Ақша бұлттар түнергенде (әңгіме)

Назарларыңызға Айзат Рақышеваның «Ақша бұлттар түнергенде» атты әңгімесі болған оқиғаның негізінде жазылған әңгімесін ұсынып отырмыз. Автор жөнінде қысқаша айта кетсек, Рақышева Айзат Серікқызы 1983 жылы 23 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Теректі аулында дүниеге келген. Жиделі ауылдық негізгі мектебін бітірген. Өскемен қаласындағы С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қазақ филолигиясы факультетін тәмамдаған. 2007  жылдан бері Алматы қаласына келіп, мектеп мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Сол кезден бері автор түрлі басылым беттеріне әңгіме, хикаяттарын жариялап жүр. Ұстаздықпен қатар 2007 жылдан бері халықаралық «ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN» газетінде штаттан тыс тілші болып істейді. Автор 2015 жылы қараша айында тұңғыш көркем жинағы «Өлгендер қайтып келеді» кітабының тұсауын кесіп, оқырман қауымға ұсынды.

 Төл туындысы жөнінде А.Рақышева: «Қарттар үйінде әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейтін адамның баяндауы осы көркем әңгіменің дүниеге келуіне тікелей себепші болды. Бір қазақ шаңырағының құлауы өмірдегі шындықпен астастырылып беріліп отыр»,дейді.

***********************************

Бұл-біреуге арман, біреуге жалған өмір сыйлайтын атақты Алматы қаласы.  Атышулы шаһар кейбіреулердің сағын сындырып, олар үшін мәңгілік орындалмас арман мекені болып қалады. Бағзыбіреулердің дәл осы қалада арман арғымағы арқырап, тасы өрге домалап, орындалған ойлары опындырмайтын. Қасен қария бұл қос санатқа да кірмейтін. Ол мұнда арман қуып, не бір мақсат жетегінде келмеп еді. Алматыға табан тіреткен қара басының қамы да емес-тін. Қарияны амалсыз  алматылық еткен жалғыз ұлының армандары болатын. «Қалаға үйреніп кетермін» деп ұлы мен әйелін алдаса да, қарт өзін алдай алмады. Ол үшін  қала жат, мүлде үйренісе алмас, ешқашан бауыр басып кете қоймас бөгде болып көрінетін. Мұнда таң ауылдағыдай арайлана атып, шапағымен жер бетін аяламайды. Бар болғаны зәулім үйлердің арасынан сыздықтай түсіп сығыраяды. Алматы кештері де Қасенге ауылдағыдай салтанатты сипатпен кербез қалып таныта алмайтын. Сәнін асырып, күні бойғы шаруа қамын тыныштыққа жасырып, жанын саябыр таптырмайтын. Қайнаған қала тірлігі қарияға тұрмыс теперішінен әлдеқайда қашып, бас сұғар пана таппай бүрсеңдей безілдеген бір бейбақтың күйін елестететін. Түрлі-түсті көше шамдары да Қасен үшін тым ыстық ауыл жарығындай жарқырай алмайтын. Қасен өзі қиып, алыста қалдырған, сағынып ойлаумен көңіл көзін талдырған аулын аңсап жүр еді…

-Мужшина, подскажите, пожалуйста, это какая улица? Ойға батып, аяғын санап басып баяу келе жатқан Қасеннің ойын бір жас қыздың даусы бөлді.Бағытынан жаңылысқан бір қара қыз ақсақалдан жөн сұрамаққа тоқтатты. Қасен қаракөз қыздардың осылай орысша шолтыраңдағанын мүлде жақтырмайтын.

-«Әй, еркек, мынау қай көше?»-деп айтатын аз-маз қазақшаң да жоқ па? Абай көшесі бұл. Қиылысты айтайын ба?-Қарияның үнінен қыңырлықтың лебі есіп тұрды. Шамасы жетсе осы қара торы қызды қазақша сайратып жібергісі келіп тұр. Оған пысқырған жас қыз болмады.

-Значит, мне надо идти прямо,-деп адымдай жөнелді.

-Иә, түзу жүр. Өмірде жолың түзу болсын,-деп кімге кейігені белгісіз, Қасен  қалың қабағын түйіп,үйіне беттей берді. Аулада қарама-қарсы пәтерде тұратын көрші шал ұшырасты. Амандасуға ыңғайланған мұны көрмегендей кейіппен жанынан жортып өте берді. «Өзі кісікиік пе, әлде менің сұрқым сонша сұсты ма?»-деп Қасен бесінші қабаттағы үйіне келіп кірді.

-Отағасы, мал қоралайтын уақытта шығатын әдетіңмен далада жүріп қайттың ба? Мен Әлинұрды балабақшадан алып қайттым. Қазір балалар да жұмыстан келеді. Тамақ қамына кірісейін,-деп бәйбішесі  Сәлима салдырлай сөйлеп қарсы алды.

-Малымды қамдап, берекемді босағама берік байлағандай көңілді жүретін едім. Мұнда төрт қабырғаға қамалдым да қалдым.-Қасен ауылын сағынып жүргенін осы сөзінен аңдатып алды.

-Отағасы-ау, мен сағынбайды деймісің сол шаңырақты? Ауылдағы ескікөздерді түсімде көрсем,«е, олар мені ойлаған ғой» деп қуанамын. Бәрі де баламыздың бақыты үшін жасалған тірлік болды. Жаудың қолында отырған жоқпыз ғой, бұл да өз үйіміз,-деп Сәлима бір жағы еріне сыздаған сағынышын сездіріп, бір жағы оған басу айтып қойды.Қасен ауыл төңірегіндегі әңгімені ұзартса, жүрегіне жасырған сағынышы тіптен тіріліп маза бермей қоярын біліп, немересінің жанына барып отырды. Төрт жасар Әлинұрының тәтті қылықтары оны күлкіге бөлейтін. Ойға шомып, мұңға бөгуге мұршасын келтірмейтін.

   Кешкі ас үстінде төрт көздері түгелденді. Келіні Зайра мен ұлы Өмірбек дастархан басында ата-аналарын сыйлап-ақ отыр. Ас үй Әлинұрдың былдыр тілімен шала-шарпы баяндаған әңгімелерімен шуға толды.

-Әке, бүгін балабақшада бізге Әнұран деген ән  үйретті. Бізге басқа жақтан аға-апайлар келеді екен. Біз Әнұран әнді сол кісілерге айтуымыз керек екен.

-Әлинұр, сен тәрбиеші апайдан кім келетінін сұрап білмедің бе? Барлық жаңалықтан хабардар болып жүруші едің ғой.-Өмірбек ұлын еркелетіп көтеріп қойды.

-Неге сен баланы өсек тасуға дағдыландырасың? Кейін үйдегіні далаға, түздегіні үйге таситын суайт болып кетеді,-деді Зайра әке мен бала әңгімесін теріс көріп.

-Зайра, өсегің не? Бала күні бойы бізді көрген жоқ. Өз жаңалықтарын бізбен бөліспегенде кіммен бөліспек?Әлде үн-түнсіз тамағын беріп, қолына қалта телефонын ұстатып бөлмесіне қуып тығайын ба?

-Жә, Өмір, Зайраның айтқаны да орынды. Бірақ баламен әңгімелесу де керек. Шайдың шырқын бұзбаңдар,-деп Сәлима ешкімді ашық қостай алмай бүгежектеп сөйледі.Біреудің үйінде отырғандай бөгеліп сөйлеп, жасқаншақтап отырған әйеліне қарап, Қасеннің іші ұлып қоя берді. Сол жайсыз сезімнен арылмақ болып немересіне:

-Қане, Әкөнай, айта қойшы сол үйренген әніңді,-деді.Зайраның қату қабағы ұлына әнді айтқызбады. Дастархан басынан үнсіз көтерілгендер жандарына бір ауыр түйінді жасырын байлап алып бара жатқандай еді…

   Алматының таңы атты. Сызылып, баяу атпады. Күн тұрғындарды тірлік қамымен ақ сәулесі жерге  түсер-түспестен тырбыңдатып, «жарығым барда қарманып қал» дегендей дегбірсіздене көтерілді.Ауылдағы әдетінше Қасен де, Сәлима да ерте тұратын. Бірақ бұл қылықтары келіндеріне жақпай-ақ қойды. Ол қосарлана ас үйге кірген енесін елемегендей, өзіне ұнайтын тәтті-пәттімен шай ішуге кірісті.Сәлиманың  жүрегіне ауыр тиетіні де келінінің осы қылығы еді. Бір үйде тұрып, бір дастархан басында шай ішпесе, несіне «бір отбасымыз» деп кеуде қағады? Естіген елден ұят емес пе?

-Қызым, неге жеке шай ішіп отырсың? Өмірге дастархан дайындап бермейсің бе?-Сәлима келініне жұмсақ сөйлеп, суық қабағының мәнісін білмек болды.

-Мен жұмысқа асығып барамын. Өмір керек болса өзі жасап ішсін. Мен ас үйді өзіммен бірге алып кетпеймін.-Келін мен ененің сөзі осылай тыйылды. Сәлима қызметкер келініне ештеңе деместен, өзі дастарханның реңін кіргізе бастады.Төртеуі дастарханды жағалай отырып, таңғы нәсіптерін ішіп-жеді.

-Өмір, осы Зайра неге көбіне көңілсіз жүреді? Қанша жақын сөйлесуге тырыссам да, іш тартар емес.-Ұлымен сырласып, ашық сөйлесіп үйренген Сәлима ойындағы түйткілін жасырмады.

-Апа, ол жұмысынан қатты шаршап жүр. Қызметіне тексеру келіп жатыр екен. Содан да сізбен емен-жарқын сөйлесуге шамасы келмей жүргені.-Өмір ақтағаны, не жақтағаны белгісіз жайма-шуақ тіл қатты.

-Түздің салқынын үйге әкелмесе жақсы болар еді.-Қасен бәйбішесін қостап, бір ауыз ой тастады.

-Әже, балабақшаға кеттік. Мен атам сатып әперген ұшағымды алып барамын. Иә деші, әже!-Әлинұр да өзіне ғана тән, бірақ өзінше қарбалас күнін бастап үлгеріпті.

-Ботам-ау, сенің балабақшаң үйдің іргесінде. Көшені кесіп өтсек, балабақша тиіп тұр. Несіне асығамыз? Одан да жақсылап тамақтан.

  Қызметіне баруға ыңғайланған ұлымен Қасен қабаттаса шықты. Аялдамаға дейін ұлын шығарып салмақ еді.

-Әке, бүгін мен өзімді бірінші сыныпқа бара жатқан күнімдегідей сезініп тұрмын. Тек шоқ гүл мен  көк аспанда қалықтай жүзген нар пішіндес ақша бұлт қана жетіспей тұр.

-Ақша бұлттан өзге ақ шаңқан үйлі ауылым да жетпей жүр маған.

-Әке, біз бір аспанның астындамыз. Ауыл да, қала да осы бір ғана астпанның астында, бір ғана Жер-ананың құрсағында тербеледі. Сондықтан ауылымнан шалғай кеттім деп көңіліңе күз шақырмасаң да болады.-Ұлы қалжыңға бұрып, әке жанын қалтқысыз түсініп жүргенін байқатып, Қасенді іштей қуантып тастады.

-Иә, Жер-Ана жалғыз, көк жалғыз. Ал менде ұл жалғыз. Егер көп ұлым болса, қайсысымен бірге тұрамын деп ойланып-толғанар едім. Ондай таңдау реті болса, ауылдағы ұлыммен қалар едім-ау!-Әкесі Өмірдің әзілін жандандырып, жарқын жүзбен жайраң қақты.

-Әке, сізде ұл жалғыз. Бірақ сол жалғыз ұлыңызда арман көп.

-Арманы жоқтықтан Алла сақтасын. Арманда, арында, балам!

-Әке,  әңгіме автобустың келуін тездетті ме, қалай? Күнде жарты сағаттан артық тосып, тағатымды тауысатын автобус келіп қойды. Кеттім мен, әкетай!

-Бара ғой, балам! Сені күнде осылай жұмысыңа шығарып салып тұрмасам. –Қасен ұлын арқасынан қағып, автобусқа қарай бет бұрды. Өмірі қолындағы папкасын кеудесіне қысып, бірнеше адым аттай беріп, қайта кері бұрылды.

-Әке, бүгінгі  кәсіби суретшілер байқауынан жүлдемен оралайын. Бата берші!-деп қиылды. Жөпелдемеде аузына жаттап жүретін баталарының бірі де түспей қалған Қасен сәл тұрып:

-Бүгінгі емес, бар күнің күлімдесін,

Өмірде ақша бұлтың түнермесін!-деп төтеден тауып кетті.

-Айтқаныңыз айнымай келсін, әкешім!-Өмір жылдам бұрылып, жылжып кетіп бара жатқан автобусқа мініп үлгерді. «Орда бұзар отызы ғой. Автобус түгіл шу асауға да қарғып мінер шамасы бар,»-деп әке жүрек баласына сүйсіне қарап қалды. Кенет ырымшыл қария өз-өзінен тіксініп, «түу, ұлымның автобусқа қарғып мінгеніне сұқтанғаным нем? Өз көзім өзіме қатты тиіп жүрмесінші. Тфә-тфә!»-деп қойды ішінен. Иә, ауыл қарттары ырымшыл келеді ғой. Әрі сол ырымның астарында шындық жататындай. Қасеннің Өмірге дейін егіз ұлдары болған еді. Сол бір иті тынбай ұлыған түні егіздерінен Сәлима екеуі көз жазып қалған еді. Қалың қардың қыспағында қалған ауылда ауырған қос ұлы ауруханаға жетпей, үйде көз жұмған болатын. Сол қазадан соң иті де тұмсығын көкке көтеріп ұлығанын қойып кеткен-ді.Содан бері Қасен қатты ырымшыл болып кетті.Содан да болар, әр күн сайын «жалғызыма жанның көзі, тілі тиіп кетпесінші» деп дұға етіп жүретін. Өткен күндердің елесін санасында самсыратып, Қасен үйіне оралды.

-Әлинұрдың қызықтары бітпейді ғой, шіркін! «А» деген әріп үй сияқты, мен өскенде атам екеуіңе сол «а» тәрізді үлкен үй салып берем» деп күлдірмеді ме жолда,-деп Сәлима ашық қабақпен немересінің тәтті қылықтарын баяндай бастады.

-Е, немереміз тілегіне жетсін. Оның бізге үй салып, өзінің шаңырақ көтергенін біз көреміз бе…-Қасен белгісіз мұң шырмауынан шыға алмай күбірлей сөйледі.

-Осы саған не көрінген? Не айтсам да, теріс жорып отырасың.-Бәйбішесі ренжігендей кейіппен үйді реттеуге кірісті.

 Қасен қонақбөлмеге келіп отырды. Үстел үстіндегі жайылған қағаздарға көзі түсті. Өмірінің салған суреттері ғой. Бұрын әр салған суретін көрсетіп жүруші еді. Енді неге екені белгісіз, әр туындысымен бөлісе бермейді.  Бірақ қарт ұлының жаны өзімен бірге екенін сезетін. Үстел үстіндегі қағаздардың арасынан көзіне бір сурет ерекше шалынды. Бір қарағанда-ақ бүкіл толқыныс-тебіренісін тербетіп жіберді.Суретте ауылы, ақ шаңқан үйі, түзу ұшқан түтіні бейнеленіпті. Мамыражай ауыл тірлігі ұлының қанық бояуларында тіптен тіріліп, көңіл түкпірінде көмулі ыстық сағынышын қопарып жіберді. Қасенге өзінің туып-өскен ұясынан алыс кеткені бір жаз емес, ғасыр толып кеткендей тым-тым жүрегін қарып түсті. Қасен үшін жұмақ мекендей көрінетін ауылының суреті оның қолында дір-дір етіп тұрды.

-Шал-ау, бір нүктеге қадалып не істеп отырсың? Тағы ойға батып  кеткенбісің?-Сәлима келіп иығынан қаққанда, құлпырған ауыл суреті қолынан сусып түсіп, бөлменің қақ ортасында тұрған шелекке түсті де кетті. Бөлмелердің бар шаңын жұтқан шелектегі қара су аппақ қағазды былғап тастады. Тіксініп қалған Қасен жалма-жан суретті жұлып алып, кемпіріне ажырая қарады.

-Алпыстан асқанша күйбеңдейсің де жүресің. Келін алып қолың ұзаратыны қайда? Келініңе өзің келін болып сызылып жүргенің. Бүлдірдің ғой Өмірдің суретін!

-Шал, шыдамымды тауыса берме. Келінім емес қызым ғой ол менің. Суға түскен суретке бола сонша ашуланғаның не? Не сурет ол?-Шелектен бояуы қашып шыққан суретке үңілген Сәлима терең күрсінді.

-Е-е, отағасы, ауыл бізге шерлі сағыныш болды ғой.

   Ортақ шерін бір-бірінен жасырғандай бұқпа күймен жүріп кешті де батырды. Сәлима Әлинұрын балабақшадан алуға асығып кетті. Қасен оңаша қалып, ой құрсауында қалғанды қанша жек көрсе де, ол қиын қыспақтан бұл кеш құтыла алмады. Кенет үй телефоны шыр етті. Селк еткен Қасен жалма-жан телефонды көтерді. Ар  жақтағы ұлы екенін жазбай таныды.

-Әке, сүйінші! Сенің ұлың қалалық кәсіби суретшілер байқауында бас жүлдегер атанды!

-Оу, балапаным, қалағаныңды ал! Ауыл суреті ме сені аспандатқан?

-Әке, қайдан біліп қойдыңыз? Мен ауыл жайын бейнелеп, жеңімпаз атандым. Менің көреген әкем…-Телефондағы дауыс кілт үзілді. Баласының қалта телефоны сұмдық оқиғаның сорақы дыбыстарын жеткізіп тұрды.Қасен қимылсыз сілейді де  қалды…

*************** 

   Құлазыған жұпыны бөлмеде үш қарт отыр. Әрқайсысы өз әлінше бір іспен айналысқансып қояды. Бірақ бірде-біреуінің бет-жүзінде шынайы өмір реңі жоқ. Құр сүлдерлері ғана. Терезе түбінде отырған  бір қария әлдеқайда  қадалып, тесіліп қалған. Оның тірі екенін қасірет табы тұнып қалған,оты өшуге айналған жанарынан ғана байқауға болады. Бұл сүреңсіз мекенге біздің қоғам «Қарттар үйі» деп ат қойып, арсыз айдар таққан. Ғұмырынң азынан көбін өткізген, бала-шағасын мақсаттарына жеткізген қариялардың келер орны бұл ма еді? Қарттар үйі емес, қорлық үйі деп атаса жарасар…

-Қаке, келіңіз. Шай ішіңіз. Шер тарқатысайық,-деп Елеусіз Қасенге жаны аши бет бұрды.

-Біз аяғаннан не пайда? Ол бейбақты Алла аясын,-деді тағы бір қарт самарқау ғана.

-Е, біреуді есіркеп-мүсіркейтіндей біздің қай жеріміз оңып тұр? Бар жетіскеніміз – мына меңіреу мекенге тез-ақ мойынсұнып кеткеніміз бе? Ал Қасен шын асыл екен, тамұқ тағдырдың темір қамытына мойын ұсынбай асаусып отыр.

-Алла маңдайға жазды, пенде көнді. Тулағанда қайтер дейсің? Өмір ғой, көндігіп кетер.

-Өмір? Мына тірі жанға керексіз болып сүмірейген күнімізді өмір деп атауға тұра ма?Өмір дейді ғой тағы да?-Қасен кенет жалт бұрылып, сөзге төтеден қосылды.

-Өмір деп атауға келіспесең, неге келдің бұл тозаққа? Менің ұл-келінім шет елге қоныс аударып, мені ескірген тулақтай жұртқа тастап кетті.-Елеусіз қасіретінің түйінін шешуге ағыта салды.

-Мені туған қызым артыққа балады. Масылсың деп маза бермеді. Соның қорлығынан кеттім емес пе?

-Өзім кеттім деймісің? Осы сөзіңе өзің сенесің бе? Сен өзің мынадай малғұн халді таңдап алдың ба? Ал менің бұдан өзге таңдауым қалмап еді. Кетірді ғой мені өз үйімнен, кішкентай Әлинұрымның құшағынан айырды ғой сұмдар. Күресерге дәрменім қалмады, лажым таусылды. Табан тіреген тұсым осы болды ақыры.-Қасен ұзақ сөйлеп кетті. Ашынып құсаланып, запыранын төге сөйледі. Ол зарлана үн көтерген сайын, жанындағы өзге бейбақтар уһілей қостап, көз жастарын төге мақұлдап отырды. Өйткені олар тағдырлас еді.

  …сол күн Қасеннің санасынан мәңгіге өшпейтін. Өйткені сол қарғыс атқан бір күннің сұмдығы ендігі өмірінің әр сәтін тозаққа айналдырып жүр. Өнер додасынан даралана шыққан ұлы Өмірбектің қуанышты хабар айтқан телефондағы үні соңғы лебіз болып  жүрегіне жатталды.Сүйіншілі сөздің соңын ала темір тажалдың шақыр-шұқыр еткен дыбысы мен Өмірінің ащы үні бір-ақ естілді.Бұдан кейінгі күндері Қасен үшін бір елестей болып көрінді. Ол өмір сүріп емес,сары түзде сағым қуып сенделген диуана күйге түсті. Аулынан көшкенде іші текке қан жыламапты. Қала мұның барын ұрлады, қымбатын тартып алды. Өмірбегі отызында ажал құшты. Өзі аңсап жүрген аулына Қасен барды, бірақ тойға емес, жалғыз ұлының денесін туған жер қойнына тапсыру үшін аһ ұра жетті.Сәлима бұл қайғыны тістене көтергісі келгендей, зар жасын төкпеді, сырт көзге тым салмақты көрініп, ескі көз таныстары мен ала көз ағайынның сыпсыңын үдетті. «Жалғызын жөндеп жоқтамады» деп шолақ ойлылар жел сөздің көрігін баса берді.Келіні кердең қалпынан аса өзгермей, сұп-суық дидарымен күйеуін соңғы сапарына шығарып салды.Қан тамшылаған жүрегінің солқылын тыңдап, жас қабір басында Қасен сол күні тым ұзақ отырып еді.Кемпіріне сүйеу болғысы келіп, көз жасын іркіп келген қарт оңашада ағыл-тегіл жылады: «Қара темірдің жолын кесуге неге асықтың, құлыным? Алпыс асып, жетпіске таянғанда, бір өзіңнен айрылып, сая таппай қалғаным-ай!Сен арман қуып барған ана шаһар шаттығымды біржолата үзді ғой. Боздағым-ау, сен кеткен соң не деп өмір сүремін? Тағдырдың қыл бұрауын мойындармын, білемін.Ала құйын болған көңілімді енді Әлинұрыммен демермін. Сенің көзіңдей көріп, немеремді аялап сүйермін. Қалған ғұмырымның мәні сол болмақ. Мұнда тағы да келемін. Жалғызсырамай күт бізді!» Отбасын ертіп қалаға оралған Қасенді тағы бір қайғы күтіп тұрды. Ішінен тынып, көз жасымен шерін шығармаған Сәлима ми ісігі дертіне шалдығып, көпке ұзамай-ақ қайтыс болды. Қасен туған аулына тағы да бір қимасын мәңгілік сапарға аттандыруға күңірене келді. Сәлимасын ұлының жанына қойып тұрып, қария бұл жолы мұң шаға кемсеңдеді: «Қайғыны да, қуанышты да бірге көтереміз деп серттесіп қосылып едік қой, Сәлимашым. Неге азапты жолда тастап кеттің Қасеніңді? Қасіретімізді сен қайыспай көтеріп келген едің ғой. Алдапсың мені , жарығым. Ішіңнен ұлып, сыртың құр күліп алдапсың мен сорлыны. Мені жалғыз қалдырып, кете бардың Өміріміздің соңынан. Құдайдан «алсаң, кемпірімнің алдында ал» деп тілек етуші едім мен күнде. Сол тілегімді Жаратушым қабыл етпей, екеуіңнің артыңда аңырап тұрған түрім бұл.Тастап жүре беретіндей не жазығым бар менің? Екеуің бірдей қайрылмай мәңгі кетердей не қателігім бар менің? Ауылдан көшпей, қырсығып отырып алғанымда бұл зұлмат күндер жырақ болар ма еді мына бізден?!Сорыма бола көштім ғой мен. Қара орманымды қаладағы ана тас қапасқа айырбастап солайша шырағымды өшіріппін. Жо-жоқ, шырағым толық сөнген жоқ, кішкентай күнім Әлинұрымды қайда тастамақпын? Сендер мұнда алаңсыз ұйықтаңдар, мен Әлинұрыма қамқор болайын. Иә, сөйтейін, қарақтарым!» Өзіне-өзі іштей бір сүйеу болар ойлар тауып, Қасен келініне еріп, қалаға кезекті рет қайтып оралды. Бірақ қасірет шынжыры оны бұл жолы да бұғаулап жібермеді…

-Е, Қаке, несін айтасың бұл өмірдің?Біз шыр етіп туғанда, пешенемізге осындай нәубет жазған екен Алламыз.-Елеусіз Қасеннің шер-шеменін өз басындағы ауыртпалықтай түсініп, көкірегін кере күрсінді.

-Елеке-ау, туа сала сондай зобалаң жазып беретіндей біз неден жаңылдық? Қартайған шағымызда осы жер ме ед панамыз?

-Менің қандай кінәм бар деп мен де жиі ойлаймын. Бірақ оңай-оспақ жауап таппай қиналамын күн ұзақ.

-Елеке, менің ұлым жар таңдаудан оңбай қателесіпті. Қара жер хабар бермесін, алғаны арсыз болып шықты ғой.-Қасен екі иығы селкілдеп, жас балаша егіліп жылап отырды.

  Өмірінің көзі кеткен соң, Сәлимасы өмірден өткен соң, Келіні күрт өзгерді. Алғашында оның дөрекі, суық қылықтарын Қасен «жастай жарынан айрылған соң, күйініп жүр» деп жорып аса мән бермеген. Алайда келіні күйік күйден есірік халге түсе бастағанда не әрекет қыларын білмей дағдарды. Әлі оң-солын танымаған бүлдіршін Әлинұрының болашағына алаңдап, мықты, қауқарлы болуға тырысып бақты. Бірақ келіннің бір-ақ ауыз сөзі Қасенді тірідей көрге тыққан еді.

-Шал, қысқасы, сен үйден кетесің. Мен мына үйді өз атыма аударып алдым. Сен аналарды аттандыру қамымен жүргенде, мен өз жайымды жайғастырып алғанмын. Жеке өміріме кедергі боласың. Кет үйімнен!

-Жеке өмір дегенің не пәле? Күйеуіңнің топырағы суыған да жоқ. Енеңнің артын күтпейсің бе тым құрығанда?

-Жеке өмірімді құрамын, ол тіпті құрылып та қойған.-Осы сөздерден соң Қасен іштей опырыла құлады, енді қайтып тұра алмастай еңсеріле құлады. Келіні тездетіп мұны Қарттар үйіне жіберу қамын орайластырды. Ал Қасеннің  қолынан келгені Әлинұрын қысып-сүю ғана болды.Жалғыз шырағынан оңайлықпен айрылғысы  келмеп еді, бірақ заң сол тексіздің ұпайын түгендеп берді. Қартайғанда баланы қамқорлыққа алуға болмайды екен. Келіннің аналық құқығы толық қорғалады екен. Оның күйеуінің қазасына бір жыл толмай жатып құрып үлгерген «жеке өмір» де заңды екен. Заңнан да, қоғамнан да пана таппай, ақыры келіп тығылған, тығырыққа тірелген тұсы осы болды.

-Елеке-ау, мен күрестім. Соңғы амалым қалғанша өліспей беріспеуге бар едім. Бәрі Әлинұрымның текті азамат болып өсуі үшін жасаған әрекетім еді. Қайтейін, қанша амалдап бақсам да, келіннің айла-шарғысын жұлқып күйретер күш таппадым.

-Қаке, таусылма, бұл да бір Алланың сынағы болар.  Алла сүйген құлын сынайды деген. Келінің жас қой, ес кірер бір күні-Елеусіз өзі де сенбейтін бір жұбату сөздерін айтқансыды. Онымен тағдырласының көңілін жұбатып жарытпаса да, ауыр үнсіздіктен қашып әлденелерді айта берді.

  Бұл Қасеннің Қарттар үйінде алғашқы және соңғы рет шер тарқатуы болды. Осыдан соң оның жағдайы күрт нашарлап кетті. Ас-судан қалып, тілден айрылды. Әлеуметтік қызметкерлер «бейімделе алмады» деп ауруына ат қойды.Қасен бұл жарық дүниеден сүйеніш, жер басып жүрерге мән таппай біржолата сынған еді. Төсегінен бас көтере алмаған қарияның көзіне ұлы мен әйелі, кішкентай немересі әлсін-әлсін елестеп, ол ара-тұра жымиып та қойды. Міне, ол туғандарымен бірге арқа-жарқа болып дастархан басында отыр. Немересі құлдыраңдап жүгіріп, көз қуанышығна айналған. Өмірі де нұрланып,жүзі шырайланып, әкесінің көңілін бағып отыр. Бала күнінен-ақ осындай сезімтал, қамқор болып өскен Өмірі жанында отыр. Сәлимасы да ажарлы қалпында шай ұсына берген…

-Аға, туғандарыңызға хабар берейік пе? Көргіңіз келетін кімдер бар?-Қасенге төне қарап қатты дауыстап сөйлеген  күтуші қызметкер екен.

-Менің көргім келетін ет жақындарым бұл дүниеде жоқ қой,-деп талықси үн қатқан Қасен тағы да елес-бейнелерге жақындап кетті. Бір атадан жалғыз екендігін ұмыттырған қайран ауылы ағараңдап тұр ма, қалай? Әупірімдеп сонда жетсе, мына тозақтың жеңілдер ме еді азабы? Әне, түтіні шалқы ұшқан өзінің аппақ ауылы ғой бұл. Көзі жайнаған кішкентай ұл Өмірі ме? «Әй, тентегім, неге сонша алас ұра жүгіресің? Діңкесі құрыған әкеңді сағыныпсың ғой! Келе ғой, балапаным! Апаң да келе жатыр екен сенің соңыңды ала! Асылдарым-ау, менің алдымнан жүгіре шығып, қуанышты, тіпті езу тартуды ұмытқан мен жазғанды бір жетістірдіңдер ғой. Сендерден басқа мені бұл өмірде шын қуантатын пенде бар ма еді! Мен қаңыраған қаладан өзімді  аялаған аулыма бара жатырмын. Жоқ, менің жылжи алмай тұрғаным не? Аяулы Сәлимашым мен бөбек Өмірім безілдеп өздері келе жатқаны несі? Маған не болды төрт тағандап?! Еңсемді езген ауырпалықтан арыла алмай отыра бермекпін бе? Жоқ, оным, сірә, жарамас. Ұмтылайын, бірге ұшайын Өміріммен, жарыммен! Қане, балам, қолыңды бер, бірге самғайық өзің жақсы көретін ақша бұлттардың үстімен! Бір қолымнан сен де ұста, ардақтым, үшеуміз де көктей тіліп өтейікші тағдырды!» Қарияның әлсіз созған қолдары осы сәт сылқ етіп құлап түсті. Қасеннің денесі тірлік нышанынан арылып, жаны жеп-жеңіл бір күйге еніп, қалықтай жөнелді.

  Дәл осы сәтте көк аспанда сән түзеген ақша бұлттарды кенеттен тұрған жел үйіріп әкетіп бара жатты…

Айзат Рақышева