Ақтөбе облысында Есет батыр мемориалды кешеніне қарай жол төселді

Есет батыр Көкіұлының 355 жылдығы қарсаңында Ақтөбе облысында Алға ауданы Бестамақ ауылының маңында орналасқан ұлы қолбасшының кесенесі мен қорымына жол салынды.

Аталмыш жұмыстар облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бойынша демеушілік қаражатты тарта отырып орындалды. Ұзындығы 4,1 шақырым жолды асфальттау жұмыстары «Сине Мидас Строй» БК” ЖШС-мен жүзеге асырылды.

Бүгін облыс әкімі жолды қарап шығып, қысқа мерзімде сапалы жөндеу жүргізгені үшін құрылыс-жол компаниясының өкілдеріне алғыс білдірді.
Айта кетейік, 7-8 қазан күндері Ақтөбе облысында Есет батыр Көкіұлының 355 жылдығына арналған ауқымды шаралар басталады. Ақтөбеде театрландырылған қойылымдардан, концерттік бағдарламалардан басқа ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, оның ішінде аламан бәйге өтеді, бас жүлдеге автокөлік қойылды.

Сонымен қатар аймақ басшысы 41-разъезд ауданындағы «Оңтүстік айналма жол» автожолы мен «Ақтөбе-Қандыағаш» тас жолының қайта жөнделу барысымен танысты.

Мердігерлік ұйымдардың алдына ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін жұмыстарды аяқтап, көліктер қозғалысы үшін жолдың бір бөлігін ашу міндеті қойылды. Естеріңізге сала кетейік, «Оңтүстік айналма жол» және «Ақтөбе-Қандыағаш» автомагистральдары қайта жаңартудан кейін төрт жолақты болады. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталады.