«AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV Съезіне дайындық жалғасуда

«AMANAT»-тың кезектен тыс XXIV Съезіне дайындық жұмыстары жалғасуда. Барлық облыс пен Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы партиялықтар «AMANAT»-тың басты саяси іс-шарасына қатысу үшін өз өңірлерінің атынан өкілдік ететін 700 делегатты сайлады. Қазір олар партияның жаңа Саяси тұғырнамасының жобасын зерттеп, қызу талқылауда.
Қызылорда қаласындағы партия мүшесі, саясаттанушы Сәулет Сахиев құжатта мемлекеттік тілді қолдауға баса назар аударылғанын айтты.
«Басты ерекшелігі – құжатты әзірлеу мен жазу алғаш рет толығымен қазақ тілінде жүргізілді. Сонымен қатар, егер бұрын адами капитал ұғымы жеке тұлғаның рухани құндылықтарымен ғана бағаланып, өлшенетін болса, жаңа тұғырнаманың жобасында ол елдің жоғары экономикалық көрсеткіші ретінде бағаланады», — деді ол.
Елордалық партия мүшесі, «Жайна Астана» ҚБ төрағасы Мұхтар Еркетаевтың пікірінше, ең өзекті мәселелердің бірі – заң үстемдігін қамтамасыз ету және әділдікті орнату.
«Әділдік, заңдылық пен тәртіп орнату, сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа қарсы аяусыз күрес. Бұл бағыттар тұғырнамада басымдық ретінде көрсетілген. Конституциямен кепілдендірілген адам құқықтары кез келген жағдайда қорғалуы керек. Күш-жігерімізді жуұмылдырып, біз қоғамда жаңа құқықтық мәдениетті қалыптастыруға тиіспіз. Бұл – партия алдындағы үлкен жауапкершілік», — деді ол.

Қарағанды облысындағы партия мүшелері жаңа тұғырнама қазақстандықтардың мүддесін қорғау үшін бар күш-жігерін жұмсайтын партиялықтардың белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретініне сенімді. Саран қаласының тұрғыны, «Домстрой» бастауыш партия ұйымының төрағасы Меруерт Мамированың айтуынша, аманаттықтардың да, барлық қазақстандықтың да алдында Әділетті Қазақстанды құру міндеті тұр.
«Бастауыш партия ұйымымыздың көптеген мүшесі – білім беру саласының қызметкерлері. Сондықтан біз тұғырнаманың осы бөлігіне ерекше ықыласпен қарадық. Өскелең ұрпақтың бойында белсенді азаматтық ұстаным қалыптастырып, оларға қоғам құндылықтарының жүйесін, Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсариннің ізгі ниет миссияларының мұрасын сіңіру қажет», — дейді ол.

Алматы қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясынан сайланған депутат Әсия Ақанова да білім және ғылым саласына назар аударды.
«Алдағы партия Съезінің делегаты бола отырып, мен жас ғалым ретінде отандық ғылымның дамуын насихаттағым келеді. Жас ғалымдарға олардың ғылыми қызметіне қолайлы жағдай жасау, қолдау көрсету маңызды. Жаңа идеяларға ашық, сыни және креативті ойлайтын, өз білімі мен дағдысын үнемі жетілдіруге дайын азаматтар прогрессивті, интеллектуалды қоғамның негізі бола алады», — деді халық қалаулысы.
Атырау облысының активі Съезд жұмысына қатысу тек партияластармен кездесу ғана емес, партияның ең өзекті мәселелері мен негізгі бағыттары бойынша ашық пікірталас екеніне сенімді. Партия тұғырнамасын жас ұрпақ қолдап отыр.
«Тұғырнама – жаңғырудың дәлелі. Патриот, білімді және саналы жастар – «AMANAT»-тың болашағы. Партия әрқашан мақсатшыл, талантты, талапты жастарды қолдайды және біз уақытпен қатар жүруіміз керек», — дейді «Жастар Рухы» жастар қанатының белсендісі Закария Бекарыс.
Еске сала кетейік, бұған дейін бүкіл еліміз бойынша 800 мыңға жуық партия мүшесін қамтыған 4 мыңнан астам бастауыш партия ұйымының отырыстары өткен болатын. «AMANAT»-тың өңірлік филиалдарының 20 конференциясының қорытындысы бойынша кезектен тыс Съезге 700 делегат сайланды. Жалпы, барлық деңгейдегі конференциялар жұмысына 20 мыңнан астам адам қатысты. Ал 6 қазанда Астана қаласында «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV Съезі өтеді.