Адалдық пен адамдық

Бүгінгінің талабы – адамдық. Адамдықтан кетіп, адалдықтан тайсаңыз, құрдымға құлайсыз. Адалдық, азаматтық – бұл да биікте тұруға тиіс адамның қасиеті. Азаматтықтан ауытқысаңыз, сенімге селкеу түседі. Біз – тәуелсіз елдің азаматтарымыз. Осы елдің көк туын биіктету – әрқайсысымызға парыз. Ол үшін түп негізі имандылықта жатқан адалдық пен адамдық сияқты қасиеттер биік тұруы тиіс. Халқымыздың бұл тұрғыдағы «Ұят кімде болса, иман сонда» дейтін даналығы еске түседі. Ұлағатты ұстаз Әуесбай Бақбергенұлы туралы айтқанда адалдық, адамдық, азаматтық қасиеттің бәрін молынан сіңірген иманжүзді азаматты танимыз. 

Талапшылдық пен табандылық

Әуесбай Бақбергенұлы музыка саласындағы ұстаздықта әдептілік сарыны мол, маңызы мен мәні зор қызмет еткен тәжірибелі музыкант-педагог, тәлімгер ұстаз. Әукең шәкірт тәрбиелеумен қатар, қазақ ұлттық ән-күй өнерін өрге домалатып, осы бағыттағы түрлі қалалық, облыстық, республикалық концерттің талайын ұйымдастырды. Көркемөнерпаздар ұжымдарына, кәсіби орындаушыларға, өнерсүйер қауымға ұлттық музыка өнерін асқан сүйіспеншілікпен насихаттап, саланың өркендеуіне ұзақ жыл бойына мол үлес қосты. Ұлттық музыка өнерінің нәзік те сырлы дүниесіне терең бойлап, кәсіби шығармашылық жоғары деңгейде жүзеге асырып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Әукең өнер саласындағы шығармашыл адамдарға тән алғыр әрі елгезек, сергек те сезімтал, сазды сарындық ойға бейім музыкант-педагог.
Әукеңнің өнердегі әсерлі-сезімдік, көркемдік ой тәжірибесінің, эстетикалық талғамының ғибратты өрісі оның шығармашылық және педагогикалық қызмет үрдісінен айқын байқалады. Ол музыкалық өнер мен педагогикалық қызметте, жалпы өмірде әрдайым ұсақ-түйек ой-әрекеттен ада, өзіне ғана тән көркем мінезді жаны жайсаң жан. Ұстаздығы мен музыканттығын айрықша ұштастыра отырып, білікті де елімізге танымал шәкірттер тәрбиелеген жаңашыл педагог. Жалпы, педагогикалық қызметте де, музыка мен мәдениет саласында, күнделікті өмір тұрмысына да ол тегіс үлгеріп, өзіне жүктелген іс-шара мен қызметтің бәрін талапшылдығы мен табандылығының арқасында тындырымды атқара білді. «Табандылық қолға қонар құс емес, жалтақтаған жандардың бұл ісі емес» дейтін керекулік ақын Аманжол Шамкеновтың өлең жолдары еске түседі осындайда.

Мінез – жанның айнасы

Әукең досым қызметте де, өз отбасында да өте қарапайым да жайлы, мінезі жайсаң, ақкөңіл жан. Ол жора-жолдас, дос-жаран, туған-туысын отбасына жиі шақырып, ақ дастарқанынан дәм татқызып, әңгіме-дүкен құрып, астарлы қалжыңымен көңіл шуағын шашып отыратын қолы ашық адам. Өзі сөзге шебер, әрі ән-күйден шашу шашып, отырысты әсерлі де қызықты етіп отыратын оның шақыруына бармау мүмкін емес. Адамдарға деген жанашырлығы Әукеңнің кез келген іс-әрекетінен сезіліп тұрады. Сүйікті жары Рабиға екеуі мәпелеп өсіріп-жетілдірген ұл-қызы мен еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет етіп жүрген шәкірттері, өзі жан-тәнімен берілген музыка саласын мейлінше білгірлікпен дәріптеген музыка өнеріндегі және педагогикалық қызметтегі жетістігі оның бүгінгі өмірін құнарландырып тұрғаны ақиқат. «Ала жіпті аттамағанның абыройы биік» демекші, өнегелі өмір жолындағы Әукеңді парасаттылық пен үлкен абыройдың иесі деп білемін.
Мен 1978 жылы Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесіне бейнелеу өнері және сызу мамандығының ашылуына орай жолдамамен қызметке келдім. Осы білім шаңырағына музыка пәні оқытушысы болып Әуесбай Бақбергенұлы да жаңадан жұмысқа орналасқан беті екен. Өз айтуынан Өскемен педагогикалық институтының музыка факультетін бітіріп, ән-күй пәні мұғалімі мамандығын игергенін білдім.Осы педагогикалық ұжымда Әукеңе ерекше назарым ауып, ой-түйсігіміз бен мінезіміз үйлесе танысып-білісіп кеткен жайымыз бар.

Шәкіртіне мейіріммен қараған

Абай атындағы педагогикалық училищеде бірге қызметтес болғаннан білемін: кейде тығыз шаруамен бір жерге бірге шығу қажет болғанда да студентті бос қалдырмай сабағын толық түсіндіріп, әр сөзін шегелеп айтып, музыка ырғағын зейін қоя тыңдап, кемшілігін ерінбей-жалықпай айтып, тапсырма беріп барып қана өз жөніне жүретін. Дәрісіне қатал болса да, былайғы өмірде шәкіртіне мейірім көрсетіп тәрбие берді. Ұстаздық пен өнердің қарбалас та қиын жолын шәкірттерімен бірге бөлісіп, қуаныш-қайғысына ортақтасты. Ұстаздарының қанатын қомдап, шабытын үстеген қолпаштауынан соң шәкірттері өнегемен бірге үлкен өнерге тәлімді жолдама алды.
Әуесбай Бақбергенұлы қазақ халқының музыкалық өнері мен мәдениетіне өзіндік ынта-жігерімен, талғампаз адалдығымен, музыкалық талабымен, еңбекқорлық жаратылысымен барынша адал қызмет етіп келеді. Бұл азаматты ұлттық музыкалық өнерімізді педагогикалық өнертанымдық зияткерлікпен зерделеген зерттеуші, насихаттаушы ретінде де қадірлеп-қастерлеуге бек лайық деп білемін. Әукең ұстаздық музыканттығымен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, ансамблімен аудандық, қалалық, облыстық және республикалық мәдени-ағарту, көркем-танымдық іс-шараға қатысып, олардың мән-мазмұнын саралап, ұлттық музыка мәдениетінде аянбастан тер төкті.

Еңбегі жанған ерен ер

Әуес досым Абай атындағы педагогикалық училищеде, кейін гуманитарлық колледж болып қайта құрылған осы ұжымда қол үзбей 45 жылдан аса оқытушы, екі рет кафедра меңгерушісі боп қажырлы қызмет етті. Ұстаздығынан бөлек, Әукеңнің әйгілі «Алатау» ән-би ансамблі бишілер тобына сүйемелдеуші баянист (1978), Красногор аудандық мәдениет бөлімінің басшысы (1982-1985 жж.) болып та еңбегі жанды. 1984 жылы ақын, сазгер Кенен атамыздың 100 жылдық мерейтойын ұйымдастыруға атсалысып, мерейтойға орай «Ойжайлау» фольклорлық ансамблін құрды әрі өзі соның құрамында өнер көрсетті. Бұл ұжым республикаға танымал болып, орталық қазақ телевизиясында концерттік бағдарламасын бергені есте. Сөйтіп, қырық жылдан аса еңбекте үздік қырынан танылып, ел ауқымындағы түрлі мәдени іс-шараның ұйытқысы болды.
Жамбыл гуманитарлық колледжінде ол жүздеген мәдени іс-шараның белсенді ұйымдастырушысы әрі баянның құлағында шебер ойнайтын баянист ретінде жас буынның кәсіби шеберлігін шыңдай отыра өз қолтаңбасын қалдырды. Әуес досым –педагогикалық әдістемелік жұмыстың бастамашысы, жастар музыкалық шығармашылығына бағыт-бағдар берген жаңашыл педагог. Мамандандырылған «Үміт» бөбектер үйіне «Ризашылық», «Қамқоршы күн» мерекелеріне жыл сайын білімгерлерінің концерттік бағдарламасын өткізіп, ризашылыққа бөленді. Қалыптасқан дәстүрмен ұстаздар мен шәкірттердің жыл сайынғы шығармашылық концерттерін ұйымдастырып, «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» фестивалінің «Жүрекке жылы әуендер», «Сағындырған әндер-ай» ретро әуендер байқауы мен фестивалінің белсенді қатысушысы әрі ұйымдастырушысы ретінде де белсене қызмет етті. Ол «Сағындым Кенен атамды», «Қазақ музыкасының шежіресі» конкурстарына ұйытқы болды. Әукеңнің жетекшілігімен «Қазақ халқының аспаптық музыкасының жастарға беретін ұлттық тәрбиелік мәні» тақырыбында әдістемелік нұсқауы, «Мектеп балаларын шығармашылық өнерге баулу» әдістемелік құралы жазылды. Ғылыми конференцияларға қатысып, мектеп оқушыларына ән сабағын оқыту әдістемесі бойынша баяндамалар жасауы педагог-практик, кәсіби музыканттың сан қырлы саңлақтығының айғағы деп білеміз.
Әуесбай қажы Бақбергенұлы бүгінде «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері, Қазақстан педагогикалық ғылымдар Академиясының мүшесі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Осындай дәреже-марапат иеленгенін жуырда ғана естіп-біліп отырмын. Әукеңнің жеке өз басының жетістігі мен марапатын жариялап, мақтана бермейтін қасиетіне қанықпын. Әдетте ол ұл-қызының, жақындары мен жора-жолдас, достарының жетістігі мен қуанышын дәріптеп, соған тамсанып отырады. Расында да осы бүгінге дейін Әукеңнің «мен» дегенін еш естімеген екенмін. Әйтпегенде, бүгінде көп адамның «менмендіктің» сойылын соғып жүргеніне көз үйренген ғой. Бұл досым өзінің емес, өзгенің – шәкірттерінің, жора-жолдасының, жалпы замандастарының жетістігіне ықыласты қуанышпен сүйсіне қарайды. Қолымыз жеткен кейбір жетістігімізге, мысалы, менің живопистік көрмелерге қатысуыма, ғылыми еңбектерімнің жарық көруіне, кандидаттық диссертация қорғауыма ерекше қуанып, өз лебізін білдіре жұрт арасында дәріптеді.

Ғұмырдың кейбір кездері…

Әуесбай досым кезінде өмірдің түрлі қиындығы мен әжуасына да, өзінің маңындағы адамдардың оғаш мінезіне де төзе білді. Түрлі кедергі-қарсылық пен жөнсіздікке шыдап бағып, барлық жағдайда да іс-әрекетін жөн-жосығымен орындап қана керауыздарды жеңе білді. Басынан өткен қаралы күндер, қайшылықтар туралы тіс жарып ешкімге айтпайтын. Өйткені өзгелердің өзін мүсіркеп, жанашырлық танытуын қаламайды. Бауырлары мен әпкелері өмірден озып, жанын жалғыздық сезімі бойлаған күнде де жүрегін жаншыған қайғыға мойымай, әрқашан өзін тік ұстады. Өр мінезі намысшылдығының белгісі болуы керек: ешқашан жан күйзелісін білдірмейтін, сұрану мен сұрауды білмейтін, тілемсектікке жаны қас өзіндік жеке қасиеттері де таңғаларлық. Жанашыр бауырлары өмірден озғанда да «бөрі арықтығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтар» деп, барынша ұстамдылық танытты. Ол жастайынан өмірдің әділетсіздігін, жетімдік зардабын көп көрді. Досымды тағдыр тәлкекке салғанда, көңілін көтеретін сөздер айтқан сәттерімде де ол еш сыр білдірмей өз-өзімен сырласқандай күй кешетінін байқайтынмын.

Имандылық жолында

Тағдырдың түрлі сынағынан сабақ алған оның өмірге деген сүйіспеншілігі мен әділеттілікке деген ынтықтығы болуы керек, Әукең бүгінде ақиқат махаббатына лайықты Алла Тағалаға жүгініп, имандылық жолына құлаш сермеді. Ол Алланы сүю иманның шарты екеніне мойынсұнды. Қазірде осы тұрғыдағы имани білімді игеріп, Жаратушымызды тану біліміне терең бойлап, имандылық жолындағы ұстанымын бекемдеп алды. Алла Тағаланы тану орайында ол бірде адасып, бірде тура жол тауып, қателік пен жетістіктері арасында өз арнасын тауып алғандай. Ол өз болмыс-табиғатынан діни таным мен имандылыққа бейім болған сияқты көрінеді өзіме. Оның мен байқап-білген өмір жолы осыны сезіндіреді. Досымның жүріп өткен қиын-қыстау өмір жолы Алла Тағалаға деген, өзі де байқамаған оның ішкі махаббатын ынталандырып күшейткен себеп-салдар болуы әбден мүмкін деп те ойлаймын бір жағы. Қазірде ол мен сияқты достарына, жалпы баршаға Алла елшісінің (с.ғ.с.) өз хадистерінде Алланы сүю иманның шарты екенін жеткізіп түсіндіруге тырысады. Алланы сүюге үндеп, Алла елшісінің (с.ғ.с.) сүннеті мен хадистеріне бойсұнуды уағыздайды. Бұл оның діни, ғылыми білімінің кеңдігі мен ақиқат пен әділеттілікке деген жанкешті ұмтылысы болуы керек. Алланы тану жолында ол мұсылманның бес парызының бірі – қажылыққа барып, Меккедегі қасиетті сапарын да өтеді.

Өмір белестері

Түйіндей айтқанда, Әукеңді шыңдаған өмірінің өзі төрт сатылы кезеңнен тұрады деп білемін. Досымның өмірі – балалық шақтағы әке-шеше мен бауырлардан ерте айырылу, әділетсіздіктің дәмін тату; жастық шақтағы жалынды өнертану ізденісі, білім мен шығармашылыққа құлшыныс; ересек кезеңдегі өмір тұрмысы: түрлі сынақтан өту, азғыру мен мазасыздықтан арылу, күйзеліс кезеңі, қоршаған орта қиындығына төзімділік, тұрмыс пен қызмет тауқыметіндегі әділеттілік пен шындық үшін күрес. Кейінгі ел ағасы кезеңі – түрлі отбасылық, тұрмыстық, қызметтік жетістік, ең негізгісі – ұрпақтарының жетістігіне бөлену мен Аллаға құлшылық етіп мінәжат ету. Бүгінде Әукең дос өзінің тәлім-тәрбиелік, ұстаздық кәсіби қызметін Алланың аманаты деп қабылдап, мұсылмандықты ту етіп ғұмыр кешуде.

Мият Баймекеұлы,
педагогика ғылымдарының
кандидаты, профессор