АҚШ елінің Қазақстандағы елшісі Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесті

Сәуірдің 14 күні Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне АҚШ елінің Қазақстандағы елшісі Джордж Крол  келді.IMG_8714

Маңғыстау облысына ресми сапармен келген елші зияткерлік мектеп оқушыларына «Дипломат өмірі. АҚШ пен Қазақстан қарым-қатынасына 25 жыл» тақырыбында 8, 9, 11-сынып оқушыларына дәріс оқыды. Кездесу барысында ол АҚШ пен Қазақстан елінің арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынас туралы баяндады. Дәріс соңы зияткерлік мектеп тәрбиеленушілері мен елші арасындағы сұрақ-жауапқа ұласты.IMG_9006

Кездесу барысында мектеп әкімшілігі Джордж Крол мырзаға оқу орнының мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында арнайы кампус-тур ұйымдастырды. Тур барысында мектеп директоры Ермек Пайзов білім ордасының жетістіктері туралы, оқу орнындағы білім беру жүйесін айтты. Кампус-турдан соң елші «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» пәнінің кабинетінде болып, мектеп әкімшілігімен, оқу орнында білім беріп жатқан шет елдік ұстаздармен танысты. Сондай-ақ, елші мектеп кітапханасына «The United States»   кітабын естелікке сыйға тартты.

-Маңғыстау облысына сапарымда Назарбаев Зияткерлік мектебі менің есімде ұзаққа сақталып қалады деп ойлаймын. Оқушылар өздерінің ашықтықтары мен білімдері арқылы таңқалдырды. Оларға болашақта тек сәттілік тілеймін, -деді Джордж Крол.

Айман Оңғарбайқызы

Маңғыстау облысы