«Ұмай» арқылы үйлі болған Жамила

Қазақстанда 2021 жылдан бері «Отбасы банкі» арқылы әйелдерді қолдауға арналған «Ұмай» әйелдер ипотекалық бағдарламасы іске асырылып келе жатқаны белгілі. «Отбасы банкінің» ресми интернет ресурсындағы ақпаратқа сүйенсек, банк 2021 жылы Азия даму банкімен жалпы сомасы 38 миллиард теңгеге әйелдерді несиелендіру туралы келісім жасасқан. Сол жылы 8,4 миллиард теңге көлеміндегі бірінші транш игерілген. Оған 954 несие берілген екен.

Ал былтыр әйелдерді несиелендіруге бөлінген екінші транш, яғни 14 миллиард теңге толық игерілгеннен кейін (1 120 несие) өтінімдерді қабылдау уақытша тоқтатылыпты. Дегенмен Азия даму банкінен келесі транш бөлінгеннен кейін бағдарламаның үшінші кезеңі де көп кешікпей-ақ басталмақ. Оның нақты уақытын банк өз сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында қосымша хабарлайды.
Аталған бағдарламаның талаптары өзгергелі бүгінде бұл бағдарламамен айлық табысы 640 мың теңгеден аспайтын нәзікжандылар да үй алу мүмкіндігіне ие болды. Жалпы бағдарламаға бір отбасындағы екі адам ортақ табысын көрсету арқылы да қатысуға болады.
Негізінде «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы бір айлықпен күнелткен қатардағы нәзікжандыларға қарағанда, айлық табысы сәл-пәл жоғары, әсіресе кәсіпкер әйелдерге қолайлы екені анық. Десе де «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы арқылы баспаналы болғандар арасында мұғалімдер де бар. Соның бірі – Жамила Айдабосынова. Ол Жамбыл жоғары медициналық колледжінде тәрбие бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етеді. Айтуынша, 2018 жылдан бастап «Отбасы банкінің» салымшысы атанып, жалақысынан депозитке қаржы құя бастаған.
– «Ұмай» бағдарламасы арқылы 2022 жылдың сәуір айында 2 бөлмелі пәтер алдым. Бағдарлама талаптарының артықшылығы – салымшының бастапқы нарықтағы, яғни жаңа салынған нысаннан да, екінші нарықтағы тұрғын үйден де пәтер алуына болатындығы. Сонымен қатар атыңда басқа жылжымайтын мүлік болса да оған қатысты шектеу жоқ.
Мәселен, мен үйді Тараз қаласының өзіме ұнайтын аумағынан, әрі жұмысыма жақын, маңайында мектеп, балабақшасы, дүкені бар Ұлбике ақын көшесінің бойынан алдым. Ипотекалық несие көлемі 12,5 миллион теңге болса, оны төлеп біту мерзімі – 13 жыл. Мен ипотекалық несиені рәсімдеп, баспананы алатын кезде алғашқы жарна есебіндегі 20 пайыз қаражатты пәтер иесіне бердім. Қазір ай сайын 152 мың теңге банке құйып отырмын.
Негізі бұл бағдарламаның пайызы жоғары, ай сайын құятын төлемі де қалтаға оңай соқпайды. Бірақ кез келген жобаның, бағдарламаның бір артықшылығы болады. Мәселен, мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы үй алуға талпынғанымда оның мүлде орайы келмеді. Өйткені сан түрлі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуым үшін, біріншіден, аз қамтылған отбасы немесе жалғызбасты, ерекше қажеттілігі бар адам секілді санаттарға жатпайтындығыммен қатар, еңбекақым да жоғары болып есептелді. Екінші деңгейлі өзге банктерді жағалағанымда банктегі мамандар «жалақыңыз аз, сондықтан сізге 6-7 миллион теңгеден артық несие рәсімдей алмаймыз» деп ашып айтты. Баспаналы болуды армандап жүргенімде осы «Ұмай» бағдарламасы қолданысқа енді. «Ұмайдың» пайызы жоғары болғанымен (сол кездегі сыйақы мөлшері – 13 пайыз), ипотекалық несие жылдам әрі оңай рәсімделді. Құжат жинап есіктен-есікке сабылған жоқпын, – деді Жамила Несіпбекқызы.
Ж.Айдабосынова жоғары білімді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік (бұрынғы ТарМУ) университетінен алыпты. Еңбек өтілін 2001 жылы Байзақ ауданының Қызыл Жұлдыз ауылындағы Намазбай Ақшабаев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2012 жылы Жамбыл жоғары медициналық колледжіне жұмысқа тұрып, содан бері осы білім беру мекемесінде еңбек етіп жүр. Қазіргі жауапты қызметін ол 2 жылдан бері атқарып келеді.
– Несие сомасының тең жартысын құйып үй алатын өзге тұрғын үй бағдарламаларына қарағанда «Ұмай» әйелдер ипотекалық бағдарламасы тиімді деп ойлаймын. Мен үй алғанда несие қаржысының 20 пайызын алдын ала өтеу шарт болса, қазір бұл 15 пайызға түсті деп естідім. Сонымен қатар төлем қабілеті жетіп тұрған әйелдер 30 миллион теңгеге дейін несие рәсімдей алады. Тіпті пәтерін жөндеуден өткізу үшін де несие рәсімдесе болады екен.
Жалпы қоғамда теңін таппай, тұрмыс құрудың сәті түспей жүрген қыздар бар екенін жасырып қайтеміз. Ал олар бүгінде «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы арқылы жеке пәтерге қол жеткізіп жатса, бұған қуануымыз керек. Менің ойымша, мемлекетіміздің әйелдерге деген бұл да бір үлкен қамқорлығы деп білемін. Өмірдің түрлі сынағын бастан өткеріп жатқан әйелдердің қабағында мұң болмай, өзін бақытты сезінсе, одан артық не керек? – деді ол.
Бүгінде салт жүргенге де, отбасылы адамдарға да басында баспанасы болмаса көрінгеннің есігін сағалап, жамбаспұл төлеп күнелту оңай емес. Сондықтен төлем қабілеті жетіп тұрған адам пәтер жалдап қымбатқа ұрынғанша, сол қаражатты өз баспанасы үшін төлесе ұтылмайды. Өйткені несиені өтеп біткенде баспана өзінде қалады.
Негізