“0-6 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МОНТЕССОРИ ПЕДАГОГИКАСЫ”

Кез-келген мемлекеттің өркендеуі онда өмір сүретін халықтың білім деңгейі және денсаулығымен бағаланады. Қазақстан Республикасының ерекше балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы заңы ерекше балаларға көмек көрсетудің тиімді жүйесін жасауға, оларды тәрбиелеу, оқыту, еңбекке және кәсіби даярлау ісімен байланысты проблемаларды шешуге, балалар мүгедектігінің алдын алуға бағытталған. Ерекше балалар – белгіленген тәртіппен расталған, туа біткен, тұқым қуалаған, жүре пайда болған ауруларды немесе жарақаттардың салдарынан өмір сүру жағдайы шектелген, дене немесе психикалық ауытқушылығы бар балалар.
2006 жылдан бері қарай осындай ерекше оқытуды қажет ететін балалармен Байзақ аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мемлекеттік мекемесі жұмыс жасайды.Іскер, білімді де білікті Айнаш Қонақбаеваның басшылығымен ерекше балаларды оқытып-тәрбиелеумен айналысатын мекемеде 40-тан аса мұғалім еңбек етуде. Ахмет Байтұрсынов «Мұғалім қандай болса, мектеп hәм сондай-ақ болмақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика – методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім қажет» деген екен. Осы орайда мұғалімге қойылатын талаптар да өте зор. Мұғалім жеке көзқарасы бар және соны қорғай білетін жігерлі тұлға және «маман» мұғалім болуы қажет, мұғалімнің педагогикалық ойлау қабілеті ғылыми түрде қалыптасуы тиіс. Мұғалім – білім негіздерін өз бетінше оқып, үйренуге, оқушыны баулуға, педагог әр уақытта өз білімін толықтырып, шығармашылығын арттырып отыруға міндетті. Француз педагогі Жубер «Оқыту деген екі есе оқу» деген болатын.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы және де кәсіпкерлердің демеушілігімен облысымыздың 7 ауданында орналасқан түзету кабинеттеріне және біздің мекемемізге 0-6 жастағы балаларға Монтессори жабдықтарын сыйға тартылды.

Мекемеміздің мұғалім-дефектологы Назира Жарасова мен мұғалім-психолог Үміт Алтаева “0-6 жасқа дейінгі балаларға арналған Монтессори педагогика” тақырыбында 256 сағаттық курстан білім алып келді. Өз іс-тәжірибелерімен алмасу мақсатында біздің мекемемізде Монтессори педагогикасына арналған облыстық семинар өтті.
Айтулы шараға Тараз қаласы және басқа да аудандық психологиялық- педагогикалық түзету кабинеттерінің әдіскерлері мен мамандары қатысты. Семинар барысында Монтессори педагогикасын теориялық және тәжірибелік бөлімдерге бөле отырып, өңірлерден келген мамандармен тәжірибе алмасылды. Семинар соңында Тараз қаласының Психологиялық-медициналық педагогикалық консультациясының меңгерушісі Ләззат Сейдазимова сөз алып, «Семинар жоғары деңгейде өтті. Ерекше балаларға Монтессори педагогикасы арқылы білім беру өте маңызды, Монтессори педагогикасы ерекше балаларға жаңа бағыт» — екендігін атап өтті.
«Тамшысымен тас тесетін бейне бір су тәрізді» — деген ұлы ойшыл Әл-Фараби мұғалімдерді жаны таза жандармен жұмыс жасайтын періштеге теңеген. Олай болса, мемлекетіміздің болашақ іргесін қалайтын әрбір жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетін дарыту мұғалім қауымының міндеті. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу кілті – мұғалімдердің қолында.
Бүгінгі Мұғалім-ата-ана
— бала бағбаны;
— қоғам қайраткері.
Мұғалім-оқытушы,
Мұғалім- оқулық авторы;
Мұғалім-технолог;
Мұғалім-жаңалықты дәріптеуші, таратушы десек артық айтқандық емес. Ерекше балаларды оқытып тәрбиелеуде жұмыс жүргізу кең өріс алып, өз қолдауын тауып отырса нұр үстіне нұр болар еді.

Айымгуль Тураева,
аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің мұғалім-логопеді.