Ұрпақ тәрбиесі-ұлт келешегі

Аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызының қатысуымен “Ұлттық идеологияның қайнар көздері” тақырыбында форум өтті. Форумға аудан ардагерлері, ауыл, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ұстаздар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сәуле Мешітбайқызын аудан әкімі Бақыт Қазанбасов қарсы алып, гүл шоғын сыйлады.
Форумға қатысушылар мәдениет үйіне кіре берістегі аудан қолөнершеберлерінің көрмесімен танысты. Сонан соң ЛЕД экраннан бала тәрбиесіне байланысты бейнеролик көрсетілді.
Елімізде жасөспірімдер, жастар арасындағы қылмыс санының артып келе жатқаны жасырын емес. Енді осы қылмыстың алдын алу жолында балаларымызды қалай тәрбиелейміз, оларды дұрыс жолға бағыттаудың қандай жолдары бар? Міне осы маңызды сауалдарға жауап іздеу мақсатында “Qazaqstan dauiri” халықаралық газеті, республикалық “Мөлдір бұлақ” балалар журналы, республикалық әлеуметтік-қоғамдық «Елана» ақпараттық агенттігі мен саяси партиялар, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен “Ауыл-ел бесігі” дәстүрлі экспедициясы аясында Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен “Ұлттық идеологияның қайнар көздері” тақырыбында өткен форумда нақты жауаптар берілді. Аталған экспедицияның 15 жылдан бері еліміздің барлық аймақтарында болып, атқарылып жатқан игілікті істер мен келеңсіз жағдайларды газет бетінде тұрақты жариялап келе жатқанын жақсы білеміз.
Форум жұмысын аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов кіріспе сөзбен ашып, “Ұлттық идеологияның қайнар көздері” тақырыбында осындай келелі кездесу, форумдар облыс әкімінің қолдауымен барлық аудандарда өткізіліп жатқандығына тоқталды. Аталған форумды өткізуге “Ел Ана” қоғамдық қорының президенті, “Qazaqstan dayuiri” халықаралық газеті мен республикалық “Мөлдір бұлақ” балалар журналының бас редакторы Сәуле Мешітбаева бастамашы болып отырғандығын атап өтті.
Форумда сөз алған Сәуле Мешітбайқызы “XXI ғасырдағы тәрбие ерекшеліктері” тақырыбында көсіле сөйледі. Қоғамдағы орын алып жатқан келеңсіз жайттарға, бүгінгі адамдардың көзқарасы, ұлт, бала тәрбиесі туралы салмақты сөз сабақтады.
-Бүгінгі форум тақырыбын “Ұлттық идеологияның қайнар көздері” деп алып отырмыз. Ондағы мақсат-ұлттық тәрбиенің рөлін арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау арқылы ұрпақ тәрбиесіне басымдық беру, әкелер мектебін қалыптастыру. Менің айтайын дегенім елімізде ұлттық құндылықтар жойылып барады. Шет елге кетіп жатқан сәбилер жағдайы алаңдатады. Жетім-жесірлер көбейіп, олардың бүгінгі жағдайы мәз емес. Ертеңгі келешегі бұлыңғыр. Жастар арасында үйлене салып, ажырасушылардың саны артуда. Қыздар “өзім үшін туып алдым” дегенді айтады. Сол ұрпақтан не күтеміз, тектілік деген қайда? Тексіз қыздар кесірінен қара нәсілдерменде құда болып жатырмыз. Неге бұлай болды, намыс қайда?
Отан-отбасынан басталады. Демек, отбасындағы тәрбиеге кім жауап береді? Біз үйде отырып билікті сынай бермей, әркім өз отбасына ие болса мұндай бассыздыққа жол берілмес еді. Мектептердегі қыздардың төбелесі, болмаса жастардың өз-өзіне қол жұмсауына да билік кінәлі ме? Әрине олай емес. Мұның себебі біз кейінгі жылдары ер-азаматтардың беделін төмендетіп алдық. Еркекті пір тұтатын кез ұмыт болып барады.
Тіліміз бүлініп жатыр. Қазақ пен қазақ орысша сөйлеседі. Тілге деген жанашырлық қайда? “Тілі құрыған елдің өзіде құриды”,-деген емес пе? Ал бұған кім кінәлі?
Әлеуметтік желі деген “тажал” болып тұр. Онда оңды-солды сөйлеп, ел мәселесін сырттай өздері “шешіп” жататындар бар. Небір жағымсыз, теріс әрекеттерге итермелейтін мәселелер көрсетіледі. Күйеу іздеген қыз, қалыңдық іздеген жігіт туралы “Қосылайық”, “Қалаулым” деген бағдарламалар бар. Мұның қандай тәрбиелік мағынасы бар? Қазақтың өрімдей қызы үшін ұят-ақ. Әрине мұның артында ақша тұр. Ал осы әлеуметтік желі дегенмен күресуіміз керек.
Біздің түбімізге жететін-немқұрайлылық. Сол әлеуметтік желіде көрсетілген орынсыз бағдарламаларға, теріс пікірлерге кері жауап жазуымыз керек. Мұнымен көп болып күреспесек, келешегімізге, өсіп келе жатқан жастарымызға қиын болады. Сондықтанда ел боламыз десек әрбір отбасы тәрбиені өз үйінен бастауы керек. Келешек үшін бәрімізде жауаптымыз,-деді Сәуле Мешітбаева.
Ш.Мұртаза атындағы “Баспасөз үйі” КММ директорының орынбасары, облыстық қоғамдық ата-аналар кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев “Тәрбиенің қайнар көзі-ұлттық тәрбие”, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері Алмагүл Түйтебаева “Отбасы құндылықтар: өзектілігі және шешу жолдары”, Үлгілі ауылдық округі әкелер кеңесінің төрағасы Сүндетулла Әбілов “Отбасындағы әкенің рөлі”, аудандық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Шырын Жанұзақова “Отбасы құндылықтары”, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Болат Басығараев “Бала тәрбиесі-баршаның ісі”, аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Сымбат Жиеналиева “Бүгінгі жастар” тақырыптарында сөйлеп, өз ой-пікірлерін білдірді.
Форум жұмысы барысында қаралып отырған өзекті мәселеге байланысты басқа да бірнеше азаматтар өз ойларын жеткізді. Сұрақтарын қойып, оған жауап алғандарда болды.
Форум жұмысын қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Талғат Салқанұлы елімізде етек алып бара жатқан жат әрекеттерден аулақ болып, әрбір отбасында отбасы құндылықтарын сақтап, ұрпақ тәрбиесіне басымдық беруге шақырған Еланасы Сәуле Мешітбайқызына алғысын білдірді. Ал ауданымыздағы кимешек киген “Асыл әжелер” тобы форумға қатысушылар мен қонақтарға арнап, тамылжыта ән шырқады.
Еліміздің келешегі, жастардың болашағы үшін шырылдап жүрген аяулы ана С.Мешітбаеваға Түймекент ауылынан келген батагөй қария Күнтуған Ақназаров өзінің ақ батасын беріп, атқарып жүрген жұмысына сәттілік тіледі.
Кездесу соңында форумға қатысқандар Сәуле Мешітбайқызымен суретке түсіп, еліміздегі өзекті мәселені көтерген келелі әңгімесі үшін алғыстарын айтып жатты…
Сүндетулла АБЫЛАШҰЛЫ,
Сарыкемер ауылы.