Аңғарбайдың сандырағы

Астаналық Аңғарбайдың уайымы соңғы күндері күшейе түсті. Күйгелектеніп, шыж-быж болып, өткен жылдардың сорабынан шыға алмай әлек. Ой дегенің құмай тазыдай алғыр ғой тәйірі. Қайда апармады десеңізші сүйрелеп. Өрге де апарды, еңіске де түсірді. Қуантты да, мұңайтты да. Алайда Аңғарбайдың қақшаңдаған басын жиі-жиі шайқауынан көңілінде бір өкініштің сартап болып сақталып қалғаны сырт көзге бірден байқалар еді…

Аңғарбайдың сандырағы
…Аңғарбайдың «көреген саясаткер, алысты болжағыш» деген «даңқы» бір-ақ күнде шығып, елді дүрліктірмесі бар ма?! Оқиға былай болған еді. Бұрындары кім көрінгенді жамандап арыз жазумен «атағын» шығарса, бұл жолғы «мәртебесінің» өсуіне ертеректе газетке жазған көлдей мақаласының септігі тиген. Қайбір шабыттан туған дүние дейсіз оны. Сәті бір келгенде «шырылдап» дүниеге келіп қалған шалабай ойдың жемісі еді ғой ол.
Ұмытпаса, 1997 жылы болуы керек. «Тіл туралы» заң Астананың төріндегі үкімет үйінде талқылауға түсіп жатқан кез. Қызыл кеңірдек болған тіл жанашырларымен, «тілсіз де нанын тауып жеп жүрген» билік басындағы кейбір жігерсіз, «шіріген жұмыртқа» шенеуніктер арасында өтіп жатқан «сөз айтысын» кәріс телесериалдарын іздеп отырып теледидардан көріп қалғаны есінен қайтіп шығар?! Тілге қатты жаны ашып бара жатпаса да, айқай-шуға бала кезден құмар болған соң, еріксіз телміре қараған. Ары-тарт та, бері тарт болған көкпар жиында ортаға тасталған серке — тілдің борша-боршасы шыққанын көзімен көрген. Ақыр аяғында екі жақ бәтуаға келгендей болып тарқасып еді-ау сол жолы. Сөйтіп, билікте майлы жіліктің басын мүжіп отырса да, сөз-арғымақтарының тұяқтары кетіліп, тегіс жерде мемлекеттік тілден сүрініп жатқан ресми тілді қауым 2010 жылы бүкіл қазақстандықтармен бірге өздері де қазақша сөйлеуге уәделерін үйіп-төгіп, дауға ұласқан жиынның «жалынын басып», алдағы 10 жылға деп межелеп, тілді меңгеруге үлкен жоба жасау-ды қолға алғаны әлі ойында.
Қай түлен түрткенін әлі күнге өзі де түсінбейді, республикалық газеттерде жарыса шығып жатқан «тілдің қамын жеген» алқалы жиынға алғыс айтқан «көңілі тоқ», «сілекейі шұбырған» риза мақалаларға «ерегесіп», «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» принципін ұстанып, екі күн ас ішпей отырып көлдей етіп жазған «сыни мақаласын», ешкімге бұйдасынан ұстатпайтын тәуелсіз басылым, «Ұрып-соқ» газетінің айқара бетіне салып кеп жіберген. Аңғарбайдың бұ-лайша жанталасуы «атың шықпаса жер өрте» дегенге келіңкірейтін-ді. Мақаласы бос мылжың, арзан ақыл, татымсыз ұрандардан құралғаны сондай, кешегі КСРО-ның басшылары сағаттап оқып ішіңді пыстыратын баяндамалардан аумайтын. Айқара беттің ішінен іліп алары «Қазір 2000 жыл. Олар (атын айтпайды) 10 жылда қазақша үйреніп шығамыз дейді. Мұндай ертегіге кім сенеді, ағайын?! Халықты алдаудың қажеті қанша?!» деген «жан айқайымен», ақылгөйсіп айтқан «Менің сөзіме құлақ түрсеңіздер өкінбейсіздер,10 жыл қазақша үйренуге өте аз уақыт, 20 жыл керек!!! 2020 жылы бүкіл қазақстандықтар қазақша сөйлемесе маған келіңдер, менің бетіме түкіріңдер» деп «қызынып» кеткен «сүбелі» жолдар бар-тұғын… Осынау ұрандатқан тіркестердің аузына қайдан түскеніне өзі де әлі күнге айран-асыр.
Газет таралымға шығысымен «текті ойдың» иесінің басына қара бұлт үйіріле жаздаған. Кімнің жолын кесіп кеттім деп, азарда-безер болып, мақаласынан бас тартуға дейін барған. Алғашында шолақ белсенділер тарапынан бейшараға қысым жасалған. «Өй, арызқой неме, жазушылық сенің неңді алған. Кемеңгер, ойлы кісілердің сарабдал саясатына қарсы шығатын басың мойныңа өкпелеп жүрме» дегенде, расымен-ақ басын түнде кесіп әкететіндей зәресі кетіп, соның зардабынан бірнеше күн ұйықтай алмай дөңбекшігенін айтсаңызшы… Үрейін алған сол күннен кейін саясатқа жоламай, қолына қалам ұстамай кеткен еді бұл пақыр.
Одан беріде (2000 жыл) көзді ашып-жұмғанша 13 жыл өтіп кетіпті-ау. Уақыт деген осы ғой сынаптай сырғыған… 2010-да қазақша сөйлейміз деп уәде берген шенеуніктердің уәделерінде тұра алмай қара басып сасқандарын, түрлі уәждер айтып қашқалақтағандарын (көзі ашық қой) бір жерден оқығаны бар. Содан кейін таяуда жоғары жақта тіл мәселесін қаузаған алқалы жиын өтіпті дегенді де құлағы шалған. Бірақ мән бермеген-ді. Шынын айтқанда, қорыққан байғұс. «Бәледен машайық қашыпты, құрысын», — деп, тілін тістеп үнсіз қалуды жөн көрген бұл жолы… Әлгі аталмыш жиында «тіл үйренуге 2010 асығыс шыққан шешім болды, дұрысы, қазақстандықтардың барлығы тіл үйреніп кету үшін 2020 жыл ыңғайлы екен» деген жұбату аралас сөздерді естіп, кейбіреулер бөркін аспанға атып қуанып жатқанда да селт етпеген жарықтық. «Тыныш жүрсең ұйқың да тыныш, ұзақ өмір сүресің», — деп қоятыны бар-тын өзін-өзі жұбатқанда.
Бірақ, кейін Аңғарбайдың мынаған көзі анық жеткен. Адамның бағы жанып, айы оңынан туайын десе, ешкім бөгет бола алмайды екен. Оған өзінің бүгінгі жарқын өмірі мысал. Кімнің, қайтіп есіне түскенін ит біле ме, көзден кетіп, көңілден өшкен, 2000 жылы маңайын «шулатып», басына қамшы үйіре жаздаған, «шаң басқан архивтегі» газеттердің ішінен баяғы «аты шулы», «Тіл үйренуге 2010 емес, 2020 қолайлы» атты мақаласын біреулер іздеп жүріп тауып алыпты. Сол-ақ екен журналистер соңына түскен. Көлеңкеде өскен гүлдей сарғыш тартқан тіршілігі күннің шуағын сезініп жайқалып сала берген. «Көреген саясаткер» деген атпен жақында ғана республикалық газетке сұхбаты шығып үлгерді. Ал Аңғарбайдың өзі: «2020 аузыма қайдан ғана түсті, ол да келіп қалды ғой, «құласаң нардан құла» деп, мақаламның жүгін көтеріп тұрған 2020-ның орнына 2030 деп жазып жібермеген екем», — деп, өкініштен бармағын шайнап жүр. Ондағы ойы 2020-да қазақ тілі төрге озбаса, бүкіл атақ-абыройдан жұрдай боламын ғой деген қорқыныштан туса керек.
Мұны басынан кешпеген адам қайдан түсінсін бірақ.

Нағашыбай Қабылбек