын, əдеп-иба салтын үйрету.
15. Үлкен жиын-той, қаралы салттар мен ас-нəзірге қалай бару жол-жосығын ұғындыру.
16. От жағу, тамақ пісіру, шай құю, төсек салу, үй жинау, қолға су құю, мал қайыру, ат байлау, қонақ күту дағдысын үйрету.
17. Кісілік, кішілік дағдысын ұғындырып, ар-абыройын таза сақтау, əдепті, ибалы болу жолдарын үйрету.
18. Оқытып, жақсы тəрбие беріп, есейгенде өз сүйгендерімен үйлендіру.
19. Ата-ананы құрметтеуді, үлкендерді сыйлап, кішіні аялауды үйрету.
20. Аналар мен қыз балаларды, ақсақалдар мен өнер-білімді кісілерді қадірлеуді ұғындыру.
Баланы бағып-қағып, оқытып өнер-білім игертіп, есейгенде, өздері қалаған адамымен үйлендірген соң, ата-аналар ата-аналық қарыз- парыздарынан арылады да, одан кейінгі жерде ата-ананы бағып-қағу парызы балалардың мойнына түседі.
Бұл дəстүрдің тəрбиелік мəні мен ғылыми мəні өте жоғары. Ол ата-аналардың ұрпақтары алдындағы жауапкерлік сезімі мен борыштылық сезімдерін арттырып, ұрпақтары дүниеге келгеннен азамат болып үйленгенге дейінгі аралықта ақ сүт, адал еңбектерімен бағып-қағып, оқытып, өнер-білім, үлгі-тағылым үйретіп, жақсы азамат етіп жетілдіруден бас тартуға болмайтын ұлы борыштары бар екенін шынайы ұғындырып, ата мен ананың ұрпақтарын қай мезгілге дейін бағып-қағу жауапкерлігін көлемі жақтан айқындап, ұрпақтарға алғашқы адымда ата-ананы қартайғанда бағып-қағу жауапкерлік сезімін тудырады.

Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