АТА-АНАЛАР ҚАУЫМЫ ЖАС ҰРПАҚТЫ ТӘРБИЕЛЕУ МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША КҮШ БІРІКТІРУГЕ ШАҚЫРАДЫ

Кеше Астанада «Ұрпақтар сабақтастығы» атты республикалық ата-аналар форумы өтті. Шараға ата-аналар комитеттері мен қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері мен еліміздің сарапшылар қауымының өкілдері қатысты.
 
Форумның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту және рухани-адамгершілік отбасылық құндылықтарды дамыту мен насихаттауда ата-аналар қауымының белсенді рөлін арттыру.
Форумда сөз сөйлеген Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева қазіргі таңда өскелең ұрпақ арасындағы түйткілді мәселелердің өзектілігі күн санап артып келе жатқанына тоқталды:
«Мына жағымсыз статистикаға назар аударыңызшы: 2022 жылы елімізде кәмелетке толмағандар арасында суицидтің 155 және өз-өзіне қол жұмсаудың 309 фактісі тіркелді! 2023 жылдың 4 айында – кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың 47 фактісі және өзіне қол жұмсауға оқталудың 137 фактісі болған. Ата-аналар балаларын дәстүрлі емес діни секталар мен топтарға тарту фактілері де жиілеп барады. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда елімізде ата-анасы деструктивті діни көзқарасты ұстанатын 2383 бала тұрады».
А. Балаева мектеп оқушыларының агрессивті мінез-құлқы мен әлеуметтік желілерде және шынайы өмірде белең алып жатқан буллингке ерекше назар аударды. «Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде ұрып-соғу, жаппай төбелес, жоғары сынып оқушылары мен жастар арасындағы жанжалдар бар бейне роликтер қаптап кетті. Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде оқушы қызды ұрып-соққан атышулы оқиға болды. Семей қаласының елді мекендерінде де оқушы қыздарға қатысты осындай оқиғалар тіркелді. Жалпы, жастар арасында ерекше қатыгездікке бой алдырған оқиғаларының көбеюін атап өткен жөн. Соның нәтижесінде бүгінгі күнгі мәлімет бойынша ІІБ есепте 3 924 бала тұрса, 6 278 бала мектеп есебінде тұр», — деді ол.
А.Балаеваның айтуынша, жастардың құмар ойындарға деген әуестіктерінің артып келе жатқаны да өткір тұр. «Кейбір мәліметтерге сәйкес, 2022 жылға қарай құмар ойынына тәуелділіктен зардап шегетін қазақстандықтардың саны 350 мыңға жеткен. Сонымен қатар, 15 пен 18 жас аралығындағы құмар ойындарға тәуелділіктен зардап шегетін жастар санының өсу тенденциясы байқалады» — деді Ұлттық комиссия төрағасы.
А.Балаева интернеттен төнетін қауіптерге де ерекше назар аударды: «ІІМ биыл жыл басынан бері ғана 5 мыңнан астам шетелдік заңсыз интернет-ресурстарды, оның ішінде порнографиялық материалдарды таратып келген 500-ден көп ресурсты анықтады. 2022 жылы уәкілетті органның заңнаманы бұзған жайттарды жою туралы ұсыныстары бойынша интернет-ресурстардың меншік иелері мен әкімшіліктері 65 мыңға жуық құқыққа қарсы материалдарды жою жөнінде шаралар қабылдады. Оның 53 мыңнан астамы – терроризм, діни және этникалық экстремизм идеологиясын таратқаны үшін, екі мыңға жуығы – есірткі және психотроптық заттарды насихаттағаны үшін, 4 мыңнан астамы – порнография, қатыгездік пен суицидке итермелеу фактісі үшін, жеті жүзден астамы – «ойын бизнесі туралы» Заңды бұзғаны үшін, мыңға жуығы – қаржы пирамидалары бойынша. Бұдан басқа, 2022 жылдың басынан бастап уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағындағы пайдаланушылар үшін осындай құқық бұзушылықтар анықталған 14 мың материал бұғатталды. Сондықтан интернет-кеңістікті заңнамалық деңгейде реттеудің нақты тетіктерін әзірлеу қажет».
«Осылайша, өз елінің лайықты азаматын тәрбиелеуде ата-ана басты рөл атқарады. «Баламды не алаңдатады?», «Мен оны білемін бе?», «Ол маған сене ме?». Көптеген ата-аналар осы және басқа да жүздеген қарапайым сұрақтарға жауап бере алмайды. Әйтпесе, балалар мен жастардың тағдыры осыншама талқан болар ма еді?», — деп сауал тастады А. Балаева.
Мемлекеттік органдардың рөлі мен олардың жастармен жұмысының сапасына қатысты: «Әрине, жоғарыда аталған мәселелер мемлекеттік органдардың жастар арасында идеологиялық жұмыстың жоқтығын немесе нашарлығын да көрсетеді.
Шагангул Жанаева ФБ парақшасынан