Алаш идеялары және тәуелсіз Қазақстан мұраттары

Қазақстанға Сталин жендеті Голощекин кел­­генше Алаш қозғалысы, Алашорда өкіметі және оның серкелері туралы әредік обьективті пі­кірлер де айтылып отырды. Бұл ретте Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен қоғамдық-шығар­ма­шылық қызметі туралы М.Дулатов очеркі мен М.Әуезов мақаласын, Мағжан Жұмабаев­тың ұлы ақындық сырын ашқан Ж.Аймауытов эс­се­сінің салмағы мен құны, ғылыми және та­­ным­­дық мәні бүгінде бір мысқал төмендеген жоқ.

Арнайы партиялық тапсырмамен құрасты­рылған Шафиро, Мартыненко жинақтарында қа­­сақана жасалған бұрмалаулар, жабылған өтірік жа­лалар жыртылып айырылады. Соған қара­мас­тан, бұл кітаптардағы бірталай тарихи де­ректер мен құжаттар Алаштануға нақты қызмет ете ала­ды.

Жиырмасыншы жылдардың аяғында бас­тал­ған репрессия алпыс жылдай Алаш қайрат­кер­ле­рінің атын атасаң — аузыңды қарыды, жазсаң — қолыңды шапты. Орыс отар­шы­лары, ком­мунистік идеология қанша қылы­шынан қан тамғанмен, қа­зақ санасынан Алаш идеясын сөн­діре алған жоқ. Алаш ұранды әде­биетті оқып біліп өскен тұтас буын бар еді. Олар көптеген шы­ғар­маларды жатқа айтатын. Жазушы Тахауи Ахтанов Мағ­жанның «Батыр Баянын» ком­по­­­зитор Ахмет Жұбановтан ес­ті­ген. Сөз саптауға келгенде Жү­сіп­бек Аймау­ытовты ұстаз тұта­тынын Ға­бит Мүсірепов жасыр­май айтатын болған. Больше­визмнің ұраншысы Сәбит Мұқа­новтың өзі қыз­ды-қыздымен Мағжанның ғашықтық жырларын қалай жатқа айтып кеткенін байқамай қалатын. Әдеби сарын­дастық Мағжан — Ілияс — Қасым — Әб­ділда — Мұқағали болып жалғасты. Дала цик­лын, өлім туралы жырларды, өмір — өзен мотивін еске түсіріңіз.

Қолда бар, кітапханада тұрған Алаш қайрат­керлері шығармалары түгелге жуық жиналып, өртелгенімен, арнаулы қорларда олар бәрібір сақ­талды. Жандарын шүберекке түйіп, үкімет қаһа­рынан қорықпай кейбір адамдар үрейлі кітап­тарды үйлерінде ұстады. Бұл қатарда өзіміз араласқан, білген жазушы Сапарғали Бегалин — Мағжан, Жүсіпбек, профессор Бейсенбай Кен­же­баев — Ахмет, Міржақып еңбектерін алпысыншы жыл­дарда аспирант кезімізде оқып білуімізге мүмкіндік берді. Мұндай байланыс әртүрлі арнада өрбіді. Мысалы Мекемтас Мырзахметов болса Бауыржан Момышұлы, ал Әди Шәріпов Төкен Әб­ді­рах­манов қоймасында жатқан Алаш жазу­шы­лары шығармаларын оқыған. Университетке біз­бен бірге түскен ақын Құрманбай Толыбаев Қы­тай­дан жасырын алып келген М.Дулатовтың «Оян, қазақ!» жинағын студент кезімізде таныстырды.

Ерекше қызық тағы бір деректі айта кетейік. Алматыда Жазушылар одағы ғимараты жанын­дағы саябақта егде тартса да, сұлу өңі таймаған жұпыны киімді бір әйел дұрыстап сөйлесе білсеңіз, сұраған нәрсеңізді жан-жағына бір қа­рап қойып, қолыңызға ұстатар еді. Ол ма­шинкаға басылып, түптелген Мағжанның бір том­дығы, ол — әйел ақынның жары Зухра шешей болатын.

Қазақ мемлекеттік университетінде 1966 жы­лы бір жиналыс өтті. Ұйымдастырған про­фессор Бейсенбай Кенжебаев пен профессор Хайролла Махмудов. Сөйлегендер профессор Темірғали Нұртазин, доцент Александр Жов­тис, жазушы Тахауи Ахтанов. Әңгіме Мағжан, оның поэзиясы, кітабын бастыру туралы болды.

Қауіпсіздік комитеті қызметкерлері жина­лыс­қа келген адамдардың бәрін тізімдепті. Сөй­ленген сөздердің бәрі магнитофонға жазы­­лып­ты. Кейін білдік, сол жиын туралы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюросы арнайы мәселе қараған. Татар Хайролла Махмудов, еврей Алек­сандр Жовтис партияда жоқ екен, ал коммунист қазақ Бей­сенбай Кенжебаевқа партиялық қатаң сөгіс берілген.

Мағжан өлеңдерін орыс тіліне аударып, енді басқалы жатқан «Простор» журналының бас редакторы, жазушы Иван Шухов, осы әрекетті қолдаған мәдениет министрі Ілияс Омаров қызметтерінен босатылды.

«Жастық шақты бойлап» деген естелік кітабында башқұрт жазушысы Сәйфи Құдаш Мағжан Жұмабаевты ұлы ақын деп мадақтады. Сол кітап КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсы­нылғанда біздің ағайындар башқұрт «ұлтшылын» әшкерелеп, арыз түсірді. Сыйлық берілмей қалды.

Тағы да сол Сәйфи Құдаш Мағжанның өмірі мен шығармашылығы туралы, оны ақтау керектігін дәлелдеп Қонаевқа 100 беттік хат-зерттеу жіберді. Бірақ одан ештеңе өнген жоқ.

Алаш қозғалысы, Алашорда өкіметі, Алаш қайраткерлері туралы шетелдерде қазақ Мұс­тафа Шоқай, башқұрт Зәки Уәлиди Тоған, өз­бек Бай­мырза Хайт, орыс, неміс, ағылшын, жа­пон ғалым­дары еңбектері басылды. Анық­тама, энцикло­пе­дияларда мәлімет берілді. Ең үлкен ерлікті Қытай­дағы Такламакан шөлінен өтіп, Гималай таула­ры­нан асып, Кашмир арқылы Түркияға жеткен көштің басшысы Қалибек хәкім Рахымбекұлының перзенті Хасен Орал­тай жасады. Ол 1973 жылы Түр­кияда «Алаш — Орта Азия түркі қазақтары­ның ұлттық ұраны» атты кітап шығарды. Ав­тор өз қолы жеткен құжаттар, деректер, сурет­тер, мәтіндер арқылы Алаш­орда, Алаш қай­рат­керлері туралы қыс­қаша анық­та­малық, мини­энци­кло­педия дерлік еңбек тудыр­ған. Кейін бұл саладағы қызмет­терін Хасен Орал­тай «Азаттық» радиосын­да жал­ғастырды. «Елім-айлап өткен өмір» және «Елім-айлап өт­кен өмірден кейін» кітапта­рында толық тиянақтады.

Мәскеуде шыққан түркологтар туралы анықтамалық кітапқа Ахмет Байтұрсыновтың өмірбаяндық деректерін бергені үшін (оның өзі М.Дулатовтың 1923 жылғы мақаласынан көшіріп алынған) академик А.Кононов үстінен қазақтар арыз айтты. Ол аз болғандай В.Колбин алдында 1987 жылы сөйлеген бір тарихшы профессор: «Біз өз ұлтшыл­дық­та­рымызбен өзі­міз-ақ күресе алатын деңгейге әлдеқашан жет­кенбіз», деп шіренгенін «Тор­жество ленинской национальной политики в Казахстане» деген кітапшадан оқи аласыздар. (Алматы, 1987, «Қазақстан» баспасы.)

Алаш қайраткерлерінің түпқазық идеясы — қазақ мемлекеті. Ол үшін ата-баба қанын төгіп қор­ғаған, сақтап қалған, мыңдаған жылдар бойы ешқайда көшпей, тұрақты мекен еткен жерді бөлшектемей, жатжұртқа таптатпау, сатпау, жер­ден айрылғаның барлық байлықтан, дәулетіңнен, құт-берекеңнен айрылу, өлу, өшу деген сөз; мемлекеттік басқару дәстүрлерді сақтай отырып, алдыңғы қатарлы Еуропа, Америка, Жапония үлгісіндегі қағидаттарға негізделген демок­ра­тия­лық сайлаушылар арқылы жасалған жүйелермен жүру керек; бұл ретте ешкімнің нәсіліне, жы­ны­сына, дәулетіне байланысты шектеу жоқ; ши­­кізат емес, ұқсатып жасаған, пайда әкелетін өнім шы­ғару мемлекет әрекетінің ең бірінші шарты; қазақ тілін дамыту, оқулықтар, сөздіктер жасау, мек­тептер, университеттер ашу; өз ақшасын шығару, әскер құрып, елді — мемлекетті қорғау керек.

