Әлемге оффшордағы 40 трлн. доллардың 1-ақ пайызы жетер еді

Тоғыз жыл қатарынан өтіп келе жатқан Астана экономикалық форумы бұл жолы да өзінің бағытынан жаңылмай, әлем марқасқалары алдына жаһандық проблемаларды жайып салды. Әлемнің бизнес элитасының серкелері, экономиканың жілігін шағып, майын ішкен сарапшылар, талай ғаламатты ойлап тапқан ғалымдар да осында ой бөлісті.  Ұзын саны  3 мыңнан астам адам қатысқан алқалы жиында  мұнайға қатысты көзқарастар, шикізат тапшылығы, әлемдік дағдарыстың түп-тамыры қайда жатқаны, кедейлік шегі, өзге де көкейкесті проблемалар талқыға салынды.  Жыл санап әлемдік дамудың кіндігі Еуразия құрлығына қарай жылжып келе жатқаны кең көлемде әңгімеге арқау болды. Оның ішінде Орта Азияның алар орны ерекше екені басты назарға алынды. «Қарт құрлық пен Қытай елінің арасындағы Қазақ сахарасы — мүмкіндіктер мекені» деген байлам жасалды. Талқы таразысына түскен тақырып: «Жаңа экономикалық шындық: әртараптандыру, инновациялар және білім мен экономика». Әйгілі «Алибаба групп» компаниясының жетекшісі Джек Ма, «Нью-Йорк Таймс» «әлемдегі ең салмақты экономист» деп атаған Джэффри Сакс секілді серкелер де форумның беделін көтеріп, алшаң басып жүрді.

forum_astana_economic

Экономиканың супер кезеңі аяқталды. Даму тежеліп, өсім баяулады. Мәселен, 2015 жылы әлемдік экономиканың ішкі жалпы өнімі 3,1 пайызға төмендеді. Бұл — тарихта болмаған тежелу.

…қазір көп қаражат оффшорлық аймақтарда жатыр.  Қазір оффшорда 30-дан 40 триллионға дейін доллар жатыр. Осы қыруар қаржының 1 пайызына салық салынса, дамушы елдердегі білім мен денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеруге болар еді. ЮНЕСКО-ның есебінше, кедей елдердегі балаларды біліммен қамту үшін 50 миллиард доллар қажет. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін халықаралық қауымдастық күш біріктіру керек…

«Қабылданған Ұлт жоспары — «100 нақты қадамға» икемделіп, жаңа заңнама қабылданды. Бұл — әлемде болып жатқан теріс үрдістерге біздің беретін негізгі жауабымыз. Қазақстан 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму стратегиясын жүзеге асыру үстінде. Алдағы 10 жылдықтағы негізгі мақсат — үздік дамыған 30 экономиканың қатарына ену.

Алдағы 4 жыл ішінде 800-ге жуық компания жекенің қолына өтеді. Оның 217-сі «Самұрық-Қазына» компаниясына тиесілі.

Ол аз десеңіз, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберту Азеведу мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің Президенті Сума Чакрабарти секілді танымал тұлғалар да төбе көрсетіп қалды.
Жаһан күн сайын құбылуда. Геосаяси текетірестерден туындаған қазіргі қалып қырғиқабақ соғысты еске салып тұр. Бұл кеп әсіресе дамушы елдерді діңкелетіп қойды. Әсіресе біз мекен қылған аймаққа бұл уақыт оңай тиіп тұрған жоқ.

photo-by-yuriy-galov«Осы бір тепе-теңсіздіктің тереңі кімді қай шыңырауға қалай тартса да, біз түсінуге тиіс нақты дерек мен дәйектің бары рас», — деді Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумына жинал-ғандардың алдында.
— Биыл біздің осынау достарымыздың қатарын Халықаралық валюта қоры, Боао экономикалық форумы сияқты беделді ұйымдар мен «Экономист» (The Economist), «Файнэншл Таймс» (Financial Times) сияқты әлемге танымал экономикалық басылымдар толықтыруда. Форум жұмысына әлемге әйгілі ғалымдар, «Нобель» сыйлығының иегерлері, сонымен бірге, әлемдік инвесторлар және Американың, Еуропа мен Азияның ірі корпорацияларының өкілдері қатысуда. Экономиканың супер кезеңі аяқталды. Даму тежеліп, өсім баяулады. Мәселен, 2015 жылы әлемдік экономиканың ішкі жалпы өнімі 3,1 пайызға төмендеді. Бұл — тарихта болмаған тежелу. Мемлекет басшысы дүниежүзін дүр сілкінткен дағдарыстың түп-төркінін дөп басып айтты.
Ең тиімді инвестиция — адам капиталына құйылған инвестиция. Мемлекет басшысы Оңтүстік Шығыс Азия мен Африка елдеріндегі мектепке бармайтын 50 миллион баланы мысал етті. Әлем жеткіншектерінің 45 пайызы өмір сүретін аталған елдерде 250 мың бала мүлдем хат танымайды. Нұрсұлтан Назарбаев қалыптасқан үрдісті түбегейлі өзгертіп, тепе-теңдік орнату үшін 4 ұсыныс жасады.
— Біріншіден, біз дамушы елдер мен кедей елдерде адам капиталының дамуына назар аударуымыз керек. Бірде-бір мемлекет сауатты, білімді және пысық адамдарсыз дами алмайды. Екіншіден, экономикалық өсім болуы үшін табыс жаңа өндіріске, білім беру мен денсаулық сақтау саласына және инфрақұрылымды дамытуға инвестицияланғаны жөн. Әйтпесе, қазір көп қаражат оффшорлық аймақтарда жатыр. Қазір оффшорда 30-дан 40 триллионға дейін доллар жатыр. Осы қыруар қаржының 1 пайызына салық салынса, дамушы елдердегі білім мен денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеруге болар еді. ЮНЕСКО-ның есебінше, кедей елдердегі балаларды біліммен қамту үшін 50 миллиард доллар қажет. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін халықаралық қауымдастық күш біріктіру керек, — деді Елбасы.
Президенттің үшінші ұсынысы экономикалық пайданы экологиялық мәселеден жоғары қоятын алпауыттарға қатысты. Жаһандық жылыну процесіне алаңдаулы екенін айтқан Қазақ лидері «СО 2» көмірқышқыл газының таралуына тосқауыл қою керектігін қадап айтты. Төртіншіден, әрине, әрбір ел ұлттық деңгейде кең ауқымды құрылымдық реформаларды жүзеге асырғаны жөн. 5 институционалдық реформа — Қазақстанның дағдарысқа қарсы іс-әрекет жоспары. Оған тұғыр болатын «100 қадам» жүзеге асса, Қазақ елі адам танымастай өзгермек. Осының бәрін сараптай келе Елбасы: «Қабылданған Ұлт жоспары — «100 нақты қадамға» икемделіп, жаңа заңнама қабылданды. Бұл — әлемде болып жатқан теріс үрдістерге біздің беретін негізгі жауабымыз. Қазақстан 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму стратегиясын жүзеге асыру үстінде. Алдағы 10 жылдықтағы негізгі мақсат — үздік дамыған 30 экономиканың қатарына ену», — деді.

Джек Ма не дейді?

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған саясатқа жетік серкелердің форумда айтқан ой тұжырымдарына кезек берейік. Томас Сарджент, «Нобель» сыйлығының лауреаты:
Sargent— Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әр бастамасының соңында үлкен ой жатады. Еуропа мен Шығыс Азия елдерінде Давос форумы сияқты үлкен жиындар жиі ұйымдастырылады. Ал Астана экономикалық форумының өзектілігі осы екі ортадағы бос кеңістікті толтырып, тек жаһандық қана емес, тікелей Еуразияға қатысты тақырыптарды көтеруге және оларды шешудің жолдарын іздеуге мүмкіндік береді, — деп, өз ойын тұжырымдады. Айта кетейік, Астана экономикалық форумы, алдымен, инвестор тартуда таптырмайтын алаң. Ал жиын аясында инвестициялық саммит өткізу — сәтті идея. Әлемдік сарапшылар бұл кеңесті форумның ең маңызды отырысы санайды. Себебі атқарушы билік алдағы 10 жылда 100 миллиард доллар инвестиция тартпақ.
Қытайдың ең бай азаматы, инноватор, «Алибаба» тұғырнамасының иесі Джек Маның сөзі өте әсерлі шықты. Оның ойын түйіп айтсақ, болашақ — ғаламтор мен тың технологияларда. Оларсыз алға қадам басу мүмкін емес.

Джек Ма, «Аlibaba group» компаниясының төрағасы:
джек ма— Біз адам ағзасының ішінде не болып жатқаны туралы аз ойланамыз. Қолда бар технология мен деректерді негізге ала отырып, алдағы 30-40 жылда адам денесінің сырын ашып, қатерлі ісік мәселесін түбегейлі шешеміз. Мүмкін енді бір-екі ғасырдан соң жер бетінде әр адам 200 жылдан артық өмір сүруге болмайды деген заң қабылданар, — деп, болашаққа саяхат жасады.
Жалпы, жаһандық мәселелерді талқылайтын сұхбат алаңына 8 жылда 40 мыңнан астам адам қатысқан. 150 елдің белді бизнесмендері мен ғалым-зерттеушілері, 20-дан астам «Нобель» лауреаты ұтымды ұсыныстарын бөлісті. Сонымен қатар, 18 млрд. долларға жуық қаржының 280 меморандумына қол қойылыпты.
9-шы форум Тәуелсіздік сарайында ғана емес, бір мезетте бірнеше жерлерде болды. Негізгі отырыс Қазақстан концерт залында өтсе, әлемдік ақыл-ойдың үздіктері саналатын Эдвард Прескотт, Кристофер Писсаридес, Томас Серджент сынды «Нобель» сыйлығының иегерлері Назарбаев университетінде дәріс оқыды.
Форумда талқыланған тағы бір маңызды тақырып — «жасыл» экономикаға көшу үдерісі. Біздегі баламалы энергетиканың үлесі қазір 1 пайызға да жетпейді. Алдағы 4 жылда бұл көрсеткішті кемінде 3 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Бұл тұжырымды БҰҰ өкілдері жоғары бағалады.

джиханДжихан Султаноглу, БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі:
— Қоршаған ортаға қатысты барлық түйткілдерді бірлесіп шешкен жөн. Бұл орайда «жасыл» энергияны дамытудың заңдық негізін жетілдіруге үлес қосатынымызға қуаныштымыз. Осы мақсатта Қазақстанда ілгерілеу бар екенін зерттеулер көрсетіп отыр, — деп, өз ойын ашық білдірді. Бұдан бөлек, форумда әлемдік дағдарыстан шығу жолдары, экономикалық қиын кезеңді еңсеру сынды күрделі мәселелер де талқыға салынды. Жиын барысында Қазақстанның жалынды жастарына америкалық компания грант бөлетінін хабарлады.

Давид Валера, Халық-аралық сауда-серіктестікті дамыту ұйымы жетекшісі:
— Біздің тараптан көптеген секторға қызығушылық бар. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше. Осының арқасында жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік мол. Қазір Назарбаев университетімен бірлескен жобаларды қарастырып жатырмыз. Бұдан бөлек, Астанада бірқатар сала бойынша компания ашуды жоспарлап отырмыз. Егер ол жұмысын бастаса, 200 жаңа жұмыс орны құрылады, ал болашақта 2000-ға дейін адамды еңбекке тартамыз деген жоспар бар, — деді ол.
Сондай-ақ, форумда компанияларды жекешелендіруге инвесторлар тарапынан қызығушылық басым болды. Елде мемлекеттік активтерді сату қарқынды жүріп жатыр. Алдағы 4 жыл ішінде 800-ге жуық компания жекенің қолына өтеді. Оның 217-сі «Самұрық-Қазына» компаниясына тиесілі.

ЭДВАРД ПРЕСКОТТ: «ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ АЯСЫНДА ОРТАҚ ВАЛЮТА ЕНГІЗУ ҚАТЕ ҚАДАМ БОЛАР ЕДІ»

Мына жағдайды айта кетпеске болмас деген ойдамыз. Әлемге әйгілі «Alibaba Group» корпорациясының негізін қалаушы, бизнесмен Джек Ма Қазақстанға алғаш рет келіп отырғанын айта келе, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Астана экономикалық форумының пленарлық мәжілісінде сөз сөйлеп, өз жетістігіне мақтанышын білдірді. Ол сөзін аяқтай сала Президент Н.Назарбаев: «1994 жылы Қазақстандағы инфляцияның көлемі 2150 пайызды құраған. Міне, біз осыдан бастап, қазіргі жағдайға жетіп отырмыз. Қайыршылықтан орташа дамыған мемлекеттердің қатарына өттік. Меніңше, бұл — басты жетістік. Осы уақыттың 100-ден астам этнос пен ондаған діни конфессиялар тұратын мемлекетте бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай алдық. Олардың барлығы — Қазақстан азаматтары. Бәрі осы елге еңбек етті. Енді, негізгі мәселеге келейік, Ма мырза 17 жылдың ішінде «Алибабаны» құрдым десе, мен 17 жылдың ішінде өзіңіз көрген Астананы салып алдым. Қазақстанның жаңа ұрпағы өз мүмкіндіктерін көріп, менен де артық істерге барсын деп тіледім. Меніңше, мен осымен мақтана аламын», — деп, қарымта жауап берді.
Өз кезегінде Джек Ма елорданы көргенде таңқалғанын жасырмады. «Бұл қала 20 жылдан аз уақытта салынды дегенді естігенде, мен қатты таңқалдым. Осында тамаша ортаны, жерді, тамақты, мәдениетті көріп отырмын. Меніңше, бұл жердің болашағы зор», — дейді бизнесмен.
Мұнай бағасы 100 доллардан асатын заман қайтып оралмайды. Бұл туралы Астана экономикалық форумының «Өсудің жаңа үлгісін іздеу жолында» сессиясында Еуразиялық экономикалық комиссиясы Экономика және қаржы саясаты алқасының мүшесі Тимур Сүлейменов мәлім етті.

прескот
                                            ЭДВАРД ПРЕСКОТТ

ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов қатысқан секцияда реформалар мәселесі талқыланды.
Астана экономикалық форумында Назарбаев университетінің президенті Шигео Катсу өз ойын былайша өрбітті: «Қазақстанда отандық медицинаның сапасы әлемдік деңгеймен салыстырғанда оң өзгеріс жасады. Соған орай, елдегі орташа өмір сүру көрсеткіші 69 жасты құрап отыр. Білім беру мен гендерлік саясатта ілгерілеу байқалғандығын ерекше атай аламын. Мәселен, ҰБТ-ның көрсеткішіне қарап, жақсы көрсеткіш барын бағамдай беруге болады. Гендерлік саясатта әйелдердің алатын үлесі тиісті деңгейге жете алды». Назарбаев университетінің президенті Қазақстанның климаттық жағдайына тоқтала келе, Арал теңізінің тартылуын ғаламдық проблема ретінде атады. Сондай-ақ, ауызсуға деген сұраныстың артуы шешімін табуды күттірмейтін мәселеге балататындығына тоқталды. Сонымен қатар, «жасыл» экономикаға көз тіккен Астананың әлемнің қауіпсіз қалаларының қатарында болуы үлкен жетістік екендігін жеткізді.
Еуразия экономикалық одағы аясында ортақ валюта енгізу туралы солтүстіктегі көршілер жақтан екпін-екпін ұсыныстар айтылғанымен, Қазақстан мен Беларусь тарапынан қарсылық байқалған-ды. Одақты құрушы негізгі үштіктің екеуі қарсылық білдірген соң, Ресей президенті Путин де тізгін тартқандай сыңай танытқан.
«Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта енгізу қате қадам болар еді». Экономика саласы бойынша «Нобель» сыйлығын алған Эдвард Прескотт Астанадағы Назарбаев университетінде оқыған арнайы лекциясында осылай деді.

ТҮЙІН: Екі күнге созылған экономикалық форумға әлемнің 90 елінен 3 мыңға жуық сарапшы, саясаткер, қаржы әлемінің көшбасшылары қатысты. Олар экономикалық өсімнің супер цикл аяқталғанын бірауыздан мойындап отыр. Ендігіде нано технология мен ақыл-ойдың озық үлгісіне иек артқан елдер ғана оза шаппақ.

Нағашыбай Қабылбек