Өмірде не азайып, не көбейді?

Жампоздар азайды,
Жағымпаздар көбейді.

Аққулар азайды,
Қарғалар көбейді.

Шүкірлік азайды,
Пендешілік көбейді.

Біліктілер азайды,
Білімділер көбейді.

Қанағат азайды,
Қаптесерлер көбейді.

Қыз Жібектер азайды,
Қодарлар көбейді.

Мұсылмандар азайды,
Діндарлар көбейді.

Білетіндер азайды,
Жорамалдар көбейді.

Сәйгүліктер азайды,
Шабандар көбейді.

Қабылет азайды,
Мүмкіндік көбейді.

Көсемдер азайды,
Шешендер көбейді.

Биіктік өлшемі азайды,
Биіктен қарайтындар көбейді.

Бастың ойлауы азайды,
Тілдің сөйлеуі көбейді.

Шопандар тойы азайды,
Сұлулар жарысы көбейді.

Кемеңгер билер азайды,
Найзасыз батырлар көбейді.

Атаның көргені азайды,
Баланың білгені көбейді.

Шалқыған ән азайды,
Шаттанған әншілер көбейді.

Абырой азайды,
Атақ көбейді.

Нәтижелер азайды,
Бастамалар көбейді.

Наздану азайды,
Бұлдану көбейді.

Ұят азайды ,
Өтірік көбейді.

Сал-серілер азайды,
Түнгі перілер көбейді.

Таланттар азайды,
Жұлдыздар көбейді.

Жан жылуы азайды,
Тән сұлуы көбейді.

Мақсаттар азайды,
Ұрандар көбейді.

Байпты бағалау азайды,
Құнсыз марапат көбейді.

Жердегі еңбек азайды,
Көктен тілеуші көбейді.

Құмай тазылар азайды,
Бөлме күшіктері көбейді.

Тыңдаушылар азайды,
Ақылшылар көбейді.

Елім дейтіндер азайды,
Менмін дейтіндер көбейді.

Тектілер азайды.
Намыссыздар көбейді.

Парасаттылар азайды,
Қайраткерлер көбейді.

Қазанның қаспағы азайды,
Тамақтың қоспасы көбейді.

Қасқыр ішіктер азайды,
Тышқан тондар көбейді.

Сақалдың қасиеті азайды,
Молданың өсиеті көбейді.

Міндеттер азайды,
Міндетсулер көбейді.

Жанашыр достар азайды,
Есепті достар көбейді.

Қазынаны қорғайтындар азайды,
Қалтаны ойлайтындар көбейді.

Болашақты болжау азайды,
Өткенді сараптау көбейді.

Бәрекелділер азайып,
Әттеген-айлар көбейді … …

Азайғаны бар сарқылған жоқ,
көбейгені бар тартылғаны жоқ,
не болса да бар жақсы.

Болат Жанәбіловтің ФБ парақшасынан