«Айнұр-Бек» күлкіңізді көріктендіреді

Атырау облысының Жылыой ауданындағы «Айнұр-Бек» ЖШС-нің тіс емханасы сапалы қызметімен жергілікті тұрғындардың көңілінен шығуда. Осы бағыттағы қызметтің қолжетімділігі мен сапалылығын көрсетуде тіс емханасы ұжымы өңірдегі тәжірибелі мекемелердің алдыңғы легінде аталып жүр. Қосай ЖастауұлыСтоматологиялық емхана өз жұмысын кабинет ретінде 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастаған болатын. Алғашында мұнда бар болғаны 4 адам ғана жұмыс жасады. Жеке меншік медициналық қызмет көрсетуді алғашқылардың бірі болып қолға алған тіс дәрігері Қосай Жастауұлы Кенжеғалиев осы кәсібінің қиыншылығы мен қызығын бір адамдай бастан өткеріп, бүгінгі таңда кәсіпкерлік ісімен ауданға танылды. Қосай Жастауұлының кәсіп ашудағы сенімді серіктесі бола білген зайыбы Жанат Есмұқашқызы Есмұқашева – балалар дәрігері. Ал Қосайдың өзі Ақтөбе медициналық колледжін тіс технигі мамандығы бойынша бітіріп, ұзақ жылдар бойы ауданның тіс емханасында қызмет атқарды. Жұмысында абыройлы болды. Енді заман өзгеріп, өз қабілетің мен іскерлігіңді толықтай ашуға мүмкіндік келген кезеңде ерлі-зайыпты мамандар озық ойларымен алдарына айқын мақсат қойып, игілікті бастамаларын жүзеге асыруға қайрат -жігерлерін арнады. Қастарына інісі, стамотолог, оташы, ортопед Кенжеғалиев Таңатарды, келіні Маралды  жұмысқа қосып, шаруа оңынан жүре бастады. Жалға алған екі бөлмені жөнге келтіріп, артынша жекешелендіріп алды.

«Осы жұмыстардың ретімен жүргізіліп, жүзеге асуында өзіме ақылшы, кеңесші болған тәлімгерім, ауданның танымал тіс дәрігері, мемлекеттік медициналық мекемені басқарған  Марат Шайхиевке алғысымыз зор. Ол кісі зейнетке шыққаннан соң біраз уақыт қасымызда жұмыс та жасады, – дейді Қосай Жастауұлы бізбен әңгімесінде. Шынында да жаңа стоматологиялық емхана аудан тұрғындарының денсаулығын қорғауда айтарлықтай қызмет көрсетуде. Себебі, адамның денсаулығын күтудің ең басында тіс, ауыз қуысы күтімі басты маңызға ие. Осыны емханаға келушілерге ем-домымен, денсаулық жөнінде сауаттандыру насихатымен жеткізе білген мамандардың емделушілері де көбейе түсті.

Айнұр Бек ЖШС директоры Жанат Есмұқашқызы-Бұрындары тіс салатын мамандар өзге ұлт өкілдері еді. Қазір жергілікті жерден осы кәсіпті жүрек қалауымен таңдап, оқып келген өз мамандарымыз шықты. Бұл да біз үшін мақтаныш, ізбасарларымыздың шеберліктерін шыңдай түсуін қалаймыз»,- дейді серіктестік директоры Жанат Есмұқашқызы.

Қазіргі кезде «Айнұр-Бек» стоматологиялық клиникасында 20-дан астам медицина қызметкерлері жұмыс жасайды. Олардың жетеуі категориялы білікті маман стоматолог-дәрігерлер. Осыдан бірнеше жыл бұрын Құлсары қаласының 3-ші ықшам ауданынан арнайы жер алынып, екі қабатты стоматологиялық емхана ғимараты тұрғызылды. Құлсарылықтарға енді жаңаша қызметтің лайықты игілігі ұсынылды. Емхана жаңа технологиялық құралдармен жабдықталып, тіс емдеу бойынша қызметтің түр-түрін атқарады. Жақында имплант қызметі де жүзеге асырылмақшы. Жергілікті тұрғындардың сұранысы мен әл-ауқатын толық зерттеп, біліп отырған серіктестіктің емханасында қызмет көрсету бағалары салыстырмалы түрде арзан. Сондықтанда мұнда тіс салдыруға кейде Атырау қаласынан да емделушілер келеді екен.

«Айнұр-Бек» ЖШС жанынан Құлсары қаласында тағы бір еншілес «Алтын-Бек» стоматологиялық емханасы ашылып, қазір ол да аяғынан тұрған жұмыс орнына айналды. Таңатар Кенжеғалиевтің ұлы Алтынбек биыл мектеп бітіріп, өз болашағын осы тіс дәрігері болу арманымен ұштастырыпты. Ұрпақ келешегін ойлаған ата-анасы балаларын алдағы өмір жолдарын жоспарлауға ерте баулуда. Ауданда жас маман кадрлар осылайша табысты жандардан үлгі алып, оларды өздеріне тәлімгер санауы да тәрбиенің өнегелі көрінісіндей.

Осы істердің ұйытқысы Қосай Жастауұлы жеті ұл, үш қыз өсіп- жетілген көп балалы отбасынан. Солардың арасынан Темірхан, Рахат ағаларының балалары өз мамандықтарын осы кәсіппен байланыстырып, қасында жұмыс істеуде.

Ұжым қызметкерлері аудан халқына тіс күтімін насихаттауды балабақша, мектеп, арнаулы орта оқу орындары арқылы жүргізіп, науқандық шаралар өткізеді. Нәтижесінде тұрғындар арасында сәби жастан бастап тіс күтіміне маңыз беріле бастады. Аудан бойынша тіс саулығы пайыздық есепте өткен жылдармен салыстырғанда жақсара түскен.

тіс емханасы ұжымы

­ -Тісі ауырмайтын адам болмайды. Әсіресе, тістің жылтыр эмалінің бүліну, тіс жегісі жиі кездеседі. Тістің бүлінуі тәттіні көп жегеннен, ыстық-суықтан, тісті дұрыс  тазалай алмаудан деп айтылады. Алайда тіс бұзылуының басты себебі- ішкі ағза мүшелерінің дұрыс жұмыс істемеуінен екенін ғалымдар анықтап отыр. Адамда  32 тіс бар, стоматологтер осы тістерді 8- ден бөліп, нөмірлейді. Яғни, жоғары мен төмен алдыңғы тістер сол жаққа қарай 8, оң жаққа қарай 8, барлығы -16-дан қатарласқан. Осы тістердің  дәл ортадағы екеуін 1-ші деп белгілеп, әрі қарай  ретімен кете береді. Міне,осы 1-ші және 2-ші тістердің бүлінуі қуық пен бүйректе, құлақта кінәрат барын білдіреді, 3-ші тістердің  бұзылуы бауыр мен өттің жұмысы дұрыс еместігін аңғартады. 4-ші тістер бүлінсе өкпе мен тоқ ішекте ауру болғаны, 6-шы тістердің бүлінуі асқазан мен асқазан асты безінің  жұмысы  бұзылғанын білдіреді. Ал 8-ші тістердің бүлінуі жүрек пен ащы ішектің жұмысы өзгерісінен хабар береді,     асқазан мен ащы ішекте  жара болса, көбіне  пародонтоз пайда болады, тісте тас  түзіледі, – дейді дәрігері-стоматолог, ортопед Таңатар Кенжеғалиев.

         Адамның тісіне қарап, денсаулығын бағалау ежелден белгілі. Қазіргі заманда тісінің саулығымен адам ағзасының қай мүшесінде ауру пайда болғанын аңғаруына болады екен. Егер емдеткен тісіңіз қайтадан ауыра бастаса, сол тіспен байланысы бар ағза мүшесіндегі аурудың асқынғаны. Сондықтан тіспен қатар ауратын жерді де арнайы дәрігерге қаратып емдеткен жөн. Тіс емханасына емделуге келгендерге денсаулық бағытында осындай түсініктер арқылы кеңестер беріледі.

         «Айнұр-Бек» ЖШС ұжымы өз қызметін бастаған жылдардан- ақ қайырымдылық шараларына қатысып келеді. Жыл сайын елімізде өткізілетін «Мектепке жол» акциясы бойынша Шоқпартоғай селосындағы, Тұрғызба ауылындағы орта мектептерде оқитын аз қамтылған отбасы балаларына көмектесу дәстүрге айналған. Стоматология ауданның Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен көп балалы аналарына тегін қызмет көрсетеді, кейбір топтарға арналған жеңілдіктер бар. Мұнан басқа да спорт пен мәдениет, жеке адамдар үшін қамқорлық бағытындағы көмектер, жоғары және арнаулы білім алудағы студенттердің оқу ақысы төлеуге демеушілік жәрдемдер жасалып отырады. Мұның айғағындай Алғыс хаттар мен Құрмет Грамоталары тізіліп тұр.

         Ұжым 2014 жылы Ұлттық Бизнес- рейтингілік сараптама бойынша «Сала көшбасшысы»  Ұлттық сертификатына ие болып, Қосай Жастауұлы салалық орденмен марапатталды, Таңатар Кенжеғалиев «Жыл маманы» атанды. Ал дәрігер-стоматолог Өткелбаева Алма Орынғалиқызы Ұлттық Бизнес-рейтингілік сараптамасы қорытындысымен «Еселі еңбегі және жетістігі үшін» Ұлттық орденімен марапатталды. Өз мамандығының шын шебері, жоғары санатты дәрігер стоматолог Көлбаева Жаңыл Қожағалиқызының есімі аудан халқына  жақсы танымал. Осындай білгір мамандар алдарына келген емделушілерге «көрікті күлкі сыйлап», риза сенімдеріне ие болуда. Ұжым мұндай жетістікке білікті басшылық пен өзара ынтымағы жарасқан бірліктің арқасында қол жеткізді.

Сондай-ақ «Теңізшевройл» ЖШС басшылығынан, INTERTEACH Халықаралық медицина Орталығынан алған Диплом мен Құрмет Грамоталардың орны бөлек. Мұнан басқа облыс, аудан көлеміндегі марапаттаулар және бар. Ұжым өз қызметкерлерінің білімін көтеруге, дәрігер- мамандардың санаттылығын арттыруға ұдайы көңіл бөледі. Мұны Республикалық семинар-курстарға, конференция, форумдарға қатысқандығын растайтын сертификаттардан көруге болады. Тіс емдеушілер өздерінің салауатты өмір салтын ұстанатын әдеттерімен жерлестеріне үлгі. Яғни аудандағы спорттық сайыстардың белсенді жеңімпаздары болып танылып, дене шынықтыру мен спортты насихаттау бағытында көзге түсуде. Кіші аяқ добынан аудандық біріншілікте, волейбол жарысында әлденеше рет жүлделі орындарды иеленді.

         Аудан тұрғындарының денсаулығын қорғауда, медициналық қызмет көрсетуде өздерінің адал еңбектері мен ізденісті қызметтерін арнаған «Айнұр-Бек» ЖШС-нің стоматологиялық емханалары Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспарына орай ұлттық денсаулық сақталу ісіне өз үлестерін қосып отырған даму үстіндегі ұжым.

                                                                          Светлана Муньянова,

                                                                          Суреттерді түсірген автор