Алынған өнім көңіл қуантады

Көсегенің көк Жонына жер жыртып, егін еккен шаруа қожалықтары ерте көктемнен бастап, ала жаздай тынымсыз еңбек етті. Бүгінде егін орағы аяқталып, шаруалар алтын дәнді қамбаға құйып алды. Әшір Бүркітбаев ауылындағы Асан Ыстыбаев басшылық жасайтын «Болашақ» шаруа қожалығында барлығы 1200 гектар жер бар.

– Биыл 300 гектарға мақсары, 150 гектарға жоңышқа, 150 гектар күздік бидай, 200 гектар алқапқа арпа ектік. Күздік бидайдан көңілдегідей өнім алмағанымызбен, жаздық бидайдан өнім 16 центнерден, ал арпа болса 18 центнерден айналды. Бұрнағы қуаңшылық жылдарға қарағанда бұл біз үшін аз өнім емес. Ең бастысы, өнімді ысырапсыз жинап алдық. Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына жасалып жатқан қолдау-көмектен тыс қалған емеспіз.

Аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев те ерте көктемде даладағы дүбір басталғаннан егіс алқабына бірнеше рет келіп, жағдайымызды біліп отырды. Қандай да бір мәселе туындап жатса, оның шұғыл шешілуіне ықпал етті. Бізді толғандырып келген бір-ақ мәселе – жастардың ауылда тұрақтамауы. Ауыл жастары сыртқа кетіп жатқанда, қаладан жоғары білімді мамандар қайдан келсін. Жасымыз алпысты алқымдап қалды, мына жұмысты жастар жалғастырса дейміз. Осылай алаң көңілде жүргенде «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жоғары білімді агроном, өзіміздің баламыз Мұхтар Қайсарбаев шаруашылығымызға бас агроном болып келгенде, әжептәуір қуандық. Отбасын құрмаған, бойдақ жігітке келін алып беріп, біржола ауылда тұрақтанып қалу үшін барлық жағдайын жасамақпыз ,– дейді шаруашылық басшысы Асан Ыстыбаев.

Инженері бар, жаңадан келіп жатқан агрономы бар, «болашақтықтар» маманға да, басқаға да зәру емес көрінеді. Науқандық жұмыс кезінде ауылдың азаматтарын жұмысқа тартады. Техникасы жетеді. «Казагрофинанс» акционерлік қоғамынан лизингке комбайн, тракторларын жаңартып алған. Өнімін өткеруде де мәселе жоқ. Түркістан облысының жігіттері қамбасынан алып кетеді. Түркістан ауылдық округі тұрғындарының жыл сайын жаратқаннан тілейтіні – көктен ылғалдың мол түсуі. Биыл бейнетқор жұрттың тілеуін берді. Көктен жауын-шашын аз түскен жоқ. Соның нәтижесінде жалғыз «болашақтықтар» емес, басқа да шаруашылықтар алынған өнім көңіл қуантады.

Амангелді ӘБІЛ Сарысу ауданы