Қазақы дәстүрлерді берік ұстану, шариғат шарттарына адалдық, әлемдік ақсүйектік әдептерді жете меңгеру, достық, қарызға беріктік ең бастысы, ұлт мүддесі үшін бәрін құрбан ету сияқты асыл қасиеттерді Алаш қайраткерлерінің барша­сы­ның бойынан табуға болады. Қазақ елінің пай­дасына қызмет етер деген үмітпен Әлихан — Кадет пар­тиясына, Ахмет пен Мұхтар коммунис­тік пар­тияға мүше болды. Бұл үміт үзілген соң, үшеуі де ол пар­тиялар қата­рынан өз ерік­терімен шығып кет­кен. Олар мансапқа саты­лу, билік ал­дын­да құл­шы­лық ету, дүние­ге, байлыққа ұмты­лу дегенді мүлде біл­­ме­ген. Біреудің ала жібін аттау жоқ. Ашар­шы­лық­қа ұшыраған қазақтарға жиналған жылу мал­ды есеп­сіз шашты, ағай­ын­дарына бер­ді деген жала­мен жауапқа тартылып Қы­зыл­ордада көп алдына шық­қан Жүсіпбек Аймауытов сүттен ақ, судан таза екенін оп-оңай дәлелдеп берген.

Халыққа аты мәшһүр, ұлт­қа: «Оян!» деп ұран тас­та­ған ұлы Міржақып еліне қаламымен еңбек етемін деп, Думаның депутат­тығынан бас тартқан ғой. Жөн-жосығын ешкім білмейтін, қарақан басы болмаса әлеуметке жа­саған тырнақтай еңбегі жоқ, сайлау десе атын борбайлап шаба жөнелетін қазіргі далбаңбайлар осыдан үлгі алса етті.

Тарих қадірін білген аға­лар: Әлихан, Ахмет, Мір­жақып, Халел, Мұхамеджан — алдымен Абы­лайды, Шоқан­ды, Абайды, Махамбетті, Кене­сарыны таныды. Бір-бірінің орнын ерекше ұқты. Әлиханды серке деп мойын­дады. Сұлтанмахмұт, Шә­кәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтар сөзі бір жер­ден шықты. Мұндай рухани табысу, бағалау, емірене сүю Ахмет — Міржақып, Ахмет — Мұхтар, Мағжан — Жүсіпбек, Әлихан — Ахмет араларын­дағы бауырластық сыйластық құрметтен көрініп тұр. Олар басқа ұлт өкілдерімен де мұрат­тастық негізде құшақ жайыса білген — Щербина — Ә.Бөкейханов, Потанин — А.Байтұрсынов, Брюсов — М.Жұмабаев.

Алаш қайраткерлерін ақтау үшін құрылған ар­наулы комиссия 1988 жылы орасан зор құжат­тарды, деректерді, сот хаттамаларын, айыптау актілерін, көркем шығармаларды, зерттеу еңбек­терін, газет-журнал материалдарын, түрлі арыз-шағымдарды, әртүрлі қорытындыларды түгел қарап, зердеден өткізіп, ақырында ұлтымыздың ал­ып тұлғаларын өзіне қайтарды. Бұл іске белгілі ға­лымдар, жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысты.

Сол шешімнен кейін тез арада газет-журналдар, баспалар алпыс жылдан астам темір құлыптың аржағында жатқан асыл дүниелерді жариялай бастады. Зерттеушілерге мүмкіндік туды. Кітаптар шықты. Диссертациялар жазылды. Алаш арыстарының еңбектері орта мектептерде, жоғары оқу орындарында оқы­ты­латын болды. Алаш зерттеуші ғалымдардың үлкен шоғыры қалыптасты десек, заңгерлер С.Зи­манов, М.Құл-Мұхаммед, Ө.Озғанбаев, С.Өзбекұлы, философ­тар Ж.Әбділдин, Ә.Ны­сан­баев, Ғ.Есім, тарих­шы­лар М.Қозыбаев, К.Нұр­пейісов, М.Қойгелдиев, Е.Сы­дықов, Х.Әбжанов, әдебиетшілер Қ.Мұха­мет­қанов, Ш.Сәт­баева, Р.Нұрғали, Б.Әбдіғазиев, Ш.Елеу­кенов, М.Базарбаев, А.Еспембетов, Т.Жұрт­бай, Р.Тұрысбек, Д.Қамзабекұлы, Ө.Әб­диманов, тілшілер Т.Қорда­баев, Р.Сыздықова, Ш.Құрман­байұлы, баспагерлер Ғ.Әнес, Д.Әшім­ханов, Е.Тілешов, Т.Шаңбай еңбектері толық дәлел бола алады. Бұған Алматыда, Астанада, Семейде ашылған, жұмыс істеп жатқан Алаштану орталықтарын қосыңыз. Арнаулы журнал шыға бастады. Семейде «Алаш» энциклопедиясы дайындалып жатыр.

Алаш қозғалысының әлеуметтік істердегі салған арнасы азат Қазақстан мұраттарымен са­бақтас болса, рухани, шығармашылық мұрат­тары көркем шығармашылығымызбен кіндіктес.

Қазақ әдебиетінің жан-жақты дамып, барлық жанрларда қарыштап өскен, ұлттың рухани сұранысына жауап берген бай-бағылан дәуірін тудырған ХХ ғасыр қаламгерлері, олардың ғұмыры, тағдыры, шығармалары туралы бүгінге дейін айтылып келген пікір, талдау, зерттеу енді жаңа тұрғыда толығып, соны пайым, жинақтау тұжырыммен қоюлана түспек.

Жасыратыны жоқ, Кеңес өкіметі құлап, Компартия билігі құрығанға дейінгі жетпіс жыл бойы әдебиет, өнер, гуманитарлық ғалымдар марксизм-ленинизмнің аузына қарады. Бейнелі өнер, ишарамен сөйлейтін әдебиет тұп-тура саясат шапанын кие алмайды, бірақ әдебиет­та­ну, сын саласында зорлықпен енгізілген қи­сындар көп болатын. Сондықтан да ХХ ғасыр әде­биетін жаңаша пайымдау, оның кезең-ке­зеңіндегі стильдік-жанрлық ізденістеріне, бейне, көркемдік қазына­сына баға беру, талантты қаламгерлер шығармала­ры­ның эстетикалық байлығын анықтау, бір сөзбен бос топырақтан кен­ді аршып алу — жеңіл-желпі шаруа емес, бұл — көп қажыр-қайрат жұмсауды талап ететін ұзақ шиыр.

Қазақ халқының ұлттық рухының тамырына балта шабу үшін коммунистер ең алдымен осы қозғалыстың бастау көзінде тұрған Алаш көсем­дерін, олардың ізбасар шәкірттерін бір қырып тастады да артынан большевизмді жақтаған, Кеңес өкіметін мадақтаған коммунист зиялы­лардың өзін де сыпырып әкетіп, көзін жойды. Аман-есен қалған оқығандарды үнемі үркітіп-қорқытып отырды, анда-санда науқан жариялап, солардың ішінен де біреулерді жұлып алып, түрмеге тығумен болды.

Кеңес өкіметі, партиялық органдар қанша­лықты қаталдық жасап, қырағылық көрсеттім дегенмен, Алаш идеялары, ұлттық азаттық рухы, тәуелсіздік сарындары, әсіресе әдебиетте, өнерде, ғылымда жойылып кеткен жоқ.

Партия қаулы-қарарларымен ой нысанасын, тақырып жүйесін, бейне бағытын, әдіс-тәсілін белгілеп берген Кеңес дәуірі әдебиетінің алғашқы өкілдерінің бәрі де Алаш ұранды әдебиет шығар­ма­ларымен ауызданған, жазу-сызудың әліпбиін солар­дан үйренген.

Тарихшылар, әдебиетшілер еңбектерінде, оқу­лықтарда, түрлі құжаттарда, көркем шығарма­ларда, кинофильмдерде күні кешеге дейін партия, үкімет тарапынан қадағаланып, жоспарлы түрде бағыт­талып отырған арнаулы саясаттың салдарынан Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алашорда өкіметі тура­лы тарихи шындық бұрмаланып, қып-қызыл өтірік айтылып келді. Ең бастысы, Алаш қайрат­керлері қазақ ұлтының қас дұшпаны болып көрсетіліп, олардың шығармаларына тыйым салынды.

