Алаштың ардақтысы Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл

Алаштың ардақты азаматының бір ғасырға толған мерейтойына орай, ауданымызда бірқатар облыстық және республикалық іс-шаралар өткізілді.

Мерейтойлық іс-шараларға Алматы, Нұрсұлтан, Шымкент және республиканың тағы басқа алыс-жақын аймақтарынан 200-ден аса қонақ келді.

Іс-шаралар легі Меркі ауданы орталығындағы А.Асқаровтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып тағзым етуден басталды.

Гүл қою рәсімінде облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков көпшілікті айтулы мерейтоймен құттықтаса, Асанбай Асқаровтың қызы Шолпан Асқарова осынау тойды ұйымдастырушылар мен жиналған қауымға алғыс айтып, шексіз ризашылығын білдірді.


Сонымен қатар, меркілік белгілі әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев көпшілікке жылы лебізін білдіріп, Асанбай Асқаровпен кездесуінен болған естеліктермен бөлісті.

———————————————————————————

Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл толуына арналған іс-шаралар тек тойлану мақсатында ғана емес, Мемлекет және Қоғам қайраткерінің елге сіңірген еңбегін дәріптеп, есімін тарих парағына мәңгі қалдыру мақсатында ұйымдастырылды.

Осы орайда Меркі ауданындағы №1 мектеп гимназиясына Асанбай Асқаровтың есімі салтанатты түрде беріліп, бюст-ескерткіші ашылды.

Сонымен қатар, мектептің алдына ҚР Президенті архивіндегі А.Асқаровтың жеке қорынан алынған құжаттардың көрмесі қойылып, «А.Асқаров архив құжаттарында» атты кітаптың да тұсауы кесіліп, оқырмандарға жол тартты.

—————————————————————————————-

Асанбай Асқаров саналы ғұмырын ел басқару ісіне арнағанымен, оның ғылыми зерттеулермен айналысқан ғалымдығы, әдеби шығармалары да бір төбе.

Осынау мерейтойлық іс-шарада Асанбай Асқаровтың өмірі мен еңбек жолын жаңа қырынан танытып, оның ғылыми тұжырымдамаларын жаңғырту мақсатында ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.


«Туған жердің туын биіктеткен тұлға» атты ғылыми-практикалық конференцияда елімізге бегілі оқымысты ғалымдар мен қоғам қайраткерлері тау тұлға Асанбай Асқаров туралы естеліктерімен бөлісті.

—————————————————————————-

Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай, оның өмір жолынан сыр шертетін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байқұттың «Асанбайдың аққайыңдары» атты драмалық қойылымы көпшілік назарына ұсынылды.

Облыстық драма театры ұжымының орындауындағы қойылым жиналған қауымның көңілінен шығып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

————————————————————————————

Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай өткізілген республикалық ақындар айтысының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды.

Екі күнге созылған жыр бәйгесінде жүйрік шыққан Байзақ ауданынан келген жас ақын Дархан Әбдіманап бас жүлдені жеңіп алды.

Сондай-ақ, І орынды Түркістан облысынан Дәурен Ақсақалов жеңіп алса, ІІ орынды жуалылық ақын Қанат Мырхахан, қарағандылық Ботагөз Мұхиддинова және көрші Құланнан Айтбек Тұрсынбай иеленді.

Ал, ІІІ орынға қызылордалық Нұрмат Мансұров, маңғыстаулық Нұрлан Мұсаев және тағы бір байзақтық ақын Рай Дөңбай лайықты деп табылды.

Айтыстың бас жүлдесіне – бір миллион теңге, І орынға – жеті жүз мың теңге, ІІ орынға – бес жүз мың теңге, ІІІ орынға – үш жүз мың теңге және барлық қатысушыға жүз мың теңгеден сыйақы берілді.

Айта кетейік, айтысқа жалпы 22 ақын қатысқан болатын.

Қазыбек Камал,

Меркі ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы