Ата-ана мен ұрпақ парызы

Адам баласының ғұмыры, қамшының сабындай-ақ қысқа екендігін баршамыз жақсы білеміз. Бірақ, мәселе сол ғұмырымыздың қысқалығында емес, әуелгі осы дүниеге адам болып келетіндігімізде. Біз анамыздың құрсағында адам болып жаратылған сәттен бастап, олардың қуаныштары қойнына сыймай, мынау жарық дүниеге іңгәлап келетін шараналарының түрін көріп, дауысын естігенше қаншалықты тағаттана күтетіндігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ошағының отын өшірмей, әулетінің тұқымын жалғайтын бір ұлды, немесе ата-анасының көзайымы болатын бір қызды болу әрбір ата-аналардың арман тілектері емес пе?! Адамзаттың қолынан бәрі де келеді десек те, өз қолымызбен жасай алмайтын, бірден-бір дүниеміз де осы ұрпақ. Бір сәбиді дүниеге әкелу, оны бағып-қағу, сәлиқалы ұл-қыз етіп тәрбиелеп өсіру, бір отбасының баға жетпес байлығы болмақ. Біздің ұрпақтарымыздың тәрбие бастауының қайнар көзі, «Отбасы» екендігі белгілі. Себебі, отбасы дегеніміз, адамның өз бақытын табатын ортасы, ұрпақ жалғасының себепкері, әрі қоғамның бастауы. Шаңырағымыздың беріктігі, біздің қоғамымыздың қуаттылығының белгісі. Ал біздің отбасыларымыздың құндылықтарының құнсыздануы, қоғамымыздың құлдырауының алғышарты болмақ. Жанұялардың бірлесуінен ұлт пайда болмақ, әрі ұлт үшін отбасының маңызы өте зор. Өйткені, ұлттың кемелденуі-жанұядан. Жанұялар бақытқа және шаттыққа толы болса, онда ұлтта күшті және қуатты болмақ. Жанұяны, ұлтты ұлт ететін, ұлттық және рухани дәстүрлерді үйретіп қалыптастыратын, тәрбиелік маңызы зор мектеп деуге болады. Біздің ұрпақтарымызға отаны және ұлты алдындағы борыштары алдымен осы жерден үйретілмек. Әрі, отбасылық тәлім-тәрбиелері де осы жерден басталмақ. Балалар тіпті кішкентайынан-ақ жанұядағы үлкендердің іс-әрекеттерін қайталайды. Олардың күнделікті көріп жүрген әрекеттері, олардың рухында жақсылап орнығады да әдетке айналады. Осылайша, баланың адамгершілік табиғаты мен тұлғасы қалыптаспақ. Жанұяның көркі мен бақыты, әрі шаттығының көзі болып табылатын бала, әуелгі Аллаһ тағаланың ата-анаға берген аманаты. Ата-аналар балаларының тәрбиесіне Аллаһ тағаланың алдында және елінің, халқының алдында жауапты болмақ. Отбасының келбетін Қарауыл Қанай шешеннің былайша бейнелегені бар. «Ер басында бақыт бесеу. Астыңдағы атың жүрдек болса-жалғанның пырағы, Алғаның жақсы болса-үйің мен қонағыңның тұрағы, Балаң жақсы болса-екі көздің шам-шырағы. Ал әкең асқар тау болса, шешең аққан бұлақ. Міне, бес бақыт осы»-деген екен. Ал шаңырақтың негізі ата-ана. Әуелгі ұлы жаратушы осы екі қастерлі жанды, ұрпақ жалғастығының басты себепкері етіп жаратқан. Ерлі-зайыптылар шаңырақ құрып, балалы-шағалы болып, отбасының өрісін кеңейтеді. Ата-ана қолынан келгенінше перзенттерін тәрбиелеп бағып-қағып өсіреді. Олар осы жолда «шыбын жаным пида»,-деп, барын жұмсайды.Атам қазақ, Аллаһ тағаланы «Жаратушы ием»,-деп мойындап, мұсылмандық дүние танымын тұрмыс-тіршілігіне арқау еткендіктен, отбасы ұғымының қадір-қасиетіне ерекше мән берген. Сондықтан да қазақтың қара шаңырағында балаға мейірім, атаға қамқорлық, ағаға ізет, ініге ілтипаттың орыны бөлек болған. Қазақ баласы үлкенге құрметті әркез «парыз» санап, ата-анасы түгілі бүкіл жасы үлкен буынның алдынан, кесе-көлденең өтпеуді кісіліктің, адамгершіліктің келбеті деп қараған. Ал ата-ана мен бала арасындағы сыйластық, аса құнды заңдылықтарға бағынатындықтан, олардың ой талғамы мен іс-әрекеттері өзара үндесіп жатады. Ата мен бала өз міндеттерін дұрыс атқаруынан, екі жағы да ләззаты мол имандылығы терең тіршілігінің рахатын көруге тиісті. Ата-аналар мен балалар бір-бірлерінің қамын ойлап, көңілін тауып, бір-бірлеріне ризашылықтарын білдіріп, әр кез амандық саулықтарына тілеулес болып келген. Халқымыз қашанда әкені-шаңырақтың иесі, қамқоры, қорғаны, әрі отбасының асыраушысы,-деп мойындаған. Әрі әкенің отбасындағы басшылық ролін әркез жоғары бағалап, «Еркек бас-әйел мойын»,-деп тұжырымдаған. Сондықтан да, әкеге шаңырақтың төрінен орын беріп, «Отағасы», -деп сыйлап, әке үкімін «Айтылған сөз-атылған оқ»,-пен тең көріп қарсы шықпаған. Ақ жаулықты аналар да, отағасының мәртебесін үнемі асқақтата көтеріп отырған. Ал аналар болса шаңырақтың алтын босағасы, киелі тұтқасы. Халқымыз аналарды да аса құрметпен қастерлеген. Ардақты аналарымыздың жүгі қай кезде де жеңіл болмағаны баршамызға аян. Олар өздерінің жаратылысындағы адалдығы, еңбекқорлығы, шыдымдылығы, төзімділігі, сезімталдығы, қанағатшылдығы, мейірімділігі, инабаттылығы арқылы қандай қиындықты болса да, қайсарлықпен жеңе отырып, ұл қызын тәрбиелеп, жарқын болашаққа жол аша білген. Қазақ баласы аналардың осындай қасиеттерін үлгі өнеге етіп, асыл мұралары арқылы дәріптеп, ұрпақтан ұрпаққа қалдырып отырған. Талай батырлар мен марқасқалар аналардың алдында тізе бүгіп, аналардың елі, жері мен ұрпағы үшін көрсеткен жанкештіліктеріне әр замандарда тәнті болған мысалдар да көптеп саналады. Мысалы, осы қасиеттері арқылы, қазақтың сөз өнері мұрасының алтын қорынан іргелі орын алған, Құртқа, Қарлыға, Баян, Ақжүніс, Қарашаш, Еңілік, Жібек, Домалақ ана, Айша Бибі, Бопай ханым, Айғаным, Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды көптеген дана әрі дара тұлғалы аналарымызды, халқымыз құрметтеп жырға қосып, олардың істерін өнеге етіп көрсетіп, бүгінгі ұрпаққа жеткізгенін баршамыз білеміз. Халқымыз, ананы әр кез отбасының тынысына, елдің ырысына балаған. Ананы құрметтегені сондай, оның көңіліне кірбің түсіріп, тіпті дауыс көтеріп сөйлеудің өзін күнә деп санаған. «Ана сүтін ақтамағанды ешкім де мақтамайды», -деп бекерге айтпаған. Отбасындағы ата-ана әр шаңырақтың шам-шырағы. Олардың әрқайсысы шоқтығы биік тұлғалар ретінде, отбасының ұйтқысы бола білген. Олардың орынын ешкім, ешқашан да баса алмайды. Яғни, ешкім де өз ата-анаңдай бола алмайды деген сөз. «Алты аға бірігіп Әке болмас, Жеті жеңге бірігіп Ана болмас», -деп бекер айтпаған. Алайда, бойымыздағы осындай асыл қасиеттердің бүгінде жігі сөгіліп, қайыры кетіп әлсіреп бара жатқандығы өкінішті-ақ. Бүгінде (көп болмаса да) үйленгісі келетін жастардың, немесе ата-аналары мен балаларының арасын, тек дүниелік (байлық) мақсаттар байланыстырып, бойға берер жылуы жоқ қатал қоғамның тәрбиесімен өскен балалардың, адамгершілік мейірімі бәсеңдеп, әке-шешелеріне дауыс көтеріп, сөз қайтарудан қымсынбайтын, тіпті кейбірі қол жұмсаудан да тайынбайтын дәрежеге жеткендігі, ашщы да болса шындық. «Өзіңнен туған ұл мен қыз сыйламаса, сол қайғы»,-деп Төле би бабамыз айтқандай, қара шаңырағымыз бұрынғы мұсылмандық қасиетінен арылып барады. Үлкенді сыйлап ізет көрсету, бүгінде тек сөз жүзінде ғана қалғандай болды. Осылайша мұсылманшылықтан алшақтаған қоғамның қажеттілігіне орай, бүгінде «қаттар үйі» дегенді ашып, оның ішін жәутеңдеген қауқарсыз қарттармен толтыра бастадық. «Ата-анаң жынды болса , байлап бақ»,-деп үйреткен халқымыздың тарихында, әке-шешесін бүгінгідей қаттар үйіне тапсыру деген, бұрын соңды болмаған оғаш әдет еді. Енді міне, біртіндеп оған да көз үйрете бастадық. Сондай-ақ, еліміздегі жетім балалар