Асыраушы салада айтарлықтай жетістік бар

Ағымдағы жылдың он айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі – 52473,6 миллион теңгені құрады. Оның 34649,4 миллион теңгесі егін, 17816,7 миллион теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Өндірілген өнімнің нақты көлем индексі 114,6 пайызды құрап, облыс аудандары арасында ең жоғарғы көрсеткішке жетіп отыр.

Аудандағы жалпы егістік көлемі 136661 гектар алқапты құрайды. Биылдың өнімі үшін өткен күзде 55200 гектар алқапқа бидай себілген болатын. Бұдан бөлек, жаздық бидай – 1950, арпа – 53073, дәндік жүгері – 320 гектарға себіліп, күздік бидаймен бірге жинап алынды. Ораққа түскен 108547 гектар масақты дәнді дақылдан 198641 тонна астық жиналып, әрбір гектарынан орташа өнімділік 18,3 центнерді құрады. Егін орағына 207 комбайн қатысты.

Шаруа қожалықтардың ішінде жоғары өнімге қол жеткізгендері де аз емес. Мәселен, масақты дақылдың әрбір гектарынан 30 центнерден «Бай Алғабас» шаруа қожалығы өнім алса, «Ақтоған», «Қайқы», «Мақпал», «Ернар», «Ернұр», «Алтын тау», «Нартай», «Шалхар», «Нұрдәулет» шаруа қожалықтарының өнімі гектарына 27-28 центнерден айналған.

Ал майлы дақылдар – 16164, көкөніс – 726, картоп – 572,6, бақша – 225,7, қант қызылшасы – 380 гектар алқапқа орналастырылған. Сондай-ақ 10096 гектар алқапқа орналастырылған жоңышқа, 28 гектар алқапта таңқурай мен құлпынай бар. 13698 гектар сүрге көтерілген. Майлы дақылдардың әрбір гектарынан 7,8 центнерден өнім жиналған. Ауданда механикаландырылған 34 ток және 21 астық қырманы, 54 жүк таразысы егін науқанында жұмыс атқарды. Ауданда жыл санап қант қызылшасы алқаптарының көлемі артып келеді. Бүгінгі таңда балтамыр алқаптарының әрбір гектарынан орта есеппен 550-600 центнерден өнім жиналған.

Тұқым шаруашылығымен «Луговой жылқы зауыты» мен «ҚайнарАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Шалқар» шаруа қожалығы айналысуда. Олар күздік бидай, арпа мен мақсары тұқымдарын дайындап, себілетін алқаптарға жоғары сұрыптағы дәнді пайдалануда. Алдағы жылдың өнімі үшін бүгінгі таңда 61765,5 гектар алқапқа күздік осы тұқым шаруашылықтарынан алынып, себілген.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімі мен сапасын арттыруды мақсат еткен Ақбұлақ ауылдық округіндегі «ҚайнарАгро» ЖШС заманауи технологиялармен жабдықталған, материалдық-техникалық базасы жетілген тұқым шаруашылығын құрды. Зауыт өткен жылдың қараша айында іске қосылып, 6 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. Жобаның қуаттылығы сағатына 10 тонна, жылына 3000 тонна тұқым дайындау. Ол жобаның құны 220 миллион теңге. Тұқым жақсармай, өнім де мол болмайтыны белгілі. 2023 жылдың өнімі үшін 57100 гектар алқапқа күздік жоспарланса, аудан оны 61765,5 гектар алқапқа жеткізген.

Сондай-ақ күзгі дала жұмыстарына қажетті кепілдендірілген бағамен берілетін дизель отынын таратушы оператор болып бекітілген «Wedo Energy» ЖШС-ның ұсынылған калькуляциясына сәйкес, дизель отынының бір литрі 209 теңгеден босатылды.

Алдағы жылы мақсарыны 15400, жоңышқаны 3500, қант қызылшасын 550 гектар алқапқа орналастыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы техникаларынсыз егістік жерлерге агротехнологиялық жұмыстардың сапалы атқарылуы мүмкін емес. Осыны жете түсінген ауданның шаруашылық құрылымдары ағымдағы жылдың он айында 1,4 миллиард теңгені құрайтын 114 ауыл шаруашылығы техникасын алды. Оның 8-і комбайн. Шаруа қожалықтар бойынша айтар болсақ, «Шәушен» шаруа қожалығы үш трактор, бес комбайн алған. Сол сияқты техникаларды жаңалауда «ЛКЗ» ЖШС, «Шалқар», «Ақтоған», «Қайқы», «Көкрек», «Құлбарақ», «Мақсат», «Мақпал» шаруа қожалықтары өз техника парктерін едәуір жаңартқан. Бүгінгі таңда аудандағы машина-тракторлар паркі 11 пайызға жаңартылып отыр.

Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші 27 шағын кәсіпорын орналасқан. Оның 11-і диірмен, 10-ы наубайхана, екеуі шұжық өндіру, біреуі май шығару, біреуі сүт өңдеу цехтары болса, біреуі қымыз өндіру зауыты. «Ақтоған» шаруа қожалығында 20 түрлі макарон өнімі шығарылып, облыс бойынша таратылады. «Ұлы Сұлтан» шаруа қожалығының шұжық цехтары өнімнің 10-нан астам түрін шығарып, өңір нарығына өткеруде. «Шәушен» шаруа қожалығының қымыз өндіру зауытында жылына 100 тоннадан аса қымыз өндіріліп, аудан, облыс және Алматы мен Астана қалаларының тұрғындарына жеткізілуде. Аталған шаруашылықтар Астана, Алматы, Тараз қалаларында және аудан көлемінде ұйымдастырылып жүрген ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне үзбей қатысып келеді.

Мал басы да жыл санап артуда. Атап айтсақ, мүйізді ірі қара 37122 басқа, қой-ешкі 608168 басқа, жылқы 2358 басқа, шошқа 134 басқа көбейген. Түйе 107 басты, ал құстар 124773 басты құраған. Жыл басынан бері 11479,1 тонна ет, 25745,7 тонна сүт, 3515,6 мың дана жұмыртқа өндірілген.

Ауданда 2650 бас мүйізді ірі қараға арналған 12, ал 780 бас жылқыға арналған 5 және 3600 бас қойға арналған 4 мал бордақылау алаңы жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, 30 мың бас шошқаға арналған бір бордақылау алаңы бар.

«Шалхар» шаруа қожалығы 1500 бас мүйізді ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын қайта жарақтаудан өткізіп, өткен жылы іске қосты. Жоба бойынша айына 50 бас бұқа, 150 бас қой, 25 бас жылқы сойылып, тоңазыту арқылы сауда орталықтарына өткерілуде. Сонымен қатар 200 басқа арналған сүт тауарлы фермасын салып, 60 бас сауын сиыр алған.

Құмарық ауылында «Жастар болашағы» шаруа қожалығы 100 бас мүйізді ірі қара бордақылау мен 100 басқа арналған сауын сиыр фермасын іске қосты. Ал «Даулетбай» шаруа қожалығы өткен жылы 1000 басқа арналған қой мен мүйізді ірі қараны бордақылау кешенін және тері-жүн өңдеу цехын ашып, жұмыс істеуде. Аудан тұрғындары бордақыларын осы кешеннің мал сою пунктінде сойғызуда.

Абай ауылдық округіне қарасты «Керең» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы аясында Германиядан

136 бас сүтті бағыттағы «Семментал» тұқымды мүйізді ірі қара сатып алып келді. Сөйтіп 200 басқа арналған сауын сиыр фермасының толық құрылысын жүргізді. Оған тартылған инвестиция көлемі 263 миллион теңгені құрайды. Жоба бойынша сүт тауарлы фермасында жылына 720 тонна сүт өндіру, 10 адамға тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген болатын. Сауын сиыр фермасы толық іске қосылды.

Бүгінгі таңда ауданда мүйізді ірі қарамен – 5, ұсақ малмен – 4, жылқымен – 1, сол сияқты шошқамен – 1 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді. Мал бордақылау алаңдарының артуы аясында ет экспорты да жоғарылап келеді. Бүгінгі таңда 178 тоннаға қой және қозы еті өндіріліп, ол 104 пайызға орындалған. Жыл соңына дейін жоспардағы 200 тонна ет 100,9 пайызға орындалады деп күтілуде.

Мал азығын дайындау жұмыстары барлық талапқа сай жүргізілді. Мал азығы 28416 гектар шабындық алқаптан дайындалды. Оның 8803 гектарын жоңышқа құрайды. Бұдан бөлек, мал азығы құнарлығын арттыру мақсатында ауданда алғаш рет 1800 гектар алқапқа «сорго» мал азықтық дақылы орналастырылды. «Сорго» дақылы негізінде сортаң жерлердің тұзын кетіруге, жерді тыңайтуға пайдалы екен. Оны «Жасмин» СПК 200, «Шалқар» шаруа қожалығы 1600 гектар алқапқа орналастырып, жинап алды. Биыл мал қыстату науқанына түсетін төрт түлік басына қарай 239550 тонна шөп, 67500 тонна тайланған сабан, 80 мың тонна құнарлы жем дайындалды.

Сонымен қатар былтырдан қалған 37 мың тонна шөп бар. Мал азығын дайындауға 28 шөп ору бригадасы араласты. Оларда 17 шөп оратын «герман», 26 «косилка», 31 шөп тайлағыш, 38 трактор, 34 шөп тіркегіштер және дәнекерлеу агрегаттары қызмет көрсеткен.

Аудан облыс аумағындағы ағын сумен аз қамтылған аймақ. Ауданда суармалы егістік көлемі 6728 гектар алқапты құрағанымен, нақты су жеткізілгені 2380 гектар. Оның көлемін арттыру мақсатында жерасты суын пайдалану үшін аудандағы 192 ұңғымаға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Ол ұңғымалардың 104-і егістік басында орналасқан. Іске жарап тұрған 26 құдық бар. Оның 54-інде су бар, тек көзін ашу керек болса, 24-інің көзі жабылып қалған. Қазір бұл ұңғымаларды қалпына келтіру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Биыл жерасты суын тиімді пайдалануды Тереңөзек ауылдық округіндегі «Жамбыл БТТ» шаруа қожалығы ең алғашқылардың бірі болып қолға алды. Ол өз иелігіндегі 9 ұңғыманың 7-еуін 58,2 миллион теңгеге тазартқан. Бүгінгі таңда 3,5 шақырымды құрайтын электр желісін тартып, үш трансформатор орнатып, 23 гектар алқапқа орналасқан жоңышқа мен 120 гектардағы пияз алқабын ылғалдандыруда. Сондай-ақ «Береке», «Жасұлан», «Құлмахан», және «Руслан и К» шаруа қожалықтары екі жүзге тарта алқабын осы ұңғымалардың күшімен тамшылатып суарды.

Сонымен қатар Өрнек пен Қарақыстақ ауылдық округтерінде «Ернар» мен «Ақ жол» шаруа қожалықтары да жеке қаржылары есебінен ұңғыма қаздырып, электр желісін тартып, тамшылатып суару қондырғыларын орнатуды қолға алған. Ұңғыма қазу бойынша өтінімдер шаруашылықтардан жинақталып, жаңадан 71 ұңғыма қазу жоспарланып отыр.

Су үнемдеу технологиясы арқылы «ArnoAgro» ЖШС 250 гектар алқапқа орналастырылған шие және жеміс ағаштарын ылғалдандырып отыр. Сондай-ақ осы тәсілмен Тереңөзек ауылында «KazAlma» ЖШС 50 гектар алқапқа отырғызылған жидек ағаштарын суаруда.

Бұл ретте әрбір істе Президенттің Жолдауын басшылыққа алып, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың тындырымды жүзеге асырылуына барынша көңіл бөлінуде.

Темірғали БИҒАЗИЕВ, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы. Т.Рысқұлов ауданы.