«Адамгершіліктен екі алмаңдар!» Жарасқанның Әбдірашы

 

1. Жуырда мен букинистке бас сұқтым. Бала күнімде ұрланған бір кітап бар еді. Дәл сондай кітапты көзім шалды. Көзіме оттай басылды. Содан сатып алдым. Үйге әкеп парақтап отырсам, тура өз кітабым. Бірінші бетінде өзімнің аты-жөнім жазылған. Кітапты атам сыйлаған. Сыйлаған кезде жазған тілегі де сол қалпында тұр. «Көп жылдан кейін бұл кітап қайтып қолыңа түсіп, сен оны оқып шығарсың деп үміттенем» деп жазыпты. Үміті ақталды.
2. Үш апта бұрын мен біраз киімдерімді үйсіз адамдарға таратып едім. Бүгін саябақта кетіп бара жатып менің жемпірімді киіп алған бір әйелді көрдім. «Әдемі жемпір екен!» дедім. Ол да риза қалпында маған күлімсіреп қарап, «Иә, маған да ұнайды» деп жауап қатты.
3. Мен сусамырға шалдыққалы біраз уақыт болды. Екі жыл бұрын анам қайтыс болғалы оның мысығын үйге алып келгем. Жуырда түн ортасында оянып кеттім. Мысығым аяғыма шығып алыпты. Мияулап отыр. Бұрын соңды бұлай істегенін көрмеппін. Не боп қалды екен деп орнымнан тұрайын десем, қатты әлсірегендіктен тұра алмадым. Глюкометрімді алып қанның құрамындағы глюкозаның деңгейін өлшедім. 53-ке түсіп кетіпті. Қалыпты деңгей 70-120 аралығы. Кейін ауруханада дәрігер мысық уақтылы оятпағанда сол күйі оянбай кете беретінімді айтты.
4. Бүгін оның ауруханада жатқанына 127 — күн болар еді. Мен ол комаға түскелі барлық 126 күн бойы жанында отырдым. Түнде түсімде ол өліп қалыпты. Таңертең мен онсыз қалай күн көрер екенмін деген суық ой санамды шарпып өтті. Сол кезде телефон шырылдады. Ол екен.
5. Ертеңгісін әмиянымды жоғалтып алдым. Сәлден соң есігімді бөгде бір кісі қақты. Әмиянымды тауып алғанын айтып, әкеп берді. Қуанғанымнан ішіндегі 200 долларды ұсындым. Ол маған осының жартысы да жетеді деп жүзін алды. Таңертең өзі де дәл осылай әмиянын жоғалтқанын айтты. Сондықтан жартысын алуым әділетті болар деді. Сөйдеді де кетті. Біраз уақыттан соң қайтып келді. Менің ақшамды қайтып алып кепті. Өйткені, басқа бір әйел оның әмиянын тауып әкеп беріпті. Ішіндегісі сол қалпында деп қуанып тұр.
6. Таңертең жолда бір әйелдің дөңгелегін ауыстырып беруге тоқтаған едім. Түсте сол әйел мені қызылға өтіп бара жатқан көліктің астына жұлқып тартып, аман алып қалды.
7. Он бес жыл бойы бала тәрбиесі жөніндегі кеңесші болып істеген едім. Көп жыл өткен соң өзімнің бір тәлімгеріммен кезігіп қалдым. Бала күнінде мінезі қиын еді. Үнемі ашушаң, өмірге көңілі толмайтын өзінің. Бір күні көңілін табайын деп оған суперменнің суретін салып бердім. Суперқаһармандар ешқашан мойымай, әрдайым жеңістің туын биікке қадайтынын айттым. Қазір ол өрт сөндіруші екен. Жарты сағат өткен-кеткенді айтып сөйлестік. Қоштасар сәтте қойнынан әмиянын алып, ішінен мен салып берген сол суперменнің суретін алып көрсетті. Әлі күнге дейін сақтап жүр екен…
8. Бүгін жұмысқа шығатын күнім. Көп уақыттан бері мүгедектігіме байланысты үйде отырған едім. Мен жұмыс істейтін зауытта қатты жарылыс болып, менің екі құлағым да саңырау болып қалды. Қайта оралуым мен үшін нағыз мереке болды. «Сізбен қайта қауышқанымызға қуаныштымыз!», «Сізді сағындық!», «Қош келдіңіз!» деген жазуларды ұстап алдымнан шығып қарсы алған әріптестеріме дән риза болдым. Жанымда істейтіндердің тоғызы мен үшін арнайы ыммен түсінісуді меңгеріпті. Менімен сөйлесу үшін.

Аударған Шынар Әбілдә