Әділіне келгенде, Алаш қозғалысына қатыс­қан азаматтардың басым көпшілігі ұлт мүдде­сіне арналған күнделікті аршынды іс, қарымды әре­кеттермен айналыса жүріп, қуғын-сүргін азабына қарамастан, әдебиет, публицистика, ғылым, аударма салаларында орасан бай мұра қалдырды.

Кейін қолдарынан билік кетіп, халыққа қызмет етудің бір-ақ жолы — оқу-ағарту саласы ғана қалған аз уақыттық тыныс шақта ұлт ті­лін­де ғылымның барлық жүйесі бойынша оқулықтар жазуға кірісті. Алаш ұранды әде­биетті жасаған қаламгерлердің жеке басына, шығар­маларына тән ортақ, сапалы белгілер олардың тағдырын, мұрасын біртұтас құбылыс ретінде қарауға мүмкіндік береді.

Қоғамдық белсенді әрекетке, негізінен ХХ ғасыр басында шыққан бұл толқын 1905 жылғы алғашқы орыс революциясы, 1917 жылғы ақпан, қазан рево­люциялары, өкімет басына большевиктердің келіп, Кеңес өкіметінің орнауы секілді аспан жарылып, жер сілкін­ген­дей ғаламат жарылыстар тұсында қайрат көр­сетті. Осы ұлы ағыстардың баршасы олардың жеке өміріне, қоғамдық, шығармашылық тағдырына ықпал жасап, терең із тастады.

Табиғатынан дарынды жаратылған бұл буын өкілдері қазақы тал бесікте тербетіліп, исламның иманды бұлағынан нәр алып, мұсылманша хат танып, одан кейін жәдитше, орысша оқып, орта, жоғары дәрежелі білім алған: Орынбор, Омбы, Семей, Алматы, Таш­кент, Уфа, Қазан, Мәскеу, Петербор секілді шаһарлар тәрбиесін көрген, өз заманының көзі ашық зиялылары. Бұлар мұғалімдік, инженер­лік, заңгерлік, экономистік, дәрігер­лік секілді сан алуан мамандық иелері. Түркі, славянды былай қойғанда, араб-парсы, ағыл­шын, неміс, француз секілді жеті жұрттың тілін меңгерген. Күрес жолына шыққан кезде бұл ерлердің бес қаруы сай еді. Сол замандағы кез келген озық елдің зия­лыларынан асып түспесе, кем соқ­пайтын, әр түрлі ғылым не­гіз­дерін меңгер­ген, сегіз қыр­лы, бір сырлы тұл­ғалар еді. Алаш қоз­ғалы­сына қатысып, Алаш партиясын құрысып, Алашорда өкіметін жасаған қайрат­керлер ішінен қазақ әдебие­тінің алтын діңгек, сом тұлғалары шықты. Отаршылдықпен шайқас, артта қалушылыққа қарсылық, надандықты мансұқтау, азат, тәуелсіз демократиялық, дер­бес мемлекет құруды биік нысана ету, белгілі бір тап мүд­де­сі емес, жалпы ұлт мақсаты үшін күресу, өрке­ниетті нысана тұту — бұл ағымда болған ұлылы-кішілі азаматтардың барша­сының дү­ниетанымына ортақ, етене қасиет сапалар болатын.

Осы идеялар қазақ әдебиетінде бұрыннан бар үлгілермен қоса жанрлық формалар арқы­лы жүзеге асырылып, роман, драма, публи­цис­­ти­ка­ның соны түрлері туды. Әлем әде­бие­тінің класси­калық шығармалары аударылды. Сөйтіп, әсіресе Абай сабақтарын нысана тұт­қан, бұрынғы озық дәстүрлерді жалғастырған жаңа сапалы Алаш ұранды әдебиет тарих­ы­мыздағы ерекше кезең болып табылады.

