47 бос жұмыс орны ұсынылды

Аудандық “Жастар ресурстық орталығы” мекемесінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінің кіші залында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
Мекеменің аға инспекторы Әсел Елемесованың айтуынша тоғыз мекемеден 47 бос жұмыс орны ұсынылып отыр. Сонымен бірге жәрмеңкеде төрт бағытта кеңес беру алаңдары жастарға кеңес берді. Олар: жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы, психологиялық кеңес және “Серпін-2050” бағдарламасы негізінде жастарды қабылдады.
Бос жұмыс орындарына ұсынылған мамандық түрлерінің ішінде аудандық электр желілерін тарату мекемесінен екі электромонтер, “Қазақстан темір жолы” Жуалы мекемесінен теміржол станциясының кезекшісі, аудандық Орман шаруашылығы мекемесінен тракторшы, әртүрлі жұмысшы, аудандық орталық ауруханадан фтизиатор дәрігер, акушер-гинеколог және бірқатар мектептерден математика, орыс тілі және әдебиеті, музыка пәнінің мұғалімі мамандарының орны ұсынылған. Сонымен бірге Халықты жұмыспен қамту орталығы “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы бойынша 30 бос жұмыс орнын ұсынып отыр.
Жәрмеңкеге 130 кісі қатысты. Оның 52-і NЕЕТ жастар санатындағы жастар болса, 15-і пробация қызметінде бақылаудағы адамдар, қалғаны аудан тұрғындары. Жәрмеңке қорытындысы бойынша әзірге алты адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде біреуі пробация қызметінде бақылауда тұрған азамат.
Жәрмеңке барысында “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің этно-мәдени бірлестіктерімен жұмысты үйлестіруші инспекторы Әбу Бекарыс өзінің ақпан айында өткен жәрмеңкеге қатысып, жұмысқа орналасқанын, бүгінгі таңда жұмысының өзіне ұнайтынын тілге тиек етті.

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”