Өсім бар, өнім мол

Өңірлік коммуникациялар алаңында облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұржан Мұхашев өңірдегі ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстардың барысы туралы баспасаөз конференциясын өткізді.

Спикердің баяндауынша биыл шаруалар үшін тиімді жобалар көп болыпты. 2019 жылы бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасының жалғасы ретінде өткен жылы қайтарылған несиелердің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан 3 ауылдық округ енгізіліп, қосымша 253 жоба іске асырылыпты. Сондай-ақ алдағы уақытта облыстағы 26072 тұрғынды қамтитын тағы 10 ауылдық округте пилоттық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр екен.

Жыл басынан бері салада 526,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда бұл 39,5 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 18,9 миллиард теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 1,7 миллиард теңге инвестиция салынған.

Сонымен қатар хабарламашы биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 756,2 мың гектарға жетіп, алдағы жылдармен салыстырғанда 5,4 мың гектарға артқанын тілге тиек етті. Биылғы жылы 371,0 мың гектар масақты дәнді дақылдар егін орағына түсіп, әр гектардан алынған орташа өнім 17,1 центнерді құраған және 633,4 мың тонна астық бастырылып, 166,7 мың тонна өнім артық алыныпты.

Аймақта 72,7 мың гектарға көкөніс және бақша дақылдары егіліп, егіс алқабы 6,3 мың гектарға ұлғайған. Бүгінгі күні бұл алқаптардан 1,5 миллион тоннадан астам көкөніс пен 524 мың тонна бақша дақылдары жиналған.

Ағымдағы жылы аймақта 5,5 мың гектарға қант қызылшасы отырғызылып, жоғары сұрыпты тұқым себудің нәтижесінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, әр гектардан алынған тәтті түбір 500,0 центнерді құрап отыр. 4,1 мың гектардан 178,5 мың тонна өнім жиналып, оның 107,4 мың тоннасы қант зауытына өткізілсе, қазір қант қызылшасын жинау жұмыстары жалғасуда.

Хабарламашы жиын соңында журналистердің сауалдарына жауап беріп, соңғы екі күндегі ауа райының қолайсыздығына байланысты жағдайды айтып өтті.

– Қожалықтардағы жем-шөп қоры жеткілікті. Дегенмен облыс әкімінің бастамасымен аудандарда штабтар құрылып, аудан әкімдерінің орынбасарлары күнделікті жағдайды баяндап отыр, – деді Нұржан Нұрланұлы

Ерман ӘБДИЕВ