үйіндегі қаншама жетімдеріміздің тағдыры, жезөкшелікті кәсіп етіп жынойнақтарды тұрғылықты тұрағы етіп алған қаншама қаракөздеріміздің тағдыры, ата-аналары бола тұра, олардың еш қарауынсыз қалып, «қаңғыбастар» атанып тентіреп жүрген мыңдаған балалардың тағдыры, ішімдік пен нашаға бой алдырып қыршын жас өмірлерін қор етіп жүрген қаншама жастарымыздың тағдыры, көзі қарақты кімді де болсын толғандырмай қоймасы анық. Түптеп келгенде мұның барлығының түп тамыры, біздің ұрпақтарымызға берген тәлім-тәрбиемізге тікелей байланысты екендігі айтпаса да белгілі. Әрі бұл біздің рухани тұрғыдан құлдырауымыздың белгісі десек артық айтқандық болмас еді. Болашақ ұрпағының қадірін білмеген қоғам, ұрпағынан сый күтпеуі қажет. «Елдіктің бастауы бесік», «Ел болам десең бесігіңді түзе»,-деп бекер айтылмаған. Біз болашағына күдіксіз нық сеніммен қарай алатындай ел боламыз десек, ең әуелгі осы болашақ ұрпақтарымыздың тәрбиесіне аса мән берулеріміз қажет. Жауапсыз әкелер мен мейірімсіз аналардың кесірінен, жоғарыда атап өткеніміздей сан мыңдаған ұрпақтарымыздың тағдыры қор болып жатқанын ой елегінен өткізіп, жіберіп алған қателіктерімізді болмағанда қайталамауға тырысайық ағайын. Ал ұрпақтарымыз да, өздерінің отаны мен ұлтының алдындағы, әрі ата-аналарының алдындағы міндеті мен борыштарын сезініп, оны ақтауға тырысулары керек.Ұрпағымызды бесіктен белі шықпай жатып, тәрбиесіз болмасын десек, ата-аналар балаларына қамқорлықпен, ілтипатты мейіріммен қарап, оның тәрбиесіне ерекше мән беру, әрбір ата-ананың міндеті әрі ұрпақ алдындағы парызы екендігін ұмытпауымыз қажет!. Сондай-ақ ерлі-зайыптылар ұрпақ алдындағы өз міндеттерін жіті білу қаншалықты маңызды болса, ата-аналарының өздері үшін қаншалықты міндеттер атқарып, тер төгетіндігін ұрпақтарымыз да сезіне біліп, соны ақтауға тырысып бағулары керек. Осыған байланысты айта кетер болсақ, негізінен баланы мейірім шуағына бөлеу, әкелерден гөрі аналарға тән қасиет. Ана болу дегеніміздің өзі ұлы сезім. Оны тілмен айтып жеткізу мүмкін де емес. Осындай қасиетке ие болған аналар, ата-аналық мәртебеде әкелерден бір саты жоғары тұрмақ. Әйел заты мұндай дәрежеге, әйел болғандығы үшін емес, ана болғандығы үшін қол жеткізеді. Осы ана деген құрметтілікті, әйелзаты жан қиярлық еңбегі арқылы табады. Ол, перзенті үшін тар құрсағын кеңейтіп, жүгі ауыр жүктілікті басынан өткізеді. Құрсағындағы сол сәбиін тоғыз ай көтеріп, толғатып дүниеге әкеледі. Әкеліп қана қоймай түн ұйқысын төрт бөліп, оны көзінің қарашығындай қорғап мәпелеп, аялап өсіреді. Баласы талпынып есейген сайын, оған деген мейірім махаббаты онан әрмен артып, өзі жемегенді оған жегізіп, өзі кимегенді оған кигізіп жүріп аяғынан тік тұрғызады. Яғни, есейтіп ержеткізеді. Баласы қиналса ана жүрегі сыздап бірге қиналады. Міне, осылайша бізді құшағына басып еркелетіп сүйген, қайғы мұңымызды бөліскен, өзі жемегенді бізге жегізген, өзі кимегенді бізге кигізген, біздің әр қуанышымыз бен бақытымыз үшін, шыбын жанын шүберекке түйіп, қиын-қыстау күндерде мойымаған тұла бойымыздың сымбатты, ерік жігеріміздің қайратты, ақылымыздың ұшқыр, ой өреміздің терең болуы үшін, бар қажыр қайратын жұмсаған, әрі осылардың барлығын атқару барысында, бізден еш қандай да ақы күтпеген бір ғана адам бар. Ол, Ана,-деген құдіретті қасиетке лайық, баршаларымыздың аналарымыз. Сол үшін де баршамыз аналарға аса құрметпен қарап, оларды қадір тұтып сыйлай білулеріміз керек. Бұл тек ұрпақтың ғана емес баршамыздың парызымыз болмақ.  

Бағдал Ақынұлы

ҚР Журналистер одағының мүшесі