Алыс ауылдарға мамандар неге бармайды?

Маңғыстау облысында биыл 4435 түлек мектеп бітіріп отыр. Олардың ҰБТ-ға дайындығы жөнінде және жалпы мұнайлы аймақтың білім саласындағы жаңалықтары жайлы Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Тастемирова Зейнеп Жұмағалиқызымен сұхбаттасқан едік.

1431761209— Зейнеп Жұмағалиқызы,  2015-2016 оқу жылын қандай жақсы жаңалықтармен қорытындылап жатырсыздар? Яғни аймақтың білім саласы қандай жетістіктерге қол жеткізді?

— Биылғы оқу жылын біз ойдағыдай аяқтап жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының бірінші кезеңін аяқтап, биылғы жылы екінші кезеңіне аяқ бастық. Қорытындылар бойынша өзіміздің кейбір мәселелерімізге көңіліміз толады. Облыс бойынша бірінші кезеңдегі үлкен мәселелердің бірі апаттық жағдайдағы мектептер болатын. Бұл мәселе шешімін тапты. Үш ауысымды оқу мәселесі де қазір өз шешімін табуда. Алайда туу көрсеткішінің жоғарылауына байланысты Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзен қаласында үш ауысымды мектептер қаупі туындауы мүмкін. Себебі жыл сайын облыста оқушы саны көбеюде. Атап айтар болсам, жылына 4 мың мен 6 мың оқушыға көбейіп отырмыз. Бір жағынан, бала санының көбеюі — жақсы көрсеткіш. Екінші жағынан, бұл үш ауысымды мектептер көбейеді деген сөз. Ал мұғалімдеріміз бен оқушыларымыздың жетістіктеріне тоқталатын болсам, біздің ұстаздар мен шәкірттер республикалық және халықаралық олимпиадаларда, ғылыми сайыстарда топ жарып, жүлделі орындарды алып жүр. Облыстық білім басқармасы білім саласында болып жатқан барлық жаңалықтарды тиісінше, қалалық, аудандық, ауылдық жерлердегі ұстаздарымызға, атааналарға жеткізіп отырамыз.

— Маңғыстау облысының мектеп бітіруші түлектері ұлттық бірыңғай тестін тапсыруға қаншалықты дайын?

— Жалпы, Маңғыстау облысында 133 күндізгі білім беретін мектеп бар. Оларда 112 000 астам оқушымыз бар. Маңғыстау облысында биыл 4435  мектеп бітіруші түлек болса, соның 3233-і ҰБТ тапсырады. Соның ішінде 87 пайызы қазақтілділер болса, қалған 13 пайызы орыстілді түлектер. Оқушыларымыз жыл бойына дайындалды. Айта кетсем, оларды дайындауда ұстаздарымыз аянбай еңбектенді. Енді сол түлектеріміз сынақтан сүрінбей, діттеген балдарын алып шықса дейміз. Жаңа оқу жылынан мектеп табалдырығын 16 мыңнан аса бала аттайды. Оларды кітаппен қамту мәселесін біз қазірден қолға алып жатырмыз. Жаңа оқу жылында жаңа жүйемін оқытатындықтан, қазір мұғалімдерімізді  арнайы  курстарда оқытып жатырмыз. Ұстаздар қауымын қайта даярлаудан өткізу  жұмыстары  сәуір айынан басталып кетті. Осыған байланысты арнайы кесте жасақтадық. Жаз бойына біздің ұстаздарымыз  кестеге  сәйкес  өз білімдерін жетілдіреді. Айта кетсем, олардың оқуы демалыстарына еш кедергі жасамайды.

 — Қазір барлығымызға белгілі, «Үш тұғырлы тіл саясаты» жүргізілуде. Осы бағдарламаға көшуге Маңғыстау облысының білім жүйесі дайын ба?

— Үштілділікке көшу бойынша біз дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Облыс бойынша осы бағдарламамен арнайы жұмыс жасап жатқан 11 пилоттық мектеп бар. Үштілділікті түсіндіру бойынша біз қазір шеберлік сағаттары мен арнайы семинарлар ұйымдастырып жүрміз. Айта кетсем, жергілікті «Қазақстан-Ақтау» телеарнасымен біріккен «Тілашар» атты жобамыз бар. Ол — балғындарға арналған арнайы тіл курсы. Бағдарлама қазақ, орыс және ағылшын тілінде сөйлеуге үйретеді.

— Жас педагогтарды жұмыспен қамту мәселесі қалай жүзеге асырылып жатыр?

— Жас мамандарды жұмыспен қамтуды біз былтырғы жылы асыра орындадық. Себебі облыс әкімінің гранты арқылы біз өзімізге тапшы мамандарды оқытамыз. Көбінесе жас педагогты өздері түлеп ұшқан мектепке жұмысқа орналасу арқылы кадр тапшылығын жойып отырмыз. Бұл үрдіс біздің күн тәрбімізден түспейді. Маңғыстау облысы өндірістік өлке болғандықтан, бізге кетушілер санына қарағанда келушілер саны басым. Сұраныс өте жоғары. Жергілікті жерде бізде педагог кадрларды Шахмардан Есенов атындағы университет дайындайды. Аталған оқу орнын бітірген жастарды өзіміздің мектептерге орналастырамыз. Себебі аталған оқу орны мен облыстық білім басқармасының арасында меморандум бар. Біз де сол келісімге сәйкес жұмыс жасаймыз. Сондайақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен де жақсы жұмыс жасаймыз. Мемлекеттік бағдарлама бойынша келген мамандар ауылдарға жұмысқа орналасады. Бірақ әлі де бізде орыс сыныптарына сабақ беретін мамандар тапшы. Сондықтан біз қолдан келгенше Орал, Ақтөбе, Қостанай қаласынан мамандарды шақыртамыз. Сонымен қатар, математика пәнінің мұғалімдері де тапшы. Биыл жергілікті ЖОО 13 маман ғана бітіріп шығады. Бұл — өте азғантай көрсеткіш. Тағы бір айта кететін жайт — педагогикалық мамандықты бітіріп келген маман әлеуметтік қолдауды қажет етеді. Сондықтан біз жергілікті аудандық, ауылдық әкімдіктермен бірігіп, оларды тиісінше үймен қамтуда өз үлесімізді қосамыз. Жасыратыны жоқ, жаңа бітіріп келген жастарымыз қала маңындағы ауылдардағы мектептерге орналасқысы келеді. Кейбірінің шалғай ауылдарға барғысы келмейді. Сондықтан кей жағдайларда шалғай ауылдардағы мектептерге мамандарымыз жетпей жатады. Мысалы, Бейнеу ауданындағы Тұрыш ауылы, Қарақия ауданындағы Аққұдық, Құланды ауылы сынды алыс ауылдарға мамандарымыз барғысы келмейді. Біз бұл бағытта да қазір жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Жалпы, Маңғыстау облысына келем дейтін орыстілді педагог мамандарға әрдайым құшағымыз ашық және көмек көрсетуге дайын екенімізді айтқым келеді.

— Облыстық білім басқармасы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда қандай жұмыстар жүргізуде?

 — Бұл бағытта жұмысымыз жаман емес. Облыс бойынша 58 мектептің жанынан жазғы сауықтыру лагерлері жұмыс жасауда.  Сонымен қатар, кәсіптік лагерлер, спорттық лагерьлер жұмыс жасайды. Қалалық, аудандық аула клубтарымыздың да жұмысы қарқынды жүргізілуде. Біздің өлке өндірістік өлке болғандықтан, балалар демалысы ата-ана есебінен бөлек, жергілікті кәсіпорындар тарапынан да ұйымдастырылады. Яғни кәсіподақ арқылы біздің балалар республикадан тыс жерлерге демалып келеді. Және де білім басқармасына қарасты «Балдәурен» сауықтыру лагерінде демалады. Әлеуметтік жағдайы нашар отбасының балалары мен жетім балалар біздің назарымыздан тыс қалмайды. Тамыз айында италияндық компания 40 баланы Италияның Чезенатико қаласына демалдыруды көздеп отыр.

— Зейнеп Жұмағалиқызы, тұшымды сұхбатыңызға рақмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан Айман ОҢҒАРБАЙҚЫЗЫ