АҢШЫ

….Бүгінгі көрген қызықтарына көңілі толып , дәмі тіл үйірген еттен тамсана жеп отырған балаң жігіт:
– Әліде үйренерім көп екен-ау, – деді, таңданысын жасырмай.
– Аман болсаң дала кезген аңшылық өнердің талай құпиясын ашармын саған. Тек, аңшылықтың айла, тәсілдерін меңгердім екен деп аңдарды орынсыз қырғынға салуға болмайды, балам. Аңшылықта адалдықты, тазалықты талап ететін киелі кәсіп. Астамшылық жасауға болмайды. Оларда Құдай тағаланың жаратқан аңы. Олардың да жер басып, несібелерін теріп жеуге қақылары бар. Аң атқанда қашырып барып атқан дұрыс. Кемінде бір мүмкіндік беру керек. Оны аңда сезеді. «Ысқырып атқан киіктің обалы жоқ» деген бар. Яғни, қашып құтылуына бір мүмкіндік беру арқылы обалынанда құтыласың. Және де аңдардың төлдейтін уақытында тиісуге болмайды. Бұл жөнінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» дастанында буаз маралды атқан Сарыбайдың тағыдыры арқылы жақсы мысал келтірілген. Аң аулау – қызық қуып, қырып салу емес. Оның да өз жөн-жобасы, аулайтын және ауламайтын кездері болады. Қасқыр екеш қасқыр да киіктер төлдегенде тиіспейді. Дәл киіктер төлдейтін уақыттарда «мойыл» деп аталатын шөп өседі. Қасқырлар соны жейді. «Қасқыр, мойын жейін бе, мойыл жейін бе? – депті» деген сөз осыдан қалған. Мойылды «қасқыр жидек» деп те атайды. Осы мойыл жайлы мынандай бір аңыз бар: «Жаратқан иеміз қасқырды жаратқанда қасқыр: «Мен енді қандай тамақ жеймін?», – деп сұрапты дейді. Құдай тағала: «мойыл же!»,– депті. Сонда қасқыр: «Мойыл ма, мойын ба?»,– деп түсінбеген сыңай танытады. Сонда Жаратқан ие: «Мойын жесең тоймайтын боласың»,– деген екен. Содан бері қасқыр қойға шапқанда тек тамақтап кете беретін тойымсыз аш көзге айналған деседі.
Бұл қасқырдың ақыл-айласы кейде адамнан артық болады. Ертеректе басымнан мынандай қызық жағдай өткені бар, – деп қарт аңшы малдас құра ыңғайланып отырды .
– Мен қақпанды үнемі осы аймаққа құратынмын. Қақпанымда құр жатпай олжалы қайтып жүрдім. Бірақ кейінгі кездері осы төңіректе екі қасқыр пайда болып, қақпанға түскен олжамды қоймайтын болды. Әбдән дәнігіп алған немелер мен құрған қақпандарды айнала торып жүретін әдет шығарды. «Қап, бәлем, тұра тұр! Осыдан қолыма түсерсің!»,– деп мен де тістеніп жүрдім. Содан бір күні осы жуан жалға құрылған қақпандарымды шетінен бастап бақылап келе жатқанмын. Кенет алдымнан бір қасқыр шыға келді де жалт беріп биік жалға өрлей салды. Ара қашықтық жақын болған соң әлгі қасқырдың артқы аяғын сүйрете басып бара жатқанын анық байқадым. Менде атқа қамшы басып қуып кеп бердім. Қолымдағы алты таспа бұзау тіс қамшымды ыңғайлай ұстап:«енді құтылмассың!» деп қоямын тістене. Әбден ызасы өткен бұл қасқырды қалайда соғып алмаққа бекіндім. Бірақ алдымдағы шойнаңдай қашқан қасқыр жеткізер емес. Әне-міне қамшы сілтер тұсқа жеткенде жалт беріп жанамалай қашады. Өзі де жарақатын ауырсынғандай арасында омақаса құлап, бір аунап тұрады. Астымдағы тобылғы меңді торы да осал жылқы емес. Талай қасқыр қуғанда құтқармай, алдыңғы аяғымен тарпый теуіп белін үзіп жіберген кездері болған мінезді жылқы. Содан ақсақ қасқырды қуа, қуа ит тұмсығы батпайтын қалың сексеуіл біткен ит қиынның қалыңына келіп жеткенімді байқамай да қалыппын. Осы қалыңға кіргенде ақсақ қасқырдан көз жазып қалдым. Бірден атып алмағаныма енді өкіне бастадым. Ары-бері қарап, түк шықпаған соң кері қайтып, осы маңайға құрған қақпандарымды көре кетуді ұйғардым. Қалыңнан шығып әудем жерден көзге ерекше көрінетін, өзі бір шоғыр болып бөлек өскен сары шырпылы сексеуілдерге беттедім. Қақпанымды сонда құрғанмын . Көк жігерлі жуан томарға борсықтың майын жағып арнайы қасқырға құрған қақпаным еді. Бір шоғыр болып биік өскен сексеуілге жақындай бергенде астымдағы торы құлағын тіктей қадап тұра қалды. Торы аттың аң көргендегі үйреншікті әдеті бұл. Менде қамданып қалыңға тікелей кірмей сыртынан орағыта айналып, шолақ мылтығымның шүріппесін қайрдым. Айнала бере алдымнан жаңа ғана өзім қуып келген ақсақ қасқыр шыға келді. Бірақ бұл жолы қашпады. Бірдемеге мазасызданғандай күйгелектене айналшықтап, қалың сары шырпы балақтаған сексеулге бірнеше барып қайтты. Аяғының ақсақ дымыда жоқ, айнала жортып жүгіріп жүр . Ақыры әудем жерге жылыстап барды да шоқиып отыра қалды. Енді сәлдесін қасқыр айналшықтаған сексеуілдің түбінен кішкене бөлтіріктің басы көрінді. Аяғында қақпан. Ауыр тоқпақ байланған шынжырлы қақпанды тырмыса тартып, ызалана ырылдап қояды. Енді қасқырға қарасам басын аяғының үстіне қойып көсіле жатыр екен. Бөлтірігіне мөлие қараған екі көзі мұңлы көрінді. Қос құлағын қайшылай қозғап қыңсылаған аянышты дыбыс шығарады. Қасқырдың мұндай шарасыз күйін бірінші мәрте көруім. Өз терісін тірідей сыпырғанда қыңқ демейтін қасқыр, бөлтірігі үшін басын ажалға тігіп аңшының алдында жатыр. Сонша жерден мені ертіп әкелу үшін ақсаңдай басқан айласының өзі неге тұрады?! Бойымды аяныш сезімі билей бастады. Асықпай аттан түсіп бөлтірікке жақындадым да, қайтер екен дегендей қасқырға қарадым. Ол неге босада көндім дегендей орынынан тапжылмай жатыр. Әншейінде қасқыр көрсе осқырына қалатын торы атым да алаңсыз жайлып тұр. Тіпті, таяқ тастам жерде жатқан қасқырды ит құрлы елейтін емес. Бұл бір аң мен аңшының ортасында орнаған керемет бейбітшіліктің белгісіндей әсер етті маған. Бөлтірікті босатып қоя бердім. Сонда ғана орынынан жеңіл көтерілген қасқыр ақсаңдай басқан бөлтірігін ертіп жорта жөнелді. «Бұлар енді менің олжама тиіспейді» деген ой келді маған. Бұл ойдың басыма қайдан келгенінде білмеймін. Әйтуір бойымда сондай бір сенім пайда болды. Сол күні тек, қасқырға арнап құрған қақпандарымды түгелдей жинап алдым. Аңшылық түйсігім алдамапты. Сол күннен бастап қақпаныма не түссе де өзіме бұйыратын болды.
Арада жылдар өтіп, ақсақ бөлтіріктің де көкжал арланға айналғанын сырттай көріп жүрдім. Бір күні әлде бір шаруаларға айналып қақпандарға бірнеше күн кешігіп келдім. Астымда осы – Ақжал күрең. Ол уақытта Ақжалдың енді үйретіліп жүрген дөнен шықпа кезі . Жас күнінде тым секемшіл, үркек еді жануар. Жай аяңмен келе жатып бұта түбінен ытқып шыққан қояннан үркіп жалт берді. Ат үстінде алаңсыз отырған мен қалай ауып түскенімді байқамай қалдым. Жазым деген аяқ астынан ғой, аунап түскенде сексеуілдің көк жігері оң жамбасыма қадалды да қалды. Алғашында ет қызумен білінбеді ме, білектей томарды жамбастан суырып алдым. Жарақаттың беті ашылып қызыл қаным атқылай жөнелді. Дереу белбеуімді шешіп жуан саннан қысып байлап қойдым. Қан тоқтағандай болғанымен жанымды көзіме көрсете беу-беулетіп әкетіп барады. Әлі де толық бастығып үйренбеген Ақжал ат кетті жайына. Жаратқанға жалбарынып, жарақат аяғымды құшақтап құм арасында мен қалдым жалғыз. Қозғалуға шама жоқ. Тап осылай екі күн, екі түн өткенде әбден қансырап есім кіресілі, шығасылы болуға айналды. Бір есімді жиғанда айналамды қасқырлар төңіректеп жүргенін байқадым. «Ит-құсқа жем болып, айдалада өлген деген осы екен ғой» деп жатып талықсып кетіппін. Бұдан әрі қанша жатқанымды да білмеймін, есімді жиғанда құлағыма сөйлескен адамдардың дауысы жетіп, өзімнің қауіпсіз жерде жатқанымды сездім.
Кейін мені тауып алған жылқышылардан сұрасам, олар мені қасқыр қуып келе жатып көрген екен. Олардың айтуынша, бір ақсақ қасқыр тапа тал түсте жылқыға шабуыл жасайды. «Ажалыңа асыққан қасқыр шығарсың» деп ашуланған жылқышылар жарамды қос атпен қуып кеп береді. Әлгі ақсақ қасқыр не жеткізбейді, не алыстап кетпей бұларды бір түстік жерге дейін әурелейді. Сөйтіп мен жатқан белге келгенде бұларға қарасында көрсетпей жоқ болады . Тіпті аяғы сау қасқырда олай жүгіре алмас еді деп таңдана айтысты жылқышылар.
Мен сонда барып қалай тірі қалғанымның себебін түсінгендей болдым. Мен жараланып жатқанда келген қасқырлар баяғы ақсақ қасқырмен қақпанға түскен бөлтірік болар деп ойладым ішімнен. Ескі әдістерімен ақсаңдай қашып, жылқышыларды маған көмекке ертіп әкелген болып отыр. Міне ғажап! Қасқыр екеш қасқыр да менің жасаған жақсылығымды ұмытпағаны ма, сонда?! Айдалада қансырап өлгелі жатқанымда, өзім құтқарған бөлтірік келіп жақсылықтың қарымтасын қайтарғандай көрінді маған. Иә, тап солай болғаны анық. Тіпті, бүгінге дейін мені ажалдан құтқарған сол ақсақ бөлтірік екеніне күмәнім болған емес, – деп қарт аңшы сөзінің соңын нық сеніммен аяқтады….
Тойкенов Айдар ТЕМІРБЕКҰЛЫ

“Ұлыма хат” кітабынан үзінді