Әлем экономикасы тұралап тұр

Білікті мамандар мен кәнігі сарапшылар пікіріне ден қойсақ, Аспан асты еліндегі Ухань атты қалада пайда болып, бүгіндері әлемнің 100-ден астам еліне жайылып үлгірген коронавирус Қытайдың ғана емес, басқа әлем елдерінің де экономикасына қыруар зиян келтіруге түрткі болып отырса керек. Ол залалды кеселдің зияны Қазақстанды да айналып өтпесі кәміл. Өйткені, Қазақстан – «Қытайдан шығарылған» деген көптеген өнімдерді тұтынушы елдер қатарына жатады. Осы деректерді алға тартқан отандық сарапшылар: «Коронавирус отандық экономиканы мүлде тұралатып тастамаса да, көп қиындықтарға тап қылары сөзсіз. Қалыптасқан жағдайға орай, қаңтар мен ақпан айлары қос ел арасындағы сауда-саттықтың сәл де болса бәсеңдейтін мерзімі. Мерекелік күндері іскерлік белсенділік мүлде құлдырап, нольдік деңгейге дейін жетеді. Сол себепті еліміз Қытайдағы карантиннің салдарын әзірше толықтай сезінбей отыр. Егер қазіргі күні уақытша тоқтатылған өндіріс пен трапнспорт толқыны бұрынғы қалпына келтіріліп, қайта жалғасын таппаса, біздің елдің экономикасы айтарлықтай қиындықтарды басынан өткеретін болады. Құрастырушы техникалардың жетіспеушілігі ең алдымен қазақстандық өндіріс, құрылыс саласына ықпал етеді. Сондай-ақ, Қытайдан әкелінетін бірқатар жеміс-жидектер мен көкөністер тапшылығы сезіле бастауы ғажап емес. Мәселе осы ауанда өрбісе, бұл жағдай азық-түліктік инфляция деңгейінің артуына әсер етуі мүмкін. Жаңа «ауру» алғашқы «жемісін» беріп те үлгерді. Кейбір дерек көздерінің айтуына қарағанда, коронавирус төңірегінде өрбіген дүрбелеңді базбіреулер қасақана ушықтырса, солардың ішінде АҚШ та бар деседі. Бұл әрекеттердің бәрі Қытай экономикасын – тұралатуды мақсат тұтудан туындап отырған арандатушылық дейтіндер көп. Ол шындықтан алыс та емес, өйткені, АҚШ пен Қытайдың экономикасы бір-бірімен өте тығыз байланысты. Егер Қытай экономикасы тұраласа, АҚШ экономикасының да «тырапай» асары міне тұр. Себебі, АҚШ-тың көптеген компаниялары мен өндіріс саласы Қытай нарығына және осы елден қойылатын құрастырушы техника мен технологиялар тәуелді. Сөз Хубэй провинциясы жөнінде болып отыр, мұнда өнім өндіруге қажетті техникаларға керек ондаған детальдар шығаратын өндіріс орындары орналасқан, соларға тәуелділер ішінде АҚШ та бар. Құрастырушы техникаларды қою тоқтатылса, бұл өндірістердің өнім өндіру қарқынын бәсеңдетіп, өндіріс өнімдері құнының қымбаттауына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сол себепті, коронавирус туралы қауесет отын мақсатты түрде үрлей беру АҚШ-қа пайда әкелмей, зиян тигізуі әбден мүмкін, себебі, ол шыққан шщығынның орнын толтыра алмайды. COVID-19 ұзақмерзімді экономикалық дамуға ықпал ететін іргетастық фактор бола алмайды.
Стихиялы түрде жүріп жатқан ақпараттық науқанның қорытындысы қор нарығының уақытша құлдырауына ғана әсер етуі ғажап емес. Айқай-шу басылғаннан кейін Қытай экономикасы әдеттегі жұмыс ырғағына қайта оралып, қор нарығындағы орын алған салдарлар тез арада қалпына келері сөзсіз. Десе де, ең бастысы, барлық жерде орын алып отырған құбылысқа қатысты дүрбелең тек американдық БАҚ-тарда ғана емес, тіпті Қытайдың өзінде де белең алған. Нақты деректермен дәйектелмеген негізі жоқ алып-қашпа сөздер батысты жақтайтын ғана емес, оларға қарсы ақпараттық ресурстарда да белсенді түрде жүргізілу үстінде. Бұл жерде саяси бағдар айтарлықтай рөл атқармайды, керісінше, АҚШ БАҚ-тар өз аудиториясын қорқытуға ден қойса, ресейлік БАҚ-тар «достарымызға көмектесеміз» дейтін сөзді жиі қолданады. Бұл жерде атап өтерлігі, американдық БАҚ-тар ақпараттарды соның басында Си Цзиньпин тұрған қытай бюрократиясы жүйесінің құлдырауы контексінде береді. Мәселеге осы тұрғыдан қарасақ, американдық БАҚ-тардың қытай режиміне қатысты қалыптасқан келеңсіз жайттарды ғана көргісі келетін біржақтылығын байқауға болатын сынды. Бұдан шығатын қорытынды айқын болса керек. Коронавирус төңірегінде өрбіген дүрбелеңді оқиға ең алдымен БАҚ-тардың өздеріне қажет.
Оқырмандар үйіне қарай жақындап келе жатқан қорқынышты жамандық – жақсы бағамен сатылған, «айқай-шуға» негізделген айдарлар ғана. Оларға жай ғана талдау жасасаңыз, осы жарияланымдардың көпшілігі қара аспанды жерге төңкерген «жаңалықтан» гөрі бүкіл әлемдік есуастықтай сезім ғана туындатары хақ. Мысалы, Қытайдан басқа жерлерде бетперденің жетіспеушілігінің өзі неге тұрады? Рас, көптеген жерлерде жағдай өте қиын, оларға бетперделердің қажет екендігі де дау туғызбайды. Дегенмен, осы ызы-шудың арқасында көптеген елдер коронавирустан сақтану үшін бетперде киюге көшті, ал бұл соңғы жылдардағы ең жақсы вирустық жұқпалы аурулардың алдын алу болып табылады. Қысқасы, коронавирустың ушығуы іргетастық экономикалық өсім факторына ықпал ете алмайды. Аталған аурудың Қытайға ұзақ уақыт әсер етуінен туындауы мүмкін жалғыз жәйт – аса ірі өнім өндіруші әлемдік экономиканың тоқтауы болмақ. Ол өз кезегінде қазірдің өзінде әлемдік шаруашылыққа ықпал етуде. Мәселен, металлдар мен энергоресурстарға деген баға айтарлықтай құлдырап кетті: мыс – 10,4; никель – 8,7; қалайы – 7; қорғасын – 4,6; мырыш – 7,3; алюминий – 6 пайызға. Қытайлық құрастырушы детальдардың қойылуына тәуелді басқа елдердің өндірістері де қымбаттауы күтілуде. Дегенмен, әдеттегі өмір қалпына келгеннен кейін, бәлкім, наурыз айының ішінде болар, әлемдік экономика тепе-теңдікке қайтып оралуы тиіс»» – деген болжам айтады. Оның рас-өтірігін алдағы уақыт көрсетеді.

Ермек Сахариев