Ақтөбе облысында ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнесті дамыту үшін белдеу құрылады

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Хромтау ауданына жұмыс сапары кезінде Дөң кен байыту комбинаты, «Восход ориел» ЖШС мен «Ақтөбе мыс компаниясы» сынды  ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

  

Облыс басшысына кәсіпорын басшылары істің қазіргі мән-жайын, ұжымдық келісімшарттардың орындалуы, жұмысшылардың еңбекақыларының төленуі мен олардың құқықтарының сақталуы, әрі қарай даму келешегі туралы айтып берді.

  

«Қазіргі таңда өндірісте 7500 адам еңбек етеді. Комбинаттың жыл сайынғы қуаттылығы – жылына 4 млн хром рудасы. Көп бөлігі Ақсу мен Ақтөбедегі ферроқорытпа зауыттарына жіберіледі»,- дейді ДКБК директоры Азамат Бектібаев.

Зауыт басшылығына кәсіпорынға қызмет көрсету үшін шағын және орта бизнес өкілдерін тарту міндеті жүктелді. Облыс әкімі шағын және орта бизнес белдеуін тиімді дамытып отырған «Қазақмыс» АҚ-н мысалға келтірді.

«Барлық ірі компаниялар осы бағыттағы жүйелі жұмысты жүргізулері керек. Өз кәсіпорындарыңыздың айналасындағы шағын және орта бизнес белдеуін дамыту бойынша ұсынысты дайындаңыздар. Бұл шағын және орта бизнесті дамытуға, соған сәйкес халық табысының артуына да түрткі болады»,- деді Е.Тоғжанов.

  

Хром рудасын өндіретін «Восход ориел» ЖШС, сонымен қатар, 5 млн тоннаға дейін мыс-мырыш рудасын өндіріп, өңдейтін, жылына 60 мың тонна мыс пен 45 мың тонна мырыш шығаратын «Ақтөбе мыс компаниясына» да осындай міндет қойылды.

Бұдан бөлек, облыс әкімі бұдан да жоғары дәрежеге қол жеткізу үшін өндірістерді жаңғырту қажеттігін атап өтті.

  

Е.Тоғжанов: «Бұл күрделі инвестицияны қажет ететін өте күрделі міндет. Мен мамандарды шақыруға дайынмын, егер есептеулер бойынша көмек керек болса, барлық қажетті қолдауды көрсетемін. Бүкіл әлем қазірдің өзінде қайта бөлудің 5-6 деңгейінде жұмыс істеп жатыр, біз үшін үшінші деңгейден кететін уақыт келді. Бәріміз де ақырғы өңдеуге ұмтылуымыз керек»,- деп атап өтті.

Қызметтік сапар Хромтау қаласындағы проблемалық нысандардың құрылысын қараумен жалғасты.

Өңір басшысы бірнеше жылдан бері Хромтау қаласының 22-ші квартал шағын ауданындағы екі бес қабатты үйді әлі күнге дейін салып бітіре алмай жатқан “КСМК-АФ” ЖШС-н сынға алды. Облыс басшылығының алдында баяндама жасаған ЖШС өкілі жауапкершілікті жалдаған қосалқы мердігерге артқысы келді.

  

«Басында келісім-шартқа отырған мердігер жауапқа тартылады. Нысанды қатаң бақылауға аламын. Сіз 15 адам жұмыс жасайды деп баяндап отырсыз, негізінде алпыс адам болу керек! Өндірістік жұмыстардың кестесін құрып, үйлерді қысқа мерзім ішінде тұрғызып болыңыздар. Жұмысшылар саны көбейсін. Сіздерге қатысты материалдар құқық қорғау органдарына жіберілетін болады»,- деді облыс басшысы.

Өңір басшысы әлі салынып жатқан басқа нысан – дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде де болды. Бұл нысан басында «Қазхром» ТҰК АҚ-ның демеушілік жобасы деп жарияланғанымен, қаржы тапшылығы мен құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жұмыс тоқтатылды. Енді нысан бюджеттің қаржыландырылуына көшеді. Облыс әкімі құрылыс басқармасына кешенді аяқтау мерзіміне қатысты тапсырма берді.

Ералы Тоғжанов Хромтауды жаяу аралап, аула аумақтарының абаттандырылуымен, фуд-карта жобасымен танысты, «Кеншілер» саябағын қарап шықты да «Балдәурен» балалар кешенін жөнге келтіруді тапсырды.

  

Бұдан басқа, өңір басшысы Самара-Шымкент халықаралық тасжолынан Қопа ауылына апаратын жолдың орташа жөндеу жұмыстарымен, жүргізіп жатқан және ауыл ішіндегі газ құбырларының, сонымен қатар Құдықсай ауылына кіреберіс жолдың құрылыс барысымен танысты.

«Абай-Б» ЖШС мердігер мекемесі битум тапшылығын алға тартып, жол салу кестесінен қалып қойған.

Облыс әкімі қазір битум тапшылығы мәселесі шешілгенін және компания мойнына алған міндетін уақытында орындау керектігін атап өтті.

Құдықсайда облыс басшысы халықпен кездесті. Ералы Тоғажанов олардың барлық сұрақтары мен тілектерін тыңдады. Тұрғындардың денін газдандыру және жол жөндеу жұмыстарының аяқталуы толғандырды.

Облыс әкімі: «Газ құбырларын салу жұмыстары осы жылдың соңына қарай аяқталады. Газ болады. Жол да жөнделеді, бұл сұрақты қадағалайтын боламыз»,- деп уәде берді.

Айта кетейік, Құдықсай – Хромтау ауданында осы уақытқа дейін газсыз отырған соңғы ауыл.

Ералы Тоғжанов сол күні Әйтеке би ауданына барып, жекелеген ауылдық округтердің даму келешегімен, егін жинау науқаны мен нысан құрылысының барысымен танысты.

  

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі