Ұрпаққа үш өсиет…

 

                                                                                                                                                                                                                                                      Ғибратты әңгімелер

Ілгеріде өте ақылды әрі дана бір патша өмір сүріпті. Ол ажалы жақындап, өмірден өтетініне көзі жеткен шағында балалары мен уәзірлеріне мынадай үш өсиет қалдырыпты:
1. Мені жерлеуге алып шыққанда денемді қабір басына дейін тек дәрігерлерім ғана көтеріп апарсын;
2. Денемді алып шыққанда мына жатқан жерімнен көріме дейін алтын-күміс теңгелер шашып отырыңдар;
3. Екі қолымды кебіннен шығарып, салбыратып, ашылған күйде қалдырыңдар.
Патша өсиетін мұқият тыңдаған бас уәзір оған барлық өтініштерінің орындалатынын жеткізіп, олардың мәнін түсіндіруін өтінеді. Сонда патша терең күрсініп: «Осы күндері бір нәрсеге көзім толық жетуде. Артымда қалғандарға соны сабақ ретінде қалдырып кеткім келеді!
Бірінші өсиетім — адамға өлім нақты келетін болса, тіпті қасындағы мықты дәрігерлердің өзі одан құтқарып қала алмайтынын әрі өмір мен денсаулық ешбір адамның қолында емес екенін түсіндіру еді.
Екіншісі – мал-дүние жинап шаршаған уақыттарымыз бекерге кеткен екен, сүйіп өткен алтын-күмісімізге дейін артымызда шашылып қалады екен деген шындықты ұғындыру.
Үшіншісі – өмірге келгенде қолымыз бос болып еді, кетіп бара жатқанда да дәл солай бос күйінде аттанады екен деген ақиқатты еске салу!», — деген екен

 

Бір салауат

Ахиретте бір мұсылманның амалдары есепке тартылады. Күнәлары таудай, ал сауабы бір тұтам болады. Періштелер оны жаһаннамға алып бара жатқанда сүйікті пайғамбарымыз оларға: «Асықпаңдар! Ол менің үмбетімнен болады, оны жіберіңдер!» дейді. Періштелер: «Йа Нәбиуллаһ, бұл тапсырманы бізге Аллаһу та’ала берді. Біз не істей аламыз? Сен Раббымызға дұға етсең, Ол бізге не істейтінімізді білдіреді» дейді. Сүйікті пайғамбарымыз дұға етеді. Аллаһу та’ала періштелерге: «Хабибім не айтса соны істеңдер!» дейді. Пайғамбарымыз: «Таразыға тағы бір рет тартып көрейік» дейді. Қайтадан таразының басына келеді. Періштелер: «Йа Расулаллаһ, қараңызшы күнәлары таудай» дейді. Пайғамбарымыз мүбәрәк қолындағы бүктелген қағазды таразының оң жағына қойып: «Енді көріңдерші» дейді. Бірден жағдай өзгереді. Сауаптар таудай көбейіп, күнәлар аз қалады. Әлгі мұсылман құтылғанын көріп, пайғамбарымыздың аяғына жығылып: «Мені құтқардыңыз Йа Расулаллаһ! Қағазда не бар еді?» деп сұрайды. Расулуллаһ алейһиссалам «бірге ашып көрейік» дейді. Қағазды ашқандарында ішінде: «Аллаһуммә салли алә сәйидинә Мухаммәдин уә алә әли сәйидинә Мухаммәд» деп жазылған еді. Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм оның өмірінде бір рет айтқан салауатын сақтаған екен.
Пайғамбарымызды еске алудың, оған салауат айтудың қаншалықты маңызды екендігі осыдан да түсінілуде. Күнде салауат айтып жүруге тырысу керек. Жолда, жұмыста әр мүмкіндікте айтып жүруге әдеттену керек.

 

Гүлдана Бағазқызы  sadaka.kz