Әуе кеңістігін бағындырған ару

Бала күнінде ашық аспанда еркін самғауды армандамаған адам жоқ шығар, сірә? Сәби қиялмен қалықтап, зеңгір көкке бір-ақ көтерілесің. Сондағы адам баласының аспан әлеміне құштар болуының себебі неде екен? Есейе келе, көпшілігі мұның бәрін ұмытып, тағдыр жолымен ілесіп кете береді. Дегенмен, бала арманына адал болып, мұратына адаспай жеткен жандар да бар ортамызда. Солардың бірі – Құндызай Тоқтырова.

Ол екінің біріне бұйыра бермейтін, әлемдегі мәртебелі мамандықтардың бірі – бортсерік болып қызмет етеді. Нәп- нәзік болмысымен таудай арманға құлаш сермеген бойжеткен Қордай ауданы, Отар ауылының тумасы. Ауылдағы №41 Кенен Әзірбаев атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде (Нархоз), «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бакалавриатты, содан кейін аталған оқу орнының магистратурасын бітірген. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, Түркияда және Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс істеп, 2020 жылы «Эйр Астана» әуекомпаниясына бортсерік қызметіне орналасуға өтініш береді. Сұхбаттасудан сәтті өтіп, міне, 3 жылдан бері ол еліміздегі ең беделді отандық әуекомпаниясында бортсерік болып қызмет етуде.

– Бортсерік дегенде, көпшілігі әдемі униформаны киіп алып, жер-көкті шарлап, аспан әлемінде қалықтап жүре беретін рахат жұмыс деп ойлайды. Дегенмен, «таяқтың екі ұшы бар» дегендей, бұл мамандықтың да өзіндік қиындығы жетеді. Бортта отырған 150 адамның әрқайсысының көңілін табу, ұшу барысында қажет болатын нұсқаулықтарды есте сақтау, ұйқысыз түндер – мұның бәрі стюардесса жұмысы туралы әдемі картинаның басқалар елей бермейтін тұстары, – дейді Құндызай.

Ол бұл мамандықты таңдағанына еш өкінбейтінін, керісінше өз жұмысын сүйіп істейтінін және оның жарқын сәттері көбірек екенін айтады.

Сұңғақ бойлы, жылы шырайлы ару ана тілінен бөлек, орыс, ағылшын, түрік және кәріс тілдерін де еркін меңгерген. Құндызай секілді стюардесса болуды армандайтын қыздар аз емес. Сондықтан, одан бортсерік болып жұмысқа орналасудың жолын, сұхбаттасудың қалай өтетінін сұраған едік:

«Әуекомпанияға өтініш қалдырған соң, сұхбаттасуға шақырды. Сұхбаттасу әдеттегідей өтті. Онда өзіңіз жайлы, тәжірибеңіз, қызығушылығыңыз, біліміңіз туралы мәліметтерді сұрайды. Одан кейін ағылшын тілінен біліміңізді тексереді. Әр компания әрқалай тексеруі мүмкін. Бәлкім, сізге мәтін беріп, соны оқып беруіңізді сұрайды немесе ағылшын тілінде сұрақтар қояды. Сауалдарды алдын ала болжап біле алмайсыз, әртүрлі болуы ықтимал. Сондықтан, бортсерік болғыңыз келсе, ағылшын тілін жақсы білуіңіз міндетті. Сұхбаттасудан сәтті өтсеңіз, сізге дәрігерлік-ұшу сараптау комиссиясына жолдама береді. Сіз оны бір ай ішінде өтуіңіз қажет. Мұның алдында міндетті түрде бортсеріктің денсаулығына қатысты қойылатын т а лапт армен танысып шығыңыз. Осыдан кейін ең бастысы – оқу. Төтенше жағдайларға дайындық, психология, медицина, борттық қызмет, актерлік шеберлік, жүзу, ұшақтан эвакуациялау, өрт сөндіру – оқу осылай жан-жақты жүргізіледі. Әрі қарай тәжірибе ретінде сізге шамамен отыз сағат ұшуға тура келеді. Осы кезде жан-жақты бәрін мұқият зерттейсіз, сұрақ қоясыз, сізді де үнемі бақылап, сұрақ қойып, әр әрекетіңізді белгілеп отырады. Тәжірибелік рейстерден кейін сізге «бортсерік» атағын беретін қатаң комиссиядан өтесіз. Негізінен, төтенше жағдайлар мен құтқару жұмыстарын дайындауға қатысты сұрақтар қойылады. Ке зең-ке зеңімен о сындай барлық сынақтардан мүдірмей өткеннен кейін ғана сізге «бортсерік» атағы беріледі», – дейді ол.

Құндызайдың сөзінен түйгеніміз, бортсерік жай ғана сізді ұшақтан күтіп алып, шығарып салатын адам емес, ол – апатты жағдайда эвакуация жасайтын құтқарушы, тілсіз жауды ауыздықтайтын өрт сөндіруші, адамдармен тіл табыса алатын психолог, қажет болса, денсаулығы нашарлаған жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігер, бір сөзбен айтқанда әмбебап жауынгер. Сондықтан, стюардесса әрдайым өзін жан-жақты дамытып, үнемі ізденіс үстінде жүруі тиіс», деп санайды қордайлық ару.

Жалпы, Құндызай әлемнің 17 елінде, 50 қаласында болыпты. Соның ішінде Германия, Оңтүстік Корея, Мальдив аралдары, Англия, Нидерланды, Черногория, Грекия, Грузия, Египет, Қытай сынды мемлекеттер бар.

– Мен болған елдердің ішінде қайсысы көбірек ұнады деп жиі сұрап жатады. Менің ойымша, әр елдің өзіндік ерекшелігі және өз атмосферасы бар. Маған осындай мүмкіндіктер сыйлаған әуекомпаниясына алғысым шексіз. Қаншалықты қарабайыр сөз болғанымен, әр адам істеген ісін жақсы көрсе, сүйікті ісімен айналысса – ол шын бақытты. Сондықтан, әркім өз арманындағы жұмысын тапқанын қалаймын», – дейді Құндызай Сержанқызы.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,
журналист.
Қордай ауданы