Алмақтың да салмағы бар…

Қазақстан тағы да қарызға белшеден бата ма?

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Макроэконмикалық басқару және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру саласындағы даму саясатын қаржыландыру бойынша бірінші кредит) ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасы жөніндегі құжат депутаттар арасында талқыланды. Алдымен, Мәжіліс төрағасы Б.Салахатдинұлы ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа сөз берген болатын. «Аталған қарыз ағымдағы жылғы бюджеттің тапшылығын қаржыландыруға бағытталады. Тартылатын қарызды өтеу республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Қарыз бекітілген бюджет тапшылығы жағдайында макроэкономикалық тұрақтылықты және мемлекеттік қаржылық теңгерімділікті қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды болады»-деген министр, артынша аталған құжатты депуттардың толық қолдауын өтінді. Десе де, ел болашағы үшін маңызды саналған Заң жобасына халық қалаулыларынан бірден қолдау бола қойған жоқ. Даму Банкінен қаржыны ала бергенмен оның тиімділігін бақылау деңгейін сұраған депутат Омархан Өксікбаевқа Б.Тұрлыханұлы мардымды жауап қайтара алмады. Ал, Нұртай Сабильянов аталған ведомствоға қатысты талай жылдан бері мәселелер көтеріп келе жатқанын алға тартып, қарыз алуды тоқтату керектігін баса айтты.

-Егер бұл қарыз бюджет тапшылығын жабатын болса, неге республикалық бюджетті оңтайландырмасқа, кейбір шығындарды қысқартпасқа? Мәселен, «Бизнестің жол картасы» деген бағдарламамен мемлекет бизнесмендерді миллиардтаған ақшамен қаржыландырып отыр, бірақ кәсіпкерлер дұрыс салық төлемейді. Бизнесмендерін қаржыландырып отырған жалғыз мемлекет бар. Ол – Қазақстан! Ірі кәсіпкерлерді қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер енгізіп, қысқартуды ұсынамын,-дейді Н.Сабильянов. Өзге де депутаттар әріптестерінен қалыс қалмай пікірлерін білдірсе де, Заң жобасы (Келісім) қабылданды. Бұл Дүниежүзілік банк Қазақстанға макроэкономикалық басқару және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру саясатын қаржыландыру үшін 1 миллиард доллар мөлшерінде қарыз береді деген сөз.

Ермұрат Назарұлы,

«ЕлАна» ақпараттық агенттігі