Айтылмаған қырғын

Сарбаздар (Ырғыз) көтеріліci-
Сталиндік-Голощекиндік зорлық- зомбылыққа, қуғын-сүргінге қарсы Ақтөбе округінің Ырғыз ауданының тұрғындарының бас көтеруі. Көтеріліс 1930 ж. 25 ақпанда басталды. Наразылыққа қатысушылар ақпан айында белгілі діндар Мұқатай Саматовтың мешітінде жиналыс өткізіп, АЛЛАға сыйынып өз орталарынан Қанаев Айжарқынды хан сайлайды. Бұл көтеріліске көбіне қазақтың кіші жүз Шөмекей сынды рулары қатысады. Көтерілісті басу үшін Волга бойы әскери округіне Саратов қаласынан подполковник Евсеев басқарған 8-атты әскер дивизиясының бөлімдері шақыртылды. Орынбор арқылы темір жолмен келіп жеткен, тачанкамен, пулеметтермен және аэропландармен жабдықталған, қаруланған жазалаушылар ен далада көтерілісшілерді қуалай атып, қанға бөктірді. Шешуші шайқас 1930 ж. 9 наурызда Күнқамыс деген жерде болып, онда төңкеріс басшысы хан А. Қанаев және оның 3500 серігі мерт болды, қызылдарда сондай шамада әскерінен айырылады. Коммунистер шығынға ұшырап жатқасын өлімнен қашпаған салт атты көтерілісшілерді пулеметпен қудалай атып, қылышпен кескілеп қырды. Бірнеше мыңдаған көтерілісшілер құрбан болды. 131 көтерілісші қолға түсті. ПП ОГПУ-дің Ерекше үштігі көтерілісшілерді белсенді түрде жазалады. Жазалау 1930 ж. шілдесінен 1932 ж. наурызына дейін созылды. Нәтижесінде барлығы 42 адам ату жазасына кесіліп, 262 адам әр түрлі мерзімге сотталды және жер аударылды.
Айта кетерлігі қазіргі Қазалы ауданындағы Қарақұмда «Шөмекей» қырылған дейтін жер бар. Бастаған көтеріліс Ырғыздан Қазалыға дейін жеткен. Алайда Кеңес одағы бұл архивтерді жартылай жойып жібергендіктен бұл қырғын туралы көп айтыла бермейды……………….

Online Qazaqstan