«Анамның өлгенін күтіп жүрмін…»

Мен осы бір ауыр сөзді естігенде жүрегім қатты ауырып қалды. Мұны кім айтты дейсіз ғой? Оны айтқан отыздан енді ғана асқан бойдақ жігіт. Бұл әңгімені маған жеткізген Әсем атты қарындасым. Әсемнің әкесі Сыр бойындағы қазақы ауылдың бірінде туып-өскен. Әсем де қазақша төгіліп тұр. Қалаға оқу іздеп келді. Үлкен оқу ордасына түсіп, бірақ аяғына дейін оны жеткізе алмады. Себебі тұрмысқа шықты. Бір бөлмелі үйі, машинасы бар жігітті өмірлік жары етіп қалады. Көп ұзамай балалы болды да, оқуын тастап кетті. Біздің үйге анда-санда келіп тұратын. Бір келгенде оның көңілсіз екенін байқадым.

— Жағдайым аса жақсы емес, ағатай, — деді ол мұңайып. «Не болды?» — деп жік-жапар болдым.

Сөйтсем, күйеуінің арақ ішкенмен қоймай, аздап есірткі шегетін әдеті бар екен. Шеккен кезде көзі қызарып, мазасыз болып кетеді. Бұрын Әсемге тиіспейтін. Соңғы кездері қол көтеретінді шығарыпты. Ондайда баласы екеуі далаға қашады. Ұйықтады-ау дегенде қайта үйлеріне кіреді. Бірақ күйеуі жұмысынан қалмайды. Айлығынан анда-санда нан пұлға бергені болмаса, өзге ештеңе бермейді. Ішуге, қыдыруға, шегуге жұмсайды-ау, сірә. Айлық алғанда екі-үш күнге жоқ болып кетеді. Әйтеуір қайтып келеді.  Оның өмірдегі қызығы — жұмыстан кейін достарымен ішу. Достарының көбісі атақты адамдардың балалары көрінеді. Еркелеп, не ішем, не кием демей өскен балалар жігіт болғанда да сол жаман жолдан құтыла алмайды екен. Әке-шешелері де олардан күдер үзген. Үйлерінен береке, өздерінен бір-біріне деген сүйіспеншілігі кеткен олардың өмірлерін жын-шайтан билеп алған десе де болады. Қарындасым темекі шегеді. Саудамен, кәкір-шүкір жұмыстар істеген оған өмір онша қызық емес. Әйтеуір баласына деген аналық махаббаты сөнбеген.

«Күйеу баламен сөйлесіп көрейік. Әсемнің марқұм әкесі досым еді ғой», — деп жұбайымды ертіп, олардың отауына бардым. Жалғыз бөлме. Адағай-жадағай, шашылып жатыр. Арақтың исі ме, жағымсыз иіс қолқаны атты. Күйеу бала жоқ. Қарындасымның шашы дода-дода. Енді ұйқысынан тұрып жатыр. Ал уақыт тал түс. Үйге келгенде жып-жинақы қуыршақтай болып келетін қарындасымның мына түрін, үйінің шашылып жатқанын көріп, біз әйеліміз екеуміз шошып, бір-бірімізге ыңғайсыздана қарадық.

— Ау, көкем-ау, бұл не ұйқы? Мына үйің немене апай-топай болып жатқан? Сен күйеу баланы жамандайсың. Ең болмаса мына жалғыз бөлмеңді таза ұстамайсың ба? Ана кеудеңді жап, шашыңды тара! Бұл не деген сұмдық?!

Адамдардың көңілдеріне қарап, бірден беттен алмайтын жұмсақ мінезді мен дәл осы сәт шыдамай күндей күркіредім.

— Ауадан арақтың исі шығып тұр…

Бұл — орамалымен аузын жауып, мұрнын тыржитқан қасымдағы әйелімнің сөзі. Қарындасым қос қолын кеудесіне басқан күйі сабақ білмеген шәкірттей біздің алдымызда мөлиіп тұр.

  • Жо-жоқ, мен.. мен.. арақты өмірбақи татқан жан емеспін. Мына күйеу балаларыңыз жұмыстан кейін сілесі қатқанша ішеді. Бөлмеге соның жаман исі сіңіп қалған. Алғашқыда біз баламыз екеуіміз бұл иіске құсқымыз келетін. «Адам үш күннен кейін тозаққа да үйренеді» дейді ғой. Бұған да үйрендік.

Қарындасым осылай міңгірлеп, уәж айтты.

  • Ал мына үйің неге шашылып жатыр? Неге түске дейін ұйықтайсың?..

Осылай біз «негелерді» үйіп төктік. Ол жарытып жауап бере алмады. Шәй қойып еді, біз апарған тәттіден басқа үйінде тіске басар ештеңе жоқ екен.

— Сен өзің кінәлісің. «Жақсы әйел жаман еркекті адам етеді» демекші, үйің көңірсіп, тамағың аста-төк болып тұрмаса, еркек басқа жақтан жылу іздейді. Мынадай үйі жоқ, пәтерде қаңғып жүрген қыздар қаншама? Ал сенің бір бөлме болса да баспанаң бар, шүкір демейсің бе? — деп, кетерде біз тағы да ақылгөйсідік.

  • Ол маған ақша бермесе, мен азық-түлікті қайдан аламын? — деп қарындасым да дес бермей ақталды…

Күйеу баламен кейін кездестік. Орысша тәрбиеленген. Әкесі ерте қайтыс болыпты. Шешесі балаларынан қашып, қаланың сыртындағы бір ауылға көшіп кеткен. Үш баласы бар. Біреуі осы күйеу бала. Екіншісі түрмеде. Ең үлкені екі-үш рет үйленген. Ішеді, шегеді, ол да жетісіп тұрған жоқ. Сол сол ғой «мамамның өлгенін күтіп жүрмін» деген. Оның бұл сөзін қарындасым естіген. Ол сөзді өзінің қызына айтыпты. «Мамам ауру. Оның өлгенін күтіп жүрмін. Ол өлген соң үйді сатып, саған машина әперемін», — депті ол бет-аузы шімірікпей.

Қарындасым көп ұзамай күйеуінен ажырасты. Сот оған алимент тағайындады. Бірақ ол қайда тұрып жатыр дейсіз ғой? Күйеуімен бірге. Ажырасқан, алимент алады, бірақ бірге тұрады. Міне, шыжық!

Бұл — бір ғана тағдыр. Мұндай жаныңды ауыртатын тағдырлар өте көп. Мәселен, бір қызымыз жігітімен азаматтық некеге тұрады. Бала туып алды да, оны шешесіне апарып тастады. Бұл жігітпен ажырасып, екіншісімен азаматтық некеге тұрды. Одан кетіп үшіншісімен.. қазір аяғы ауыр. Бірақ некеде жоқ. Мұндайлар көп. Олар біздің қазақтың қыздары өздерінше «современный» батыстағыдай өмір сүруді үйренді. Ауылдан легімен келіп жатқан қыздарымыз осындай сұмдықтар, зұлымдықтар жасап жатыр. Я онда жоқ, я мұнда жоқ. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ», бетімен кеткен. Бұл бетімен кету қай уақыттан басталды? Бұл — Кеңес өкіметінен басталып, тәуелсіздік кезімізде одан ушығып кеткен зор дертіміз. Оқуға деп кеткен қыздарымыз «қала деген әлемге кіргеннен соң, өз тағдырларын асау өмірдің талқысына береді. Әке-шеше, бауыр, аға алыста. Олар білгенін жасайды. Әйтеуір өлмеу керек, намысты қолдан бермеу кажет. Ауылдан алған тәрбие, жүректерінде иман ғана оларды сақтайтын. Кеңес өкіметі кезінде кәрі қыздар саны тоқсан мыңға жуықтайтын. Ал тәуелсіз Қазақстанда біреу үш жүз мың дейді, біреу жарты миллион дейді. Олардың тағдырларымен ешкім айналыспайды. Жоғарыда айтқанымыздай, сол нәзік жандылар білгенін істейді. Олардың арасында адамы да, наданы да, жезөкшесі де, азаматтық некеде жүргендер де, өзгелердің бодауында кеткендер де кездеседі.

Бұл — біздің қасіретіміз. Себебі олардың әрқайсысы біздің бауыр ет қарындастарымыз. Дұрыстап тәрбиелесең, алтын қазыналы аналар болатын еді ғой. Мұндай жүгенсіздікке жіберген кім? Ол — біз сияқты намыссыз еркектер. Аналарымызға, қыздарымызға ие бола алмай отырған еркектерді бұдан басқа қалай атарсың? Маған жақында  отыздан асқан бір қарындасым қара қазандай өкпесін, ренішін айтты. «Біздің бұлай кім көрінгеннің көз сүзгісіне қалып, қаңғырып жүргенімізге сіздер кінәлісіздер!» — деді. Мен сасып қалдым. «Иә, иә, еркектер, ағалар кінәлі!» — деді ол  шегелеп. «Сіз Өзбекстанға, Қырғызстанға, Тәжікстанға, Түркіменстанға, тіптен Түркияға барып сұраңызшы. Ол елдерде қыздарын ағалары өз қамқорлығына алып, тіптен болашақ күйеуді өздері таңдап тауып, өздері күйеуге бергенше жандары жай таппайды. Біз қазақтың байғұс қыздары қалаға кеткен соң қамқорлық жасамақ түгілі оларды я әке шешесі, я ағалары бір іздемейді», — дейді әлгі қарындасым. Мен төмен қарадым. Ащы шындық жанымды шыжғырды. Ойпырмай, болашағын ойламаған қандай қаныпезер, қандай имансыз ел едік, ә?

Ертай Айғалиұлы