Кеңес өкіметі мен Компартия тап тартысы, саясат, шаруашылық саласында ғана емес, ғы­лым, білім, идеологияның да тізгінін қатал тар­тып ұстап отырды. Дәлірек айтқанда, марксизм-ленинизм ілімін темір заңға айналдырды, бұра тартқандардың басын шап­ты, тілін кесті. Орасан зор мақсатты іске асы­ру үшін арнаулы ұйымдар құрылды (Пролетар жазушылардың ассоциа­циясы, Жазушылар одағы). Партия, қауіпсіздік комитеттерінде өнер қызметін бақылап, бағыт­тап, тексеріп, жазалап отыратын арнаулы бөлім­дер болды. Бұлар жазушы, әнші-күйші, суретші, ком­по­зитор, сәулетшілердің жазған-сызған, істеген-жасағанын ғана емес, жүрген-тұрғаны, ішкен-жегені, ымдаған-сөйлегеніне дейін түгел аңдып, жіпке тізіп, біліп отырды. Тап тар­ты­сы, орыс үстемдігі, коммунистік мұратқа кө­лең­ке тү­­сір­етін сәл нәрсенің өзі қырқылып, өшіріліп, жойылды. Бұл үшін жоғарыдан қау­лы-қарарлар түсірілді, оларды талқылайтын, жан беріп, жан алатын жиналыстар өтті, «күнәһарларға» тас боран жасалды. Кеңестік идеология санасына әб­ден сіңген, соған ұйыған, Алланы ұмытқан, мұ­­сыл­­мандықтан безген, обал-сауапты, рахым-қайыр­ды біл­мейтін қаныпезерлер әулеті қалып­тасып, олар ел тарихын мансұқтап, отаршылар алдында бас шұлғып, ұлттық игіліктерден безіп шы­ғып, санаткерлер төбесіне әзірейіл қам­шысын үйірді.

Уақыт өтті. Заман өзгерді. Кешегі бай, ке­дей, за­вод, фабрика, колхоз, совхоз, 8 март, 23 фев­­раль, 1 май, Халықтар достығы, Ок­тябрь ре­во­­лю­циясы, Ленин, коммунист, аза­мат соғы­сы, колхоздастыру, индустриялан­дыру, Отан соғысы, шаруашылықты қалпына келтіру, тың шабуылы, космосты игеру секілді тақырып қуа­лап, саяси тапсырыспен өнер заңдарын мансұқ етіп, соц­реа­лизм талап­та­рына жауап ретінде жазылған дәмсіз, нәрсіз, өтірік шығармалар бүгінде жер жастанды.

Алаш тарихын 1917 жылдан бастау шын­дық­қа келмейді деп білеміз. Тұтастай алғанда қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының нақты әрекеттері, әдебиеті мен музыка­сын­дағы сарын-мотивтер, данагөйлерінің ой тағылы­мындағы сан ғасырлық рухани қуат 1905 жылы жанартаудай атылды. Бұл әйгілі Қарқаралы құзырхатында (петициясында) көрініс берді. Қазақ елі орыс патшалығына қарағаннан кей­ін­гі әлеуметтік — саяси жағ­дай­ға толық баға бе­рілген. Жер-суға, экономикаға, мемлекеттік құ­рылысқа, мәде­ниет­ке, дінге, мектепке қатыс­ты талаптар нақ­ты айтылған. Осы көкейкесті ойлар 1913 жылдан шыға бастаған «Қазақ» газетінің негізгі арнасын құрады, 1917 жылы құрылған Алаш партиясы бағдарламасының жұмыс жүйесіне айналды.

Алаш қайраткерлері шоқ жұлдыз іспетті Қазақ елінің барлық өлкелерінде туған аса дарынды, жан-жақты таланттар. Олар пар­тия­лық ұйым­дас­тыру істерінде, құрылтайлар өткізуде, бағдарлама жасауда, көркем әдебиет­те, пуб­лицистикада, ғы­лым­да, педагогикада, дипло­ма­тияда қатар, тең ең­бек ете білді. Партияға мүше болған, ұлт үшін жан­дарын қиған мыңдаған қатардағы қаракөз тағы бар.

Алаш мүшелерін түгелдей қырып тастаған­мен, олардың идеялары қазақ халқының сана­сында, жаужүрек перзенттерінің іс әрекетінде жалғасып жатты. Бұл ретте Алаштың бас шы­ғармасын тудырған Мұхтар Әуезов, коммунист бола жүріп Алаш идеяларын іске асырған Сма­ғұл Садуақасов, Ілияс Омаров, Бауыржан Мо­мышұлы, Ілияс Есенберлин, Ермұхан Бек­ма­ханов, Бейсенбай Кенжебаев, Жұмабек Тәше­нов, Өзбекәлі Жәнібеков ерліктері ұмытылмақ емес.

Рымғали Нұрғали, академик