2018 жылы зейнетақы 8 пайызға өседі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, облыстар және Астана, Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарларымен, халықты әлеуметтік қамсыздандыру және жұмыспен қамту мәселелері жөнінде жиын өткізді.

Алқалы басқосуға Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті аумақтық департаменттерінің директорлары, жергілікті атқару органдардағы жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының басшылары, өзге де мүдделі тараптар қатысты. Күн тәртібіндегі басты тақырып — атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) жаңа сипатын қолданысқа енгізу, базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесін өзгерту және өзін жұмыспен қамтыған тұрғындар тобымен жұмыс жайлары болды. Келер жылдан бастап базалық зейнетақы тағайындау тетігі өзгеретіне назар аудартқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова: «2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет басшысының тапсырмасына сай, ынтымақты зейнетақы 8 пайызға өседі. Базалық зейнетақы, басқа да жәрдемақы түрлері сияқты, 6 пайызға көбейеді.Осы арқылы базалық зейнетақыны ескергендегі зейнетақының төменгі мөлшері келесі жылы 49 019 теңгені құрап, орташа дәрежесі 71 333 теңгеге жетіп жығылады. Қазір базалық зейнетақы зейнет жасына жеткендердің бәріне бірдей еңбек өтілін және зейнетақы жинағын қалыптастыруға қатысуы ескерусіз тағайындалады.

Келесі жылдан бастап базалық зейнетақы жүйеге қатысу өтіліне қарай беріледі. 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы жарналарының түсу аралығы ғана есептілініп қоймай, 1998 жылға дейінгі де еңбек өтілі назарға алынады. Мұндай әдіс 30-40 жыл еңбек өтілі болса да, төмен зейнетақы алып отырған адамдарға қатысты әділдік орнатпақ. 1998 жылға дейін және одан кейін де 33 жылдан асатын өтілі бар тұлғаларға базалық зейнетақы ағымдағы көлемімен салыстырғанда екі есеге көбейеді. Егер бұл сома қазір 14 мың теңге болса, 2018 жылдың 1 шілдесінен зейнеткерлердің аталған тобы ынтымақты және жинақтаушы зейнетақыға қоса, 28 мың теңгені иемденеді.

10 жылдан асқан әр жыл сайын базалық зейнетақы 2 пайызға өседі. Мәселен, 20 жылдық еңбек өтілінде базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын құраса, 30 жылда 94%-ды межелейді. Заңда айқындалғандай, өтілі 33 жылды еңсергендердің базалық зейнетақысы күнкөріс деңгейінің толық 100% көлемін қамтымақ. Өзін жұмыспен қамтыған тұрғындар қызметін реттеуде 2018-2019 жылдарға арналған Жол картасы жасалуда»,— деп, жиналғандарға Үкіметтің әлеуметтік салада жүргізіп отырған саясатын өңірлерде түсіндіру іс-қимылдарын ширату қажеттігін атап өтті.