Аға сұлтан Құнанбайдың Абақ керейге баруы

 

Патшалық Россия қазақ даласын аймақ-аймаққа бөліп басқарғанда, Семей қаласы бір аймақтың орталығы болып, орыстан келген губернаторға аға сұлтан Құнанбай және Барақ төре орынбасар болып тұрады. Күн сайын қысымға алып келе жатқан патша әкімшілігімен қарсыласып, өштесіп жүрген қазақ жігіттері Ақсақ Қиян, Табылды дейтіндер ақ патшаның үйезни нашалнигы ақ ояз (қазақтардың қойған лақап аты) деген ұлықты өлтіріп кетеді. Семей губернаторы олардың сары ізіне қанша түсседе ұстай алмайды. Патша әскерімен талай рет соғыс салып, ақыры өктем күшке әлі келмеген Ақсақ Қиян мен Табылды Өр Алтайдағы керей ішіне паналайды. Із-тозсыз жоғалып кеткен Ақсақ Қиян, Табылды делосы губернаторды қатты ашуландырады. Қазақтарға сенімсіз қараған ол оқиғаның бір ұшы сол Құнанбай мен Барақ төреде деп қарап, адамдарын арт-артынан аттандырып, айғақтарды сайлап, Ақсақ Қиян мен Табылдының қанат-құйрығы дегендерді Сібірге айдатады. Олардың Өр Алтайға өткенін білген соң, Ажы төре аталас туысы Барақ төре арқылыхат жаздырып екеуін ұстап беруді талап етеді де Құнанбайды Абақ еліне аттандырады, Барақ төрені қолда ұстап тұрады.

Ішкі жақта Ақ патшаның салған қыл бұрауы тақымына батқанмен, Құнанбай керей еліне аға сұлтандық салауатымен келеді. «Аға сұлтан Құнанбай абақ еліне аттанды, керей елі үстіне сиез ашады» деген сөзден хабар тапқан абақ балаларымен дау-шары бар найман, уақ, арғын және іргелес монғол тайпалары Құнанбайдың алдында дау-шарын бітіріп алу үшін даугер, шешендерін сайлайды. Аға сұлтан Құнанбайдың келуіне байланысты даугерлердің көп болатынын ескерген Ажы төре бастаған ел басылары Шәу жырау, Шегетай батыр, Көкен би, Жетібай би, Тілеуді қатарлылар мөлдір сулы, саялы Қаба өзенінің бойына елу үй тіктіріп дайындық жасайды.8b4135a36931c7b37fdbe3d893413823_XL

Керей елінің еті тірі азаматтарын жиып, сән-салтанатын асырып, дәулетін төгіпҚұнанбайды қарсы алуының бір ғана мәні бар еді. Яғни олар Көгедайдың бастауымен Өр Алтайға өтіп Қытайға қарап кеткен керейдің мекендеген жерін, байлығын, ел болып өскендігін көрсетпек еді. егер керей осы жолы өзін аға сұлтан Құнанбайға байқата алса, онда сол Құнанбайдың көңіл айнасынан шыққан сәуле арқылы бүкіл орта жүзге, тіпті анау батыста шалғай жатқан кіші жүз баласына даңқы жетер еді.

Құнанбай түскен үйге адам толып, қызу жиынның басталар кезі болады. қазақ билері бас қосқанда байырғы салыт бойынша біріне-бірі сөз тастасушы еді. Керейдің бұл тұстағы алғыр, шешен қариясы Шәу:

– Ал аға баласы, сөз бастаңыз,-дейді. Сонда Құнанбай өзіне ұсынылған сөзге құрмет етіп:

– Сөзді ауыл иесі болып отырған керей баласы өздеріңіз бастайсыздарда!- дейді. Бұл кезде үлкендерге орын беріп, төменде отырған, құлын тайжақы киіп, кәмер белбеу буынып, сапы асынған өткір көзі, ақсүр жігіт былай дейді:

– Біз қалай бастаймыз? Бұзылған ордамыз тігілмей келе жатқан елміз. Келген жеріміз Алтай-Сауыр болғанмен, бейіт белгісі, бесік үлгісі жоқ, алса бітім, берсе бітімді білетін монғол ортасында отырмыз. Ортасы ойылып, ордасы бұзылмаған ханы бар, заңы бар, аға баласы өзі бастайды да!

Сонда Құнанбай жас жігітке барлай қарап:

  • Болар, болар, өзі де болғалы тұрған жігіт екен. Аузының алпауыттай иесі, көмейінің сусылдап тұрған сұр жыланы бар жігіт көрінеді, жиын өзіде басталды емеспе!?- дейді.

Құнанбай алдында сөз бастаған бұл жас жігіт керейдің әйгілі шешені, айтулы күйшісі Бейсенбі еді. Содан басталған жиын қазақ рулары және монғол тайпалары мен керей-найман арасындағы бітпей келе жатқан дау-шарларға бітім жасайды. Құнанбай іздеп келген Ақсақ Қиян мен Табылдыны керей баласы ұстап бермей қорғап қалады. «Ақсақ Қиянның келгені рас, бірақ келген соң бір жыл тұрып өлген» деп анықтама жазып береді. Халық назарын қозғаған, Ақсақ Қиян, Табылды секілді азаматтарды губернаторға ұстап беру Құнанбайдай салауатты адамғада абыройлы жұмыс емес еді. Соны ойлаған Құнанбайда абақ басшыларының оларды ұстап бермегенін теріс көрмейді.

  • Сөздеріңізге сенейін. Бірақ, сол өлген Қиян қайта тірілмесін, тірілседе орысқа көрінбесін,- дейді. Құнанбайдың бұл сөзі «берген анықтамаларың өтірікке шықпасын» деп буындағаны еді. Аға сұлтанның осы базынасын ел аузынан естіген Ақсақ Қиян мен Табылды мұнан кейін Семей өңірінде бой көрсетпейді. Ажы төре бастаған абақ елінің қонағы Құнанбай жолдас-жораларымен аттанғанда, керейдің ақсақалдары қош айтысып, Бейсенбі қатарлы жастары құрметті қонағын ел шетіне дейін шығарып салмаққа бірге аттанады. Жүзден астам нөкерлі осы топ, Алқабек бойына таяғанда, бүркіт алып ит ерткен, жарау атты, жалаң саятшылары бар керейдің атақты байы Шәку алдарынан шығады. Ақбоз атты, ақтөбе тымақты Шәку бай анадайдан аттан түсіп қарсы жүргенде, бұл құрметке ілтипат жасаған Құнанбайда аттан түседі. Торғын тонын көлбіретіп қарсы келген Шәку топ алдындағы Құанбаймен құшақтасып, төске-төс соға амандасып:
  • Аға баласы (орта жүз рулары арғынды аға баласы деп атайды) Құнанбай мырза келеді деп естіп едім. Әкең Өскенбай біздің Жәнібек батырдың қызынан туған жиен екенін де білетінмін. Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қариясы шығатын салтымызда бар еді. Бірақ малымның күйі, баламның жәйімен бара алмадым. Бүгін ауылымыз күзеулікке түсіп кетті. Солай болсада, қайтып келе жатыр деген соң жолыңды тосып, дәм татырайын деп күтіп тұр едім, жеріміз шалғай болсада көңіліміз жақын. Ат басын бұрып дәм татып қайт!- дейді. Құнанбай қонақ болуға ат басын бұрғанда, еріп жүрген басқа елдердің билері Құнанбайға қош айтып кетпекші болады. Сонда Шәку ақсақал:
  • Ас атамыздікі, береке елдікі, қонақ көптікі емеспе!? Ел ағасы Құнанбайды шақырғаным, бәріңді шақырғаным, қане түгел жүріңдер!- деп топты өзі бастап Алқабек өзенінің бойына түседі. Құнанбай кең сайлы орман арасынан желісі тартулы, биесі байлаулы, қонақ үйлері тігіулі тұрған күтім орнын көреді. Шәку Құнанбайды күні-түні күтіп, келген жолыңа деп ат мінгізіп аттандырады.

Құнанбай осы сапарын еске алғанда:

  • Қытайға қараған Абақ керей баласы он бес мың түтіннен асып, дәулеті шалқып, елі өсіп, кегін жоқтар ер туып, дауын сөйлер би туып, бақ қонған елге айналған екен. Түбі бізідң қазақтың бір тянағы солар болар,- депті.

Асқар Татанайұлы

«Тарихи дерек, келеі кеңес» атты кітабынан алынды. Шыңжаң халық баспасы, 1987 жыл.