«Әмин» сөзіне қатысты үш мәселе

Бiрiншi мәселе: «Әмин» сөзiнiң мағынасы.

«Әмин» сөзінің мағынасы «тiлегiме құлақ ас», «қабыл ет» дегенді білдіреді(«Муфрадату әлфәзил-Қур`ан»).

Имам Қуртуби айтады: «Ғалымдардың басым көпшiлiгiнің пікірінше: «Әмин» сөзi: «Я, Тәңiрiм! Тiлегiмiздi қабыл ет», — деген мағынаны бiлдiрiп, дұға ұғымында қолданылады», — деген.

Әл-Кәлби (р.а.) Әбу Солихтен (р.а.) риуаят еткен хадисте Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Мен Расулулладан (с.ғ.с.): «Әмин» сөзiнiң мағынасы не?», — деп сұрағанымда, ол (с.ғ.с.): «Я, Раббым! Тiлегiмдi қабыл ет», — деп жауап бердi»Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран»).

Екiншi мәселе: «Әмин» сөзiнiң тарихы.

Пенде Алла Тағалаға жалбарынып, дұға еткеннен кейiн: «Әмин», — деп тiлегi қабыл болуын сұрайды. Бұл амал өз бастауын Мұса пайғамбардың (ғ.с.) заманынан алады(«Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран»).

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтады: «Алла Тағала менiң үмметiме, олардан бұрын ешбiр үмметке бермеген үш нәрсенi бердi. Олар: «Әс-саләму ъәләйкум уа рахматул-лаһи уә бәрәкәтуһ», — деп амандасу. Бұл жәннат иелерiнiң бiр-бiрiмен сәлемдесу үлгiсi. Намазда перiштелер тәрiздi сапқа тұру. Дұғадан кейiн: «Әмин», — деп айту. Бұл сөз Мұса пайғамбар (ғ.с.) мен оның бауыры Һаруннан (ғ.с.) жеткен». Хадистi Әнас ибн Мәлік (р.а.), Имам Әл-Хәкім риуаят еттi («Канзүл-Ъүммәл», 34533).

Сонымен қатар, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деген: «Маған басқа пайғамбарларға берiлмеген үш ерекшелiк нәсiп етiлдi. Намазда сапта тұру және «Әс-саләму ъәләйкум уа рахматул-лаһи уә бәрәкәтуһ», — деп амандасу нәсiп етiлдi. Бұл жәннат иелерiнiң бiр-бiрiмен сәлемдесу үлгiсi. Маған тiлектен кейiн: «Әмин», — деп айту нәсiп етiлдi. Алла Тағала мұны сендерден бұрын Һаруннан басқа ешкiмге нәсiп етпеген едi. Мұса дұға еткенде Һарун: «Әмин», — деп тұратын». Хадистi Әнас ибн Мәлік (р.а.) риуаят еттi(«Әд-Дурүл-Мансур фит-тафсири бил-ма`асур»).

Бұл айтылғанға қатысты Алла Тағала «Жүніс» сүресiнiң 89-шы аятында: «Екеуiңнiң тiлектерiң қабыл болды», — деген.

Мұса (ғ.с.) пайғамбардың дәуiрiнен бастап дiндарлардың арасында дұғадан кейiн: «Әмин», — деп айту дәстүрi қалыптасып, қазiргi күнi «әмин» сөзiн барлық дін өкілдері, яғни яһуди, христиан және мұсылмандар қолданады.

Үшiншi мәселе: Намазда «Фатиха» сүресi оқылғаннан кейiн «әминді» айту үкiмi.

Бұл мәселеге қатысты ғалымдар түрлi пiкiр айтқан. Мәселен, имам Шафиғи, имам Ахмад және имам Мәлік: «Әмин» деп дауыстап айтылады», — десе, куфалық ғалымдар мен мәдиналық ғалымдардың кейбiрi, мысалы имам Табари: «Әмин» дауыстап айтылмайды», — деген («Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран»).

Ханафи мазһабына келер болсақ, Имам Қуртуби айтады: «Әбу Ханифа мәзһабының ғалымдары мынадай көзқарасты ұстанған: «Әмин» деп жария айтқаннан гөрi iштей айтқан абзал. Өйткенi, бұл — дұға. Алла Тағала: «Раббыларыңа жалбарынған күйде iштей тiлеңдер», — дедi («Ағраф» сүресi, 55-аят). Сонымен қатар, бұған АллаТағаланың: «Екеуiңнiң тiлектерiң қабыл болды», — деген сөзiнiң түсiнiктемесi дәлел» («Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран»).

Ханафи мәзһабының ғалымдары бұл мәселеде Ибн Масғуд (р.а.) риуаят еткен хадистi дәлел етедi. Сонымен қатар, Ахмад, Әбу Яълә, Табари, Ад-Даруқутни және Әл-Хәкім «Әл-Мустадрикте» былай деп риуаят еткен: «Уаил (р.а.) Нәбимен (с.ғ.с.) бiрге  намаз  оқығанда,  Нәби  (с.ғ.с.): «Бiздi қаһарыңа ұшырағандардың және адасқандардың емес», — деп оқығаннан кейiн («Фатиха» сүресі, 7-аят) iштей: «Әмин», — дедi». Хадистi имам Әбу Дауд, имам Тирмизи, т.б. риуаят еттi» («Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб»).

«Фатиха» сүресi оқылғаннан кейiн имам, муқтади (имамға ұйып намаз оқыған адам) және намазды жеке оқыған адам «Фатиха» сүресінен кейін «Әмин» деп айтуы сүннет амалына жатады.

Жәрия немесе іштей оқылатын намазда Ибн Масғудтың (р.а.): «Имам төрт нәрсенi iштей айтады: тәғәузды, тәсмийаны, «әминді» және тахмидты», — дегенiне сай, «Әмин» деп iштей айтылады» («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»).

Ал «Фатиха» сүресi оқылғаннан кейiн «Әмин» деп айтудың артықшылығы мәселесіне келер болсақ, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтады: «Имам: «Бiздi қаһарыңа ұшырағандардың және адасқандардың емес», — деп оқығаннан кейiн («Фатиха» сүресі, 7-аят): «Әмин», — деп айтыңдар. Сонда Алла тағаланың сүйiспеншiлiгiне бөленесiңдер» («Таһзибу сунәни Әби Дауд», 971.)

Дайындаған: Амантай Тойшыбайұлы