2020 Еліміз тоқ, жастарымыз намысты, билігіміз қайырымды, рухымыз биік болсын!

«Біздің мынау қолтаңбамыз басулы, құрметтеңдер жиырмасыншы ғасырды» деп Мұқағали айтпақшы, жиырмасыншы ғасыр қазақ үшін – құрметтеуге лайық ғасыр болды. Оны мойындауға тиіспіз. Қазақтың небір алыптары, алаштың небір саңылақтары, әдебиет пен өнердің талай дүлділдері, қоғамға танымал қайраткерлері әлемге қазақ атын әйгіледі. Танытты. Дара жол салды.

«СЕНДЕР АДАСПАҢДАР – АРТТАРЫҢНАН АЛАШ АДАСАДЫ»

  Сәуле Мешітбайқызы

Алаш азаматтары аңсаған азаттық та осы ғасырдың еншісінде тұр. Егеменді ел болдық. Етек-жеңімізді жинадық, шекарамызды шегендедік. Тұңғыш президентіміз, Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев та осы ғасырдың мартен пешінде қайнаған, «шойын илеп» ерік-жігерін қайраған, кеңестік биліктің «ескен арқанында» шираған, КСРО – дан тәуелсіздікті ең соңында алып «қинаған», әйтседе ормандай орысты ығыстырып, Астана салып дүйім қазақты жинаған ерлігі де ұмыт қалмауы тиіс!
Иә, 2020 жыл «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» кез болады деп сенген жұрт көп еді… Берілген уәде құмға сіңді, бағдарламалар сынға ілінді! Қайтеміз, тарихты зерделеген ұрпақ ақ пен қараның аражігін өздері аршып алар. Кім әділетті, кім әділетсіз оны өзара талқыға салар!….
Арпалысқа толы қым-қуыт заман, жанталасқан адам, мың құбылған қоғам. Қайда қарасақ та көретініміз, «Кедей байғұс бай болсам» деп тыраштануда, «бай шіркінің құдай болсам» деп құлаш ұруда. Адам баласына тән – тойымсыздық пен ойсыздық, тәкапарлық пен даңққұмарлық, іштарлық пен дүние боққа деген құштарлық самалы әр тараптан есіп тұр. Көпке топырақ шашпайық. Ел іші болғасын жақсысы мен жаманы, есілі мен есірі, ақылдысы мен ақымағы, ойлысы мен тойымсызы, арлысы мен жарлысы, атаққұмары мен даңққұмары қатар жүрмек. Кімнің кім екені елге бесенеден белгілі. Баяғыдай емес халықтың көзі ашық қазір. Билікке де төрелік айтуға жарап, айтқанын істетіп тұр. Шалыс басқан қадамды, жемқорлыққа үйір болып шенін сатқан адамды сонадайдан таниды. Талан-таражға түскен ұлт қазынасының да қайда құйылып жатқанынан, кімдерге бұйырып жатқанынан хабардар. Қалай хабардар болмасын, данышпан Абай атамыз «Өлең деген өсекші – жұртқа жаяр…» деп сырын айтуды жасырса, әлеуметтік желі деген өсекші – бар қауесетті әлемге таратуда. Оған әзірге «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Сыпсың сөз бе, рас сөз бе, ерте ме кеш пе айқындалар. Мәңгілік ешкім жоқ! «Аққа құдай жақ». Ұлтым деген озар, ұлтын тонаған тозар дейміз дағы ақырында!
Сондай-ақ, жоғары жақта болып жататын есепке құрылған кейбір ауыс-түйістерге де ел күле қарайды. Халықты алдарқату жолындағы түрлі айла-шарғылар да діттеген жеріне жеткенімен, халықтың өткелінен өте алмасы тағы айқын. «Халық айтса, ешқашан да қалып айтпайды» ғой негізі… Халық – құдайдың бір аты деген дана бабаларымыз данышпан ғой.
Жер-жаһанды шегі мен шеті белгісіз мұхитқа теңесек, біреу тойып секірген, біреу тоңып секірген дәуір кемесінде Қазақия деген мемлекет те қалт-құлт етіп жүзіп келеді. Бәлкім ерте тәуелсіздігіне шыққан, дамудың шыңына шыққан елдерден тым алшақ болар. Әйтседе болашаққа деген іңкәр – үміт желкені, нарық дауылына бой бермей өршелене алға ұмтылуда. Алла Тағала жолын оңғарсын деп тілейік.
Әйтпесе талай – талай мол қазына артқан, ұзақ-жолда арып-ашып азап дәмін татқан, сондай сәтте еш қиналмай ұлтының салт-дәстүрі мен ана тілін сатқан – ел сенім артқан шенділері мол байлықты бөлісе алмай ары – бері тартқан, жақ-жақ болып қырқысып ең соңында тұтас халық – жаһандану теңізіне батқан кезеңдер болыпты. Сөйтіп жер бетінен жойылып, тоз – тозы шыққан деседі көне тарих беттері. Одан сабақ алу бүгінгі біздің билікке сын! Өйткені ұлттың өсуі мен өшуінің арасы бірақ қадам! Ұлтты жоятында, керісінше ұлтты өз орнына қоятында қолында билігі бар азаматтар.
«Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адаспаңдар – арттарыңнан алаш адасады: арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар» деп еді-ау ақылман Ахаң – Ахмет Байтұрсынов. Осыны ойлай жүретін басшы бар ма? Болса қайда?

ЕЛ ТІЗГІНІ  СЕНІМДІ ҚОЛДА  БОЛСА, АЛАҢДАУҒА НЕГІЗ ЖОҚ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші президент. Оған артылған сенім жүгі өте ауыр. Себебі қазір әлем басқа! Адам қасқа! Экономикалық даму қарқыны бөлек. Қырық құбылған әлемдік сауда, сан түрленген баға, жаһандық төңкеріс бәрібір өз дегенін жасамақ. Демек, оған төтеп беру үшін түлкідей айлалы, қасқырдай қажырлы, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты болу ләзім. Аллаға шүкірлік айтамыз, президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағынан бес аспап. Қарапайым келбеті, дипломатияға жетіктігі, алыс-жақынды көрген тәжірибесі, зиялы болмыс-бітімі – бұл кісінің ұлтқа қызмет жасауға дайын тұлға екенін аңғартады. Тіл-көзіміз тасқа!
Енді Ел Президентінің 9 айда атқарған жұмысына қысқаша шолу жасап көрелік.Шымылдығы жабылған 2019 жыл ел жылнамасында айтулы оқиғаларымен есте қалды. Бұл, ең алдымен, егемен еліміздің қалыптасып, дамуына зор еңбек сіңірген Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған сәттен бастау алды. Одан кейінгі еліміздің саяси өмірінде маңызы зор оқиға – Президент сайлауы. Биліктің ауысуы, сайлау науқаны Ата заңымызға сәйкес жүзеге асырылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы халық алдында ант бергеннен кейін Мемлекет басшысы ретінде бірден жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті. Еліміздің бүкіл өңірін аралап, халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысты. Көптеген халықаралық кездесулер өткізді, шет елдерге сапарлармен барып, маңызды келіссөздер жүргізді.
Биыл Мемлекет басшысының қатысуымен жалпы 463 іс-шара өтіпті. Оның ішінде еліміздің аймақтарына 25 рет жұмыс сапарымен барыпты, 249 қабылдау өткізген. 31 елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлесіпті.

Осы тоғыз айда Қасым-Жомарт Кемелұлы 12 елге іс – сапармен барған. 9 халықаралық жиынға қатысыпты. Ол аз десеңіз халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекетаралық байланыстар мен өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында 100-ге жуық халықаралық кездесу өткізген. 23 шетелдік елшіден сенім грамоталарын қабылдап, Қазақстанның шет елдердегі 30 елшісін тағайындаған. Сонымен қатар Қазақстанның 6 мемлекеттегі дипломатиялық миссиялары Елшілік ретінде қайта құрылғанын қосайық.
Жалпы биылғы 20 наурыздан бері 45 Заңға, 226 Жарлыққа, 68 Өкімге қол қойылыпты. Президенттің қатысуымен өткен жиындар бойынша 49 хаттама толтырылғанын назарда ұстайық.Ел Президент биылғы 9 айда 112 796 шақырым жол жүрген. Оған 181 сағат 36 минут уақыт кеткен көрінеді.
ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі мен Президенттің Виртуалды қабылдауына азаматтардан 1 тамыздан бері 15 669 өтініш келіп түскен, оның 4025-і Президенттің Виртуалды қабылдауы арқылы қабылданған. Осылардың бәріне уақтылы әрі тиісті жауап беріліпті. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалып жатқанын дәлелдеп, халқымыздың әл-ауқатын арттыру мақсатында маңызды бастамалар қолға алынғанын көрсетеді. Атап айтқанда, осы аралықта қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды.
Бұдан бөлек, қиын жағдайға тап болған отбасыларға (көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар және т.б.) әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 500 мыңнан астам азаматтың, 300 мың теңгеге дейінгі несиелік қарызы мен үстеме төлемдері кешірілді. Бұл жалпы алғанда 107 млрд теңгені құраған.
Сонымен қатар Сириядағы отандастарымызды қақтығыс алаңынан алып шығу мақсатында қолға алынған «Жусан» операциялары сәтті іске асырылды.
Қазақстан Президенті жалпы халықаралық сапарлары барысында шетелдік мемлекет басшыларымен бірлесіп 8 брифинг және 3 баспасөз мәслихатын өткізген. Оның отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне берген 16 сұхбаты жарияланды.
Қасым-Жомарт Кемелұлының Президенттік лауазымдағы қызметі, атқарып жатқан жұмыстары туралы жалпы 26 деректі фильм түсіріліп, олар республикалық телеарналарда көрсетілді.
Мемлекет басшысы Твиттер әлеуметтік желісін 2011 жылдан бері белсенді қолданып келеді. Мемлекет басшысының твиттерінде 137 мың оқырманы бар. Биыл еліміздегі өзекті мәселелерге, қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) 862 твит жарияланды.
Сәуір айында ғана ашылған Қасым-Жомарт Кемелұлының инстаграм желісіндегі парақшасына миллионға жуық (955 мың) жазылушы тіркелген. Бүгінге дейін 60 пост жарияланды.
Ұғынған адамға Президент болудың машақаты мен рахаты, қиындығы мен қызығы, бейнеті мен зейнеті қандай болатынын осы тоғыз айдағы атқарылған істерден көруге болады. Қаншама жауапкершілік, қаншама жүйке мен төзімге тиер ауыр сынақтар. Мысалы бір отбасының өзінде түрлі мінездегі адамдар тоғысады. Олардың әрқайсысы әр тарапқа тартатыны тағы бар. Оларды ынтымаққа шақыру, ауызбіршілікте ұстаудың өзі бір жұмыс. Ал мемлекет үлкен – отбасы. Миллиондар тоғысады. Қызмет барысында сатқындықта,жемқорлықта, қатігездік те, озбырлықта кездесіп жатады. Оның бәріне президент жауапты. Өйткені отқа күйетін, шоққа шыжғырылатын сол. Бәрі үшін жауап беретін де сол! Сондықтан мықты команда жасақтау, сөйтіп еңсесін тіктеп асқақтау да оңай емес. Маңына қулығы мен сұмдығы көп адамдар жиналып алса – олардан арылу да президентке бір жүк. Өйткені күні үшін жүрген қулардың мемлекетке, ұлтқа тигізер залалын сөзбен айтып тауысу қиын шаруа! Елден алғыс аламын деп жүрген президенттің қарғыс арқалып кетуі де қас-қағым сәт!
Мұны еріккеннен жазып отырғанымыз жоқ, ел басқару ісінің қаншалықты қиындығын көрсету үшін жасалған әрекет деп пайымдасаңыздар болады.

ПРЕЗИДЕНТ  ТАПСЫРМАСЫ ОРЫНДАЛМАСА, ҚАЛҒАНДАРЫНАН НЕ ҚАЙЫР?

Президент Тоқаевтың «Құзіретсіз шенеуніктерден құтыламыз» деген сөзі халыққа ұнады. Бұл да болса президенттің халыққа жақындау жолындағы бір бастамасы деуге тұрарлық игі іс! «Әрбір шенеунік біз халықтың бөлігі екенімізді, халық үшін және халық арасында жұмыс істейтінімізді есте сақтау керек. Мемлекетті тыңдайтындар – қағазбастылықтың жоқтығы және оны азайту. Бұл – цифрландыру негізінде барлық процедураның ашықтығы. Мемлекеттік билік жүйесіне басқарушылардың жаңа толқынын тарту керек. Халық үнін тыңдайтын мемлекетте әрбір адам өзін қауіпсіз сезіну керек және шенеуніктер тарапынан болатын құзіреттілікті бұзған жағдайда қорғалу керек. Мұндай шенеуніктерден түпкілікті бас тартамыз және құтыламыз», – деуі шынымен де көкейге қонады. Әрине бүгін берілген тапсырманың ертесіне жүзеге асып кетуі қиындау. Себебі жүйедегі шатасқан түйін, аласапыран құйын істер көп. Оларды рет-ретімен жолға қоймаса, ақырындап біртіндеп жоймаса тағы болмайды. Сондықтан қарға тамырлы қазақтың билікке деген кейбір өкпе-ренішін президенттің сезіне білуінің өзі жақсылық нышаны. Билік жүйесіндегі толып жатқан кемшіліктер мен кеңшіліктер, жемқорлар мен кең қолдар итжығыс түсіп жатыр. Сондықтан бір реформаның қажеттігін көзі ашық халық сезіп те – біліп те отыр…
Әріге бармай-ақ беріден қайтайық. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттеріне берген сұхбатында: «Әкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мәнінде халықты жалықтырды және жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіреді деп ойлаймын. Біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар» деді. Әп-бәрекелді! Президент жеріне жеткізе, айтудай – ақ айтты емес пе?. Бірақ оны ескеріп жатқандар аз. Айтыңыздаршы, содан бері өзгерген не бар? Иә, ой-санасы биік азаматтар президент талабын іске асырып жүр. Алайда бес саусақ бірдей емесі жиі байқалады.
Ел аралап, халықтың мұңы мен мұқтажын, өтініші мен талап-тілегін, қуанышы мен шаттығын жазып келеміз. Ойлағанымыз қара бастың қамы емес, қара халықтың жайы! Әйтсе де көп әкімдерден көңіліміз пәсейіп, жүйке-жүйеміз «есейіп» қайтады. Дүңк-дүңк еткен сабырсыз әкім мен мыңқ-мыңқ еткен амалсыз отырған әкімді де көрдік. «Жүре берсең көре бересің» деген сөздің растығына да көзіміз жетті. Жүре жауап беріп сөзіңді жырына қыстырмайтын әкімдер де толып жатыр. Тіпті Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шүкеевтің қабылдауына кіру менің зерттеуімше мүмкін емес. (Кеңесшісі бастығын бір айдан аса шетелде жүр деп сылтауратты) Мұндай жағдай өзге өңір, қалаларда болған емес. Бұл сөзімді қарапайым адамдар да қолдайтынын білемін. БАҚ-на осыншалықты қырын қарау, Ел Президентінің саясатына қарсылық сияқты көріне береді… Айлап жүріп білдей газеттің басшылығы облыс басшысына кездесе алмау деген масқара емес пе!
«Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ әкімдерді жинаған кеңесте мұны ескерткенін, халықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешу қажеттігін тапсырғанын да атап өтті президент. «Халыққа ашық қызмет көрсетуге қажетті барлық коммуникациялық құралдарды пайдалана білген жөн. Сонымен бірге кері байланыс орнатудың пайдасы зор. Өкінішке қарай, халықпен төте байланыс барлық жерде бірдей емес, байланыс орталықтары еліміздегі 17 әкімдіктің тек төртеуінде, ал мобильді халықтық бақылау 7 өңірде ғана бар. Мұндай жағдайда атқарушы билік елдің мұң-мұқтажына дер кезінде жауап қата алмайды. Осы уақытқа дейінгі оңтайлы реформалардың бәрі жергілікті жерлерге келіп тіреледі. Егер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, әкімдіктер көптеген өзекті мәселелерді тиісті деңгейде тез шеше алады. Бұл азаматтардың билік институтына деген сенімін арттырады. Өңір әкімдері халықпен есептік кездесулерде ғана емес, тұрақты негізде кездесіп, барлық елді мекенді аралауға тиіс», – деді Қ.Тоқаев. Айтқымыз келгені әр істе президенттің айтқан сөзі желге ұшпаса екен?!
Айтпаса сөздің атасы өледі дейтін халықтың ұрпағымыз ғой. Ауызға келген түкіріктің, қайта жұтсақ мәкүрік болатынын да бабаларымыз айтып кетіпті. Сол жолдан айнығымыз келмейді. Жоғарыда президенттің «Құзіретсіз шенеуніктерден құтыламыз» деген сөзін бекер келтірмедік. Өкінішке орай, бізде, бүгінгі билікте, сынаған сайын қызметі жоғарылай беретін шенеуніктер көп…. Мұны тілге тиек етіп жатқанымыз билікке сабақ болса екен деген ниет қана. Өйткені халық бәрін бақылап отыр. Халықты аңқау балаға теңеу күлкі шақырады негізі. Халық «Қосылғыштардың орындарын ауыстырғанмен қосынды өзгермейтінін» біліп, билікке деген реніштерін әрегідік байқатып қойып жатыр… Иә, елімізде жемқорлықпен күрес – тоқтаусыз жүруде. Алайда ұсталғандардың дені айыппұл төлегендей қомақты қаржы төлеп абақтыдан босап шығуды әдетке айналдырды. Бұл да халықтың билікке деген нарызылығын күйшейтпесе, төмендетпей тұр.
Егер бұлай жалғаса берсе жемқорлыққа тұсау салу, олардың ішкен – жегенін құса салуы қалыпты жайтқа айнала ма деген қорқыныш басым бізде.
Үш жылдың ішінде білім беру саласында ғана 450 жемқорлық фактісі болып, 178 адам сотталған. Қорқынышты мәлімет пе? Иә, өте қорқынышты! Өзге емес, білім саласындағы осындай олқылықтар жігеріңді құм етеді.

БІЛІМ МИНИСТРІ РУХАНИЯТҚА ТАС ЛАҚТЫРЫП ЖҮРГЕНІН БІЛЕ МЕ ЕКЕН?

Елімізде билік қаржыландырмайтын газет-журналдар аз емес. Олар өз күндерін өздері көріп әлек. Алты ай жаз дала кезіп, ел аралап, әкімдермен кездесіп (олардың да ішінде аласы мен құласы көп, ол жайында жоғары да жаздық) елдің хал-ахуалын бажайлап, мектептерге ат шалдырып, халықпен жүздесіп, «өлмегенге өлі балық» жолығып, әйтеуір күнелтіп жатыр. «Qazaqstan dauiri» газеті Аллаға шүкір, жылда Президенттің жолдауын алға тартып, арнайы экспедиция жасақтап Қазақстанның түкпір-түкпірін аралайды. «Nur Otan» париясы мен Ауылшаруашылығы министрлігінің жылда көрсететін қолдауына разымыз. (Егер осындай тірегіміз болмаса, қалт-құлт еткен газет-журнал тағдыры не болар еді?). Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деген мағыналы сөз айтқаны бекерден-бекер емес қой. Қаншама интернет заманы десек те, газет-журналға оралып жатқан Жапония мен Америка сияқты елдер көп екенін естен шығармасақ екен.
Мұндағы айтпағымыз газет-журналға жаздыру науқаны алда қызатын уақыт. Газет-журнал адамның ой-өрісін өсіреді, балалардың қиялын ұштайды. Ізгілік пен алғырлыққа жол ашады. Таным-түсінікті кеңейтеді. Бірақ, бізде осыны біле тұра түрлі кедергілер аяқтан шалып жүргізбейді. Әкімшілік тосқауыл, мектеп басшылығының қарсылығы дегендей….
Жүре берсең, көре бересің демекші, не көрмей жатырмыз ағайын? Әріге бармай –ақ, өткен жылдың өзін де қаншама ауданды шарладық. Қаншама халықпен сөйлестік. Қаншама әкім-қаралардың алдынан өттік. Көңілге түйгеніміз бен санаға буғанымыз атан түйеге жүк болар, бәлкім. Ондағылар Білім министрінің газетке жазылмаңдар деген сөзі қазір желдей есіп, кейбір адамдарды адастырып отырғанын жасырмайды. «Газеттеріңіз жақсы, көптеген ата-аналар жазылып жатыр, әйтсе де министрдің әлгі сөзін естіп алған кей адамдар: «Сендер бізге жазыл деп жатырсыңдар, біз сендерді министрдің блогына жазамыз» деп дөң-айбат көрсетеді» деп шындарын айтады. Бұдан асқан қандай тосқауыл керек!
Әлеуметтік желі анау ойына не келсе соны жазатын орынға айналды… Егер оқушылар балалар журналына жазылмаса мұғалімдер танымдық газетті оқымаса рухани байлық қайдан келеді? Министр мырзаның мұғалімдер мен оқушыларға «газет-журналға жазылмаңыздар» деп кесіп-пішіп айтуы ақылға қонымсыз әрекет. Тіпті ұят нәрсе! Ұлтқа жасалып жатқан қастандық тәрізді көрінеді! Бұл біздіңше, министрдің қарамағындағылардан жеңіл абырой жинаудан басқа түк те емес. Халық алдында арзан атақ иеленуге талпыныс қана. Елбасы халыққа рухани жаңғырайық деп жатқанда, оның сөзін сөйлеуге тиіс басшылардың рухани құлдырауға жұртты итермелеуі күлкілі жайт. Қазір көп жұрт онсызда рухани азғындап, надандық әлеміне еніп барады. Ойланайық, ағайын! Бұл бір біздің емес, барша қазақ тілді басылымдардың жанайқайы!
Көптеген газеттер ел-ішін аралап жүреді. Бұл баяғыдан бар үрдіс. Ондағы ойлары халыққа рухани байлық беру ғана. Басқа қандай мақсат болуы мүмкін? Шындығын айтайық, еліміздің барлық жерінде интернет дамып кетті деуге әлі ерте. Ендеше газет-журналдың бәсі артып тұр. Және де көзіқарақты оқырман білуге тиіс, ел ішіндегі көптеген мәселелер газеттерде («Қазақстан дәуірі» газетінде «жанайқай» айдары бар) халықтың жанайқайы ретінде жазылып та жүр, жазыла да бермек.
Сондай-ақ елімізде соңғы ақпараттарға жүгінсек, түнгі клубтар саны артуда. Жын-ойнақтың бәрі сол жерлерден өріп шығуда. Оларға тоқтам жасамау – албырт жастардың болашағына балта шабумен пара-пар.
Жезөкшелер мен есірткі саудасын жандандырып жатқандар қаншама? Олармен күрес жер бетіне ізгілік ұрығын шашқанға жалғаса берер бәлкім.
Бұлар билік ойланатын, алдын алатын өзек ті проблема! Газет пен журналға қимағанын кей пенделер сол жаққа апарып шашуда. Газет пен журналға қарсы шыққыштар, адам баласын ысырапқа итермелейтін, жастарды тоқырауға түсіретін, жамандық шақыратын түнгі клубты жабуға халықты шақырсын!
Әлеуметтік желі туралы, оның пайдасы мен залалы туралы аз жазған жоқпыз! «Ел болам десең, әлеуметтік желіңді түзе, билік!» атты мақала да газетімізде жарық көрді. (19. 08. 2019. Авторы Сәуле Мешітбайқызы). Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды» деп дәріптелген жаңалық «жаршысы да» ескірді. Әлеуметтік желі елдің есін алып тұр. Сан ғасырлар бойы уақыттың желіне мүжілмеген алпауыт елдердің өзінің «шаңын қағып», салт-дәстүр сабақтастығын «аяққа таптаған» даму прогресі, ғаламды уысында «шырылдатып» ұстауда. Осындай өлара кезеңде ұлт болып сақталып қала аламыз ба, жоқ болып жер бетіне тараламыз ба деген сауал, кез келген саналы ұлттың басты проблемасына айналып үлгерді. Жақсылық пен жамандықтың қатар жүретіні секілді, ғаламтор дәуірінің да өз қуанышы мен қайғысы, жетістігі мен кемшілігі бір басына жетіп артылады. Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен деген бабалар тәмсілін әр қазақ баласы терең зерделейтін заман туды…
Сонымен бірге қаншама цифрлық Қазақстан болсақ та, интернет дұрыс ұстамайтын, тіпті интернеттен алыс ауылдар бар. Оларға газет пен журнал ауадай қажет!
Дамуға бет алған елдерге көз жіберсек, олар БАҚ-ын үнемі қолдап отыратынын көреміз. Оларда мынау биліктің газеті, анау бәленшенің газеті деген түсінік жоқ. Қазақша айтқанда «Ала қойды бөле қырықпайды». Бәріне тең қарайды. Тең таразылайды. Егеменді ел болсақ та, қазақ тілді басылымдар бізде санаулы ғана. «Өзім дегенде өгіздей күшім бар» дейтін билік болса ғана олардың өрісі кеңиді. Тынысы артады. Руханиятқа үлес қосады… Билік осыны ескеруге тиіс. Ертең кеш болып қалуы кәдік… Әйтпесе, қазақ баспасөзінің басынан бағы тайып осы салпақтағаны салпақтаған жетім баланың күйін кешіп…
Өйткені Ресейден ағылған түрлі бағыттағы газеттер мен алабажақ журналдар сауда орындарында самсап тұр. Ендеше дамуға бет алған ел ретінде жақсы істің соңынан ерейік! Жамандықты артқа шегерейік!
Бұл жазып жатқанымыз жаңа жылдағы ел тілегі. 2020 жылы осы айтылғандар жүзеге асса деген арман-мақсат біздікі! Ел атынан БАҚ өкілі болып Билікке, Үкіметке, Білім және ғылым министрлігіне жаңа жылдағы тілегіміз осы болып тұр! Ащынғаннан ащы дауысымыз қатты шығып жатса ғафу өтінеміз!

ТОҚАЕВТЫҢ  БАСТАМАСЫН, ШЕНЕУНІКТЕР  ҚОЛДАСЫН, ТОҚТАМАСЫН!

Өткен жылдың еншісінде ел мерейін көтерген өрелі істер де көп. Ұлттың рухын көтерген жаңаша бастамалар да мол. Оны айтпай кетсек сөзіміз жарты, пікіріміз жалқы шығуы мүмкін. Қай заманда да жақсылық бар жерде жамандық бар. Ізгілік бар жерде, зымяндық ілесіп жүрмек. Сондықтан таразының екі басын тең ұстаған абзал болар. Жамандықты көрген көз, жақсылыққа болсын кез!
2019 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістан боп бекітілді. Бұл тарихи, рухани, саяси, жалпы, қай жағынан алғанда да оң шешім болды. Келер жылда осы үрдіс атаулары бұндағы халықтың сан ғасырлық болмысына емес, жалаң жағрапияға ғана негізделген өңірлерде жалғасын тапса игі. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Орал, Шығыс Қазақстан облысы – Абай деп рәсімделсе әбден орынды. Ал Солтүстік Қазақстанға келсек, онысы Павлодар облысына қоса ұлы Керей мен Жәнібек хандардың құрметіне аталынса жөн болар еді. Жүре-бара осы соңғы екі облыс орталықтарының атауын да қазақылауға мықты негіз қалыптаспақ.
«Ұлытау — 2019» халықаралық туризм форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан есімін ұлықтау мәселесіне ерекше тоқталып өтті. «Ұлытау ауданының орталығында Қазақ хандарының аллеясы бой көтерді. Енді еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек. Мысалы, Монғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал, ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді.Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс. Бұл жұмыстар Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет», — деді Қасым Жомарт Тоқаев. Тарихқа бұлайша Ел Президентінің жіті назар салуы, толымды көңіл аударуы қуанарлық жаңалық! Қуанышымыз ұзағынан болғай!
Президенттің осы игі бастамасынан кейін «Qazaqstan dauiri» газетінде «Ұлытау-ұлт ұясы» айдары ашылды…
Тараз — тарихымыздың темір қазығы. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2000 жылдық тарихы бар көне шаһарға берген әділ бағасы. Әрине ғасырлар толғағының ғаламат туындысы саналатын Тараз қойнауында қазына, жылдар бедерінде түрлі тарихи құндылықтар бұғып жатыр. Осынау қазынаны ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында бүгінде аз жұмыстар жасалмауда. Облыс тізгінін Асқар Мырзахметов қолға алғалы Тараз тотыдай түрленді. Саябақтар мен скверлер жаңаша көрікке еніп, жаңа әдеуметтік һәм мәдени нысандар бой көтерді. Бір ғана Жамбыл Жабаевтың еңселі ескерткіші мен Ер Бауыржан Момышұлының сом мүсіні қаланың айшықты жерінен орын алуы бабалар рухына тағзым екені даусыз.
Енді міне бүгінгі 80-жылдық торқалы тойда «Көне–Тараз» тарихи-мәдени кешені мен «Тектұрмас» сынды құнды орындар елге есігін айқара ашуда. Мұнда келген меймандар мен қала қонақтар көне дәуірдің кескінін көз алдына елестетіп ғана қоймай, терең тарихқа бойлап кететіні анық. Оны бүгін біз де көзбен көріп, көңіл сүйсінуде. Бұдан бөлек еңселі сағат Стелласы да бейне бір Тараздың брендіне айналғандай. Бұл архитектуралық нысанның салынуына қатысты түрлі пікірлер айтылғанымен бүгін құрылыстың жүруі оң шешім болғанына көпшіліктің көзі жетіп отыр.
Өзім Жамбыл жерінің тумасы болғаннан кейін күн санап көркейіп келе жатқан Таразды көріп, жаным жадырайды. Одан бөлек облыс экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан да биыл биік дәрежеден көрінді.
Осы орайда мына бір жайт еске түсті. Қазіргі Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің Оңтүстік Қазақстан облысын басқарып тұрған сәтінде Шымкент қаласы маңына Бәйдібек бабаның еңселі ескерткішін көрген де ерекше күйге бөленгенім бар. Бабамыздың ұлы даланы мекен еткен күллі ұрпағын құшағына басқысы келген келбетіне қарап сүйсініп, оның әруағына құран бағыштадым. Кешегі небәрі 5 айда мәресіне жеткен жанкешті еңбекті көріп, Асқар Исабекұлының іскерлігіне кезекті мәрте көзім жетті. Осынау орасан жұмыстың бастамашысы, ұйытқысы болып жүргеніне қарамастан «осының бәрі елдің арқасында» деген сөзінен-ақ өңір басшысының қарапайымдылығын аңғаруға болады. Қаланың сәулетін жаңғыртып қана қоймай Тараздың даңқын асырған жандарға көрсетілген құрметке риза болған Тұңғышбай Жаманқұловтың «Жеті қат жердің астындағыны тірілт, қарағым» деуі де бекер емес. Бір ғана «Тектұрмас» этно мәдени кешенінде Әулие Ата ескерткішінің өзі неге тұрады? Өнер әлемінің асқақ тұлғалары Кенен Әзірбаев пен Асқар Тоқпановтың ескерткіштері, «Әуендер әлемі» алеясы өңірдегі мәдениет саласына айрықша көңіл бөлінгенін аңғартады.
Мерейтойдан алған шексіз әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.Әсіресе «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенін аралап жүрген уақыт кемесімен ортағасырлық қалаға тап болғандай күй кештім. Бұны жалғыз менің ғана емес сол кешенді аралаған барша жанның бастан өткергеніне сенімім мол. Сол сәтте маған Тараз қаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ордасына айналғандай болды.
Сайып келгенде бұл игі істің бәріне Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Барымызды бағалай білейік. «Құрметті жамбылдықтар! Құрметті жерлестерім! Бүгінгі тарихи күнмен Сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тотыдай таранған Тараздың сан ғасырлық белесін көруді жазсын! Елбасына, Мемлекет басшысына, осынау тірлікке ұйытқы болып отырған Асқар Мырзахметов бауырыма қажымас қайрат берсін!» деген тілегімді жеткізгім келеді. Әр облыс әкімі Асқар тәрізді ел мен жердің тарихына терең үңіліп, барды бағалап, көнені таразылып отырса дамыған елдің көшіне ілесеріміз анық. Жаңарған Тараз жайындағы көлемді мақала да осы жаңа санда оқырманға ұсынылып отырғанын айта кеткіміз келеді.

2020 ЖЫЛ ТЫНЫШТЫҒЫН  БЕРГЕЙ!  ЕЛ-ЖҰРТЫМЫЗ  АМАН БОЛҒАЙ!

Түйін сөз: Тарқата берсек, шығарып салған доңыз жылында әттеген-ай да, әп-бәрекелді – ай да арнасынан асып төгілгелі тұр. Күндей жадыраған қуаныштың екпінін, қабағы түксиген қара бұлттай қайғы алмастырып жатқанын да айта кетуіміз керек. Бұл өзі адам баласы жаратылғалы қыр соңынан қалмай келе жатқан бір сынақ қой! Иә, 2019 жыл қазақ халқы үшін ауыр жылдардың бірі болып тарихта қалары анық.
Жыл бастала сала Қарағанды қаласында «Древний Рим» кафесінде төбелес болып, оның арты ұлт араздығына созыла жаздап әрең басылды.
Астана қаласындағы Көктал кентіндегі бір үйдегі бес қыздың өртеніп кетуі де елге ауыр соққы болды. Билікті де тығырыққа тіреді.
Одан кейінгі сантүрлі шерулер, аналар жанайқайы, қымбатшылық, қоғамды дүр сілкіндірген өзгеде маңызды оқиғалар құнын әлі жойған жоқ.
Арыс қаласындағы әскери бөлімдегі снарядтардың жарылуы да биліктің мазасын қашырған оқиғалардың бірі. Ондағы халықтың үрейі мен жан ұшырған қорқынышы әлі санада жаңғыруда.
Алматы қаласындағы поездің автобусты соғып кетуі де қоғамды дүр сілкіндірген елеулі жаңалық.
Жыл соңында Алматы әуежайынан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Fokker 100 ұшағы көп ұзамай Талғар ауданындағы елді мекенге құлады. Бұл да халық ашуын туғызған, жемқорлықтың биліктегі асқынғанын әйгілеген оқиға!
Бұлар елдегі оқыс оқиғалардың бетінен қалқып алғандарымыз ғана. Әйтпесе, доңыз жылындағы жол апатынан, кездейсоқ оқиғалардан қаза тапқандар саны кісі шошырлық статистиканы құрап тұр. Демек ескі жылмен ескі уайым-қайғы, халықтың наразылығы, тұрмыстың жетімсіздігі, сан – саладағы сыбайлас-жемқорлық бірге кеткей! Жаңа жылда жаңа табыстарға қол жеткізсек арман не?
Дегенмен, бұл жыл елімізде жағымды өзгерістер аз болмайтынға ұқсайды. 2020 жылдың басты жағымды жаңалығы көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы болмақ. Ай сайынғы жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға беріледі.
Қазақстанның еңбек заңнамасы бойынша, елімізде тек ең төменгі жалақының мөлшері ғана реттеледі. Қалғаны – жұмыс берушінің қалауына қарай іске аспақ.
Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан мұғалімдердің жалақысы 25%-ке, мәдениет саласы қызметкерлерінің айлығы 35-50%, әлеуметтік сала қызметкерлерінікі 30-60%-ке өседі деп жоспарланып отыр. 2020 жылы ең төменгі базалық зейнетақы 800 теңгеге ұлғайып, 16 839 теңгені құрайды. Биыл ең төменгі зейнетақының мөлшері 36 108 теңге болса, келесі жылы 38 636 теңгеге жетеді. 2020 жылдың басынан қазақстандықтардың зейнетақысы инфляция деңгейіне қарай өседі.
Бұл жылы стипендия көтерілмек. Жастар жылына қолдау күшеймек.
Алайда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бензин акцизі екі есеге дейін көтеріледі – тоннасына 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге дейін. Бұл өз кезегінде бензин бағасына әсер етеді. Бензин бағасы литріне 10 теңгеге өседі. Яғни, бір литр үшін акциз 8 теңгеден 18 теңгеге дейін ұлғаяды.
Халық арасында айлық пен зейнетақы өскенде, азық-түліктің де қалыспай «көшке ілесетіні» жиі айтылып жүр. Оған көз үйреніп, көңіл қалғалы қашан!
Алайда ел есінде жағымды сипаттарымен, парасат – болмысымен қалған Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа халық сенім артып отыр. Өйткені 9 айда толымды істерге құрық тастады, елдің әлеуметтік мәселесіне ден қойды, қөпбалалы отбасылардың хал-ахуалын дұрыстауға көңіл аударды. Шерудің де астарында шындық жататынын ашып айтты. Ең бастысы халықтың көпшілігінің кедейлікке ұрынғанын, несиеге белшеден батқанын жасырмады. Қазақстандық әр отбасының несиесінің кешірілуіне жол ашып, 300 мың теңгеге дейін өсімқор банктерден халық несиесін «өшіруін» тапсырды. Ол түпкілікті жүзеге асып, қажыған халықтың еңсесін бір көтеріп тастағанына біз куәміз. Мұның бәрі жер байлығынан үлесі бар халыққа жасап жатқан көмегі. Халықпен бір болуға деген талпынысы!
Тек бұралаңы көп биліктің қалтарыс-бұлтарысына ұрынбай, кедергілерге бағынбай, өзгелердің ығына жығылмай, халық үшін әділдік жолынан бұрылмай жүрсе, алда алар асуы да көп боларына сенбеске шара жоқ….
Қазақтар өмірлік тәжірибесінде әр жылды әрқалай бағалаған. Тышқан жылын береке, ырыс, татулық пен тыныштықтың жылы деп санаған. Халықтың бұл сенімі көп жағдайда дәл келген. Шынында да тышқан жылында қиыншылық, жаугершілік, аштық көп болмапты.
Тышқан жылының мыңдаған жылдық тарихына назар аударсақ, оның көп жылы аштықсыз, жаугершіліксіз, қиындықсыз, молшылықта өткен. Қанжығалы Бөгенбай батыр тышқан жылы (1684) туса, Төле би тышқан жылы (1756) қайтыс болған, алғаш Қазақ ордасы 1456 тышқан жылы құрылған. Бұлар жақсылық нышаны емей немене?!
Ендеше 2020 тышқан жылы да малға жайлы, елге майлы, халқымызға қолайлы жыл боларына сенейік, ағайын!