Өнеге өресі

Бабаларымыз ұлағат пен өнегені тәлім мен тәрбиенің бастауына балаған. Біз кешегі өткен текті түркілердің ұрпағымыз. Ата-баба салты, әдет-ғұрпымызға Ислам дінімен қанымызға сіңген тағылымдар қазақ халқы үшін өнеге мен ұлағаттың биік шыңы іспетті.
Бабаларымыз тектілікке аса мән берген. Ұлағат арнасы тәрбиеде деп көрген. «Ұлық болсаң – кішік бол», деп ізеттілік ұлық болудан жоғары тұратындығын айтып кеткен.
Бабаларымыз: «Бір елі ауызға, екі елі қақпақ» деп әдепсіз сөйлемеуді, өсек, өтірік айтпауды ескерткен. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де,сыны кетпейді» деп жақсылықтың өшпейтіндігін айтқан.
«Балапан ұяда не көрсе,ұшқанда соны алады» деп, ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне айырықша маңыз беріп, оны жастайынан өнегелі болуға баулыған.
Өнеге мен ұлағат туралы асыл дініміз ислам да көп толғамдар бар.
Мұсылман үшін ең басты өнеге алатынымыз, ол әрине екі дүние сардары, ардақты пайғамбарымыз Алла Елшісі (с.ғ.с) болып табылады.
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл туралы: «Сіздер мені балаларыңыздан, ата-анаңыздан және барлық адамзаттан артық жақсы көрмейінше толық мұсылман бола алмайсыздар» деген. Алланың Елшісі (с.ғ.с) барлық жағынан да адамзатқа үлгі болған әлі де бола беретін аса ғажайып ақыл иесі.
Пайғамбарымыз аса көркем мінез иесі еді. Жақсы мінез деген өнеге деп білген. Көркем мінезімен үлгі болған. Бұл туралы мынандай тағылым айтылады.
Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Сендерден бәрінен артық кімді жақсы көретінімді және қиямет күні кім маған ең жақын тұратынын айтайын ба?», – деді сахабаларына. Ешкім үндемеді. Кейін (пайғамбар (с.ғ.с.) (өз сұрағын екі немесе үш рет қайталады. (Сонда адамдар): «Иә, Расулулла», – деді. Сонда ол (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсы мінез-құлықтыларың», – деді».
Мінез-құлықтың көркемдігі адам бойындағы иең асыл қасиет әрі барлық ұлағаттың бастауы ретінде саналады. Егер мінез көркем болса басқаларға өнеге боласың, үлгі боласың деген сөз еді.
Бір кісі пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Дін деген не?» – деп сұрағанда: «Ол – көркем мінез», – деп жауап қатқан. Әлгі адам айналсоқтап кетпей, бір қойған сауалын неше рет қайталаса да, пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Көркем мінез», – деген жауапты алған.
Мінеки, Алла Елшісі жақсы мінезге осылай аса маңыз берген екен. Көркем мінез тек адамгершілікке тұрақтайды.
Қасиетті Құранда Алла Тағала «Ахзап» сүресі, 21-аятында: «Сендер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» деп пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәртебесін айқындап берген. Сонымен қатар қасиетті Құранның «Қалам» сүресі, 4-аятында «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» деп ұлықтайды.
Мінез адам айнасы, өнеге бастауы. Ендеше исламдағы көркем мінезге сай болып, өнегелі болайық!

Ибраһим қажы Қарнақбайұлы