АРАБ ТІЛІН ТҮСІНБЕСЕК, ҚҰРАНДЫ НЕ ҮШІН ОҚИМЫЗ?

     Американдық бір мұсылман қария шығыс Кентукки тауларында немересімен бірге тұрыпты. Күнде таңертең Құран оқиды екен. Немересі де атасын мақтан тұтып, атасына ұқсауға тырысады екен. Бірде ол: «Ата, мен Құранды сіз сияқты оқығым келеді, бірақ мен оны түсінбеймін. Есіме сақтағанның бәрін Құран кітабының бетін жапқан сәтте-ақ ұмытып қаламын. Сонда Құранды оқығаннан қандай пайда бар?» деп сұрайды.

Пешке көмір салып жатқан атасы: «Көмір салатын себетті алып, су толтырып алып кел» деп жұмсайды. Бірақ немересі себетке қанша мәрте су толтырса да үйге жеткенше бар суы ағып кете береді. Атасының тапсырмасын орындай алмаған немересі қайтып келеді. Сонда атасы: «Себетке су толтырғаннан кейін үйге жылдам жүр, сонда бәрі ағып кетпес» деп қайта жұмсайды. Бұл жолы немересі су толтырған күйі үйіне жүгіріп жетеді. Бірақ тағы да бар суы ағып кетеді. Атасына себетпен су тасу мүмкін емес екенін айтып, шелек алмақшы болады. Сонда атасы шелек суы емес, себетпен әкелінген су керектігін айтады. Немересі себеттегі су бәрібір ағып кететінін дәлелдегісі келіп, атасының көзінше су толтырып, бар күшін салып жүгіреді. Себеті бәрібір босайды. «Ата, көрдіңіз бе? Себетпен су тасығаннан пайда жоқ»-дейді. Сонда атасы: «Сен себетке қарасаңшы» дейді. Немересі сонда көмір таситын қап-қара себеттің іші-сырты қалай тазарып қалғанын көреді. Атасы сонда: «Сенің Құранды оқығаның да осындай. Сен Құранды оқығанда ештеңе түсінбеуің мүмкін. Бірақ ол сенің ішіңді де, сыртыңды да тазартады. Алла Тағала біздің өмірімізді осылай өзгертеді» деген екен.

Дереккөз: ihsan.kz