Ардагер азаматқа тағзым

Ойық ауылдық округіне қарасты Сейілбек ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, ҚР Ауыл шаруашылығы және білім саласына еңбегі сіңген үздік қызметкер Сейілбек Әбдиевтің 100 жылдығына орай кіші футбол алаңшасы ашылып, кіші футболдан аудандық турнир өтті. Алаңшаның ашылу рәсімінде алғаш сөз алған Талас ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Асхат Нұрболұлы соңғы жылдары ауылдарда спорттық кешендердің көптеп ашылып, ауыл тұрғындарының саламатты өмір салтын берік ұстанып отырғандығын тілге тиек етті.

Сондай-ақ осы игі бастамаға демеушілік жасаған Сейілбек Әбдиевтің үлкен ұлы – физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы Қалы Әбдиевке «Жомарт жүрек» жобасы аясында аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Белгілі себептермен бұл шараға келе алмаған Қали Сейілбекұлының марапатын Секеңнің кіші ұлы Ерлан Әбдиевке ұсынды. Бұдан соң ауыл ақсақалдары – Ойық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Пана Рахманбердиев, Болатжан Дуанбеков, Сембек Бештаев және С.Әбдиевтің бауыры Қанжан Әбдиев сөз сөйлеп, ел игілігіне беріліп отырған нысанның ашылуымен көпшілікті құттықтады.

Кіші футбол алаңшасының лентасын Балтабек Әлімбеков, Қанжан Әбдиев, Асан Бимаханов, Болатжан Дуанбеков қиды.

Турнирге 16 команда қатысып, ойын тартысты өтті. Нәтижесінде «Үздік қақпашы» аталымында «Көктөбе» командасының ойыншысы Н.Бидәулет, «Үздік шабуылшы» аталымында Сейілбек ауылы командасының ойыншысы Д.Жеңіс, «Үздік төреші» аталымында Бөлтірік ауылы командасының ойыншысы О.Темірболатов үздік шығып, қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал турнирде үшінші орынға Ойық ауылының командасы, екінші орынға Бостандық ауылының командасы, бірінші орынға С.Шәкіров ауылының командасы ие болды. Қатысушылардың барлығына қаржылай сыйлық беріліп, Алғыс хаттар табыс етілді. Осылайша С.Әбдиев атындағы кіші футбол турнирін жыл сайын өткізіп тұру дәстүрі бастау алды.

Талас ауданы