Өмірдің өткен талай соқпағынан

Әбдіманап Көпберген туралы бір үзік сыр

Алматыдағы оқуын бітіріп келген Әбдіманап Көпберген араға 15 жыл салып директор болды… Бұл 15 жыл уақытпен санасуды ұмыттырған, көп уақытты елдің шетінде, желдің өтінде өткізген, «екінші тың қайраткері» атанған шопан деген халықпен бірге ақпанның аязымен алыстырған, бір сөзбен айтқанда, нағыз еңбектің қазанында қайнатқан жылдар еді. Қазір ойланып отырса, сол 15 жылда нені басынан кешірмеді ол.

Мал маманының шопанмен бірге қарлы боранның «құшағында» қалып қоюы, батпаққа, құмға тығылған немесе оппа қарға түсіп кеткен трактор немесе машинаның кабинасында жүргізушімен бірге түнеп шығуы, отарын алысқа өрістетемін деп ақ жауынның астында қалған шопанмен бірге үсті-басы малмандай суға малшынып қой айдауы — сен, сенбе, заңдылық. Сөйте жүріп, оның алға қойған мақсатының бірі ғылыми ізденіс еді ғой. Мақсат ойдағыдай орындалып, «Түгіскен» асылтұқымды мал зауытында бас зоотехник-селекционер болып жұмыс істеп жүргенінде қаракөл қойының «түгіскендік» түрін шығарушы-иегерлерінің бірі болды. Сол үшін «СССР өнертапқышы» атағын иеленіп, төсбелгісін омырауға тақты.

Шаруашылықтың қат-қабат жұмыстарымен қатар ғылыми ізденісті де ілгері жетелей жүрген Әбдіманап Көпбергенді көпке танытқан тағы бір қыры — қаламгерлік. Қаламгерлік болғанда да, бала кезден арман болып жалынан ұстатпай кеткен журналистикаға деген құштарлық. Бұрынғысын қайдам, ол оқу бітіріп келіп, қызметке араласқаннан осы бүгінге дейін қаламын қолдан тастаған емес. Ол жылт еткен жаңалықтарды аудандық газет бетіне жарқ еткізетін ауылдық тілшіден редакцияның ел арасындағы көз-құлағы штаттан тыс тілшіге дейін өсті. Өйткені штаттан тыс тілші кей-кейде редакцияның сенімді өкілі ретінде арнайы тапсырмамен де мақалалар жазатыны бар. Газетке мақала жазуда жалпақшешейліктен ада. Барды бар, жоқты жоқ деу — қанына сіңген қасиет. Осындай белсенділігі, еңбекқорлығы арқасында Әбдіманап Көпберген — Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Қаламгер ретінде «Аманатқа адалдық» өмірбаяндық кітабының авторы.

Осы жерде қалам ұштап, журналистикаға алғаш қадам жасауға Әбекеңнен ақылкеңес алып, біраз нәрсені үйренгенімізді ризашылықпен айта кеткенім жөн. Бірде аудандық «Октябрь таңы» газетінде ауылдағы кірпіш зауытының темір-терсек қалдықтарына «қақалып», жұмысы жүрмей жатқаны жайлы сын мақалам жарық көрген. Өзім шаруашылық құрылыс цехында жұмысшымын. Содан прораб пен десятник әжептеуір алакөзденгені бар. Сонда маған «сенің осы мақалаң арқылы кемшілік жолға қойылып, сол зауыттан шыққан кірпіштен ауылда талай нысандар салынуына үлес қосасың әлі» деп дем берген осы Әбекең. Шындығында да солай болды.

Өткен ғасырдың 1985-1986 жылдары тоғыз ай Сарысу ауданының «Түркістан» кеңшарында партком хатшысы болған Әбдіманап Көпберген одан кейін осы ауданның «Сарысу» совхозын табаны күректей 5 жыл басқарған.

Сазгер Ілия Жақановты сағынтып, жастар аңсаған Жайлаукөлді жайнатудағы жақсы істері, шаруашылықты алдыңғылар қатарына жеткізген өндірістік көрсеткіштері мен іскерлігі ескерілсе керек, аудандық атқару комитетінің төрағалығына жоғарылатылды. Онда басқару жүйесі өзгергенге дейін 2 жыл төраға, одан кейін әкімдік жүйеге көшкеннен кейін, 2 жылдай әкім қызметін атқарды. 1994 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты атанды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі ХІІІ шақырылымының депутаты Әбдіманап Көпберген Бақылау палатасының мүшесі болып, білекті сыбанып қызметке кірісіп кеткен. Құдай Көпбергеннің мұнысын көп көргендей Жоғарғы Кеңестің ғұмыры қысқа болып, тура бір жылдан кейін таратылып жіберілді. Әбекең келесі сайлауда тағы да бағын сынады. Бұл жолы ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауы. Әбдіманап Көпберген бірінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты атанды. Мәжілісте ол ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі комитеттің мүшесі болған. 1999 жылғы келесі сайлауға дейін салада талай маңызды заңдардың қабылдауына атсалысты. Қоғам қайраткері Әбдіманап Көпберген өзі зейнеткерлікке шыққан 2010 жылға дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің аппаратында жауапты қызметтер атқарды. Өмірдің әртүрлі соқпақтарынан өтті.

Отанға, еліне сіңірген еңбегі елеусіз, ескерусіз емес. Ол «Астана», «Қазақстан Республикасының Конституциясына — 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне — 10 жыл» медальдарымен ҚР Президенті мен ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталған. Сарысу ауданының Құрметті азаматы. Аға туралы айтпағымызды дәстүрлі сөздермен түйіндер болсақ, Әбекең — шаттық ұялаған шаңырақтың отағасы. Онымен өмірдің ыстық-суығын бөліскен, қызығы мен қиындығын бірге көріскен асыл жары Башар Сүлейменқызы — бар ғұмырын бала тәрбисіне арнаған ұстаз. Бүгінде олар Құдайдың берген 5 ұл-қызынан он шақты немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.

Болат Жаппарұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі