Әмірені әбігерге түсірген қойылым

Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры әншінің қазасынан тура 82 жыл өткенде рухына тағзым ретінде және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап, жазушыдраматург Рақымжан Отарбаевтың «Әміре» драмасын көрермендерге ұсынды. Әміренің қайғылы аяқталған өмірінен сыр шертетін қойылымды режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов сахналады.

Қаллеки театрының бұл премьерасы тұңғыш рет Бейбітшілік және келісім сарайында қойылды. «Әміре» драмасы жайлы айтар ой көп. «Сынауға тіпті құмар кім көрінген» деп Мұқағали айтпақшы, менің де кей көріністерде «құмарлығым» оянып кеткенін жасырғым келмейді. Алайда «Сап, сап, көңілім, сап, сап» деп отыруға тура келді. Себебі, біріншіден, спектаклдің сахналануы көркем. Декорациясы мығым. Актерлердің шынайылығы басым. Бұл жағы маған ұнады. Ұнамағаны: Әміре тым ұшқалақ. Рас, біз оқыған Әміре, шымыр, қағылез-тін. Шапшаң да болар. Бірақ жанр драма болғандықтан, комедиялық әрекет үйлеспейтін секілді. Сәл-пәл биязылық жетіспейтіндей ме, қалай?! Ал енді 1925 жылы орыс кириллицасы қайдан жүр? Ол кезде қазақ әліппейі латын ғарпінде екенін естен шығаруға бола ма? Әмірені «қара айғырдан» (поезд. — Сәкен Сейфуллин) күтіп алған ауыл жұртының қолдарындағы плакаттарындағы жазу бүгінгі орыс кириллицасы. Біздің білуімізше, біздің өлкеге кириллица 1940 жылдары кірді. Бұл да көңілге кірбің ұялатады. Мұны ұсақ-түйек деп қарауға бола ма?!

Көрермен ретінде мынаны да айта кеткім келіп тұр. Әміреге Алланың қарасқаны болар, ол 10 шақты әні таспаға басылып қалған санаулы әншінің бірі. Әйтпесе, бүгінгідей технология дамымаған кезеңде атақты әншінің дауысын сақтап қалу мүмкін бе еді? Әрине, жоқ. Ендеше, «өз дауысы» бар Әмірені театр қойылымында неге актердің қимыл-әрекетімен сабақтастырып орындатпасқа? Шынайылықтың көкесі сол болар еді ғой. Актер мың жерден мықты орындаушы болғанымен, Әміренің кең диапозонды сырлы әуездерін шырқау биігіне көтере алмасы анық. Одан кейін Мұстафа образы ашылмады. Бұл — үлкен әбестік. Себебі Мұстафа сынды алаш қайраткерінің бір көрініп қалатыны осы тұс еді. Әттең, жарқ етті де жоқ болды! Бұдан кейін ол сахнаға оралмады. Әттең, оқырманның жүрегін шым еткізер, тұла бойын дір еткізер нәрлі диалог болмады! Әміре, қанша рет «құрдас» деп жақын тартқанымен, «ерте есейген» Мұстафа «Әміре» деуден әрі аспады. Бұл да қазақы ұғымға ауыр тиді. (Бәлкім, шетте жүріп құрдастық қалжыңды ұмытып қалды ма екен?!). Айтпақшы, Әміре бір қызды алып қашқаны туралы әңгімелейді. Еркектер арасында айтылып жататын қыжыртпа сөз! Сөйткен «ғашығы» Семейде бір көпестің етегінен ұстап қашып кетіпті. Осы арада Мұстафа: «Әйелге сөзің өтпейтін, бос көтен болдың ғой», — деп қағытады. Осы арада тыңдарман қауым құрдастық әзілге бір күліп алды. Одан кейін бір сарынмен өрбіген «өлі» сұхбат есте қалды. Мұстафаның асқақ арманы, елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі қайда? Елінен не үшін қуылды? Осының бәрін ойға орамды қысқа диалогтармен аша түскенде ғой, шіркін!…

Әміренің мына бір әрекеті де қолапай көрінді. Қалтасынан төрт бүктелген Ахметтің хатын Мұстафаға ұстата салуы тарихқа қиянат қой. Аюдай ақырған Кеңес үкіметінің тыңшылары тұрғанда, Әміредей аңғал әншінің қалтасына Ахметтей заңғар тұлғаның хатты сала салуы мүмкін емес. Мүмкін болған күннің өзінде де, сол заманның бетін қан-жоса қылу үшін көркемдік әдіске салып, не етігінің қонышына, не костюмінің астарына, не ышқырына жасырып жіберсе, драматург пен режиссер көп нәрсені ұтар еді-ау! Ал атақты ақын Иса Байзақов бейнесі мүлде бұлыңғыр. Арқалы ақын бейшара кейіпте. Тек Әміренің соңында салпақтап жүреді де қояды. Ашылып көріне алмайды. Көмейінен тасқындап жыр төгетін ақын, бірекі рет «тақпақ» айтып, ішті пыстырып жібереді. НКВД жендеттерінің жауыздығы — бұған дейін де талай айтылған, жазылған, бейнеленген көріністердің көшірмесі. Тергеушілердің ұрыпсоғуы да, сұрақ-жауап та көз үйренген, құлақ сарсыған, таптаурын оқиғалар…

Обалы нешік, есте қалатын көріністер мен образдар да болды. Мысалы, «Раушан коммунист» кейпіндегі большевик қыздың (актриса Ботагөз Мақсұтова) шеберлігі мықты. Оның Әмірені күтіп алуға шыққан халыққа сөйлеген сөзі күлкі шақырады. Шынайылық бар. Өзіне тапсырылған міндетке «адалдығы» байқалады. Дауысы да, тыраштанып ұмтылуы да сол дәуірден хабар береді. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Боранбай Молдабаев та Әмірені тергеген комиссарды сәтті сомдап шықты. Бұл қатарға Әміренің жары — Оразкені ойнаған ҚР «Серпер» жастар сыйлығының иегері Сая Тоқманғалиеваны да қосуға болады. Сондай-ақ, тергеуден әбден әлсіреген Әміреге қанатымен су сепкен қарлығаштай болған дәрігер қыз Ақкербездің (Алтынгүл Серкебаева) бейнесінен де өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы жүйенің кесірінен адамдардың ішкі арпалысын байқауға болады.

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК