Ардагерді құттықтады

Өмірдің ыстық-суығына төзіп, талай сыннан сүрінбей өткен ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне деген құрмет ешуақытта толастамайды.
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов Ұлы Отан соғысының ардагері Рахымжан Мамыралиевтің отбасына арнайы барып, құттықтап қайтты.
Жетібай ауылының тұрғыны, 98 жастағы Рахымжан ата аудан басшылығын есік алдында қарсы алды. Көзінің жақсы көрмейтіндігін, құлағы да ауырлай түскендігін айта келе, жауынгерлік жолдарынан сыр шертті. Аудан басшысының өзін арнайы құттықтап келгеніне риза болып, алғысын айтып, “Еліміз аман, жастарымыз бақытты өмір кешсін. Бейбіт заман болсын” деп батасын берді.
Аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы Отан үшін кеудесін оққа тосып, бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерге алғысын білдіріп, сый-сияпатын табыстады.
Рахымжан Мамыралиев 1925 жылы 25 қаңтарда Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1943 жылы қаңтар айында Жамбыл аудандық комиссариатынан соғысқа аттанған. Приморск өлкесін, Ворошилов қаласын азат етуге қатысқан. Жапон соғысына қатысып, Манчжурияда, Корея Республикасының Сеул қаласында, соғыс біткен кезде сол елде болған. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі “Отан соғысы” ордені, “ Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40,50,60 жылдығы”, “Қарулы Күштеріне 70 жыл”, “Еңбек ардагері” медальдарымен, “Соғыс ардагері” белгісімен марапатталған.
1951 жылы елге оралып, “Ақкөл”, “Бірлесу-Еңбек” колхоздарында есепші, ауданымызға қарасты Фрунзе колхозында сүт комбинатында жұмыс жасап, 1985 жылы зейнетке шыққан Рахымжан атамыз 7 ұл, 2 қызынан бірнеше немере, шөбере сүйіп отыр.
Бүгінгі таңда ұлы Сапар мен келіні Нұризаттың қолында алаңсыз өмір сүріп жатқан атамыздың ойы — сергек, санасы — тың. Ұрпағы мен елінің тыныштығын тілеп отырған жайы бар. Ақ тілегін аямаған қазыналы қарияның көрер қызығы таусылмасын демекпіз.

«Ауыл жаңалығы» — ақпарат.