Ақылгөй торғай мен қарт адам

Ертеде бір адам торғайға тұзақ құрыпты, онысын көріп жүрген торғай «мен тұзағыңа қонбаймын, алпыс жасаған торғаймын» деп мазақтап ұшып жүр екен. Бір сәтте қатты жел тұрып, жаңбыр жауып бейшара торғай өзі де білмей тұзаққа ілігіп қалыпты. Содан кейін айтыпты, — Тақсыр, мен асылық істедім, сізді мазақтадым. Мені босатсаңыз сізге үш ауыз ақыл айтамын — дейді торғай. Қарт адам:
Жарайды, айт ақылыңды, — деп келісім беріпті.
Бірінші ақылым — көзің көрмей сенбе,
екінші ақылым — өнбесті қума,
үшінші ақылым — өткенге өкінбе — дейді де торғай анадай бір тастың үстіне барып қонып отырып:
Қария, мен неге ұша алмай отырмын — депті.
Қайдан білейін — деген екен қария.
Қанатымның астында асықтай алтын бар еді, соны көтере алмай отырмын — депті.
Мұны естіген қарт торғайға қарай жүгіріпті, торғай болса шоқырақтап ұша беріпті. Қарт ұмтылса торғай бір секіріп кетеді, енді жеттім десе тағы да сол. Бір уақыттарда әлгі адам әбден шаршайды.
Сонда торғай айтыпты :
— Сіз мен айтқан үш ауыз ақылдың бірде-біреуін қабылдамапсыз, — деп.
— Қалайша? — дейді қарт.
— «Көзің көрмей тұрып сенбе» дедім, сіз болсаңыз қанатымның астында асықтай алтын бар дегенде сендіңіз. Қай жеріме асықтай алтын сияды, «өнбесті қума» дегенде, осылай шаршап-шалдығып құстың соңынан үлкен адам жүгіре ме екен? «Өткенге өкінбе» қолда түсіп тұрғанда үшырып алсаңыз, ол сізге қайтып қона ма, оған өкінгенмен бола ма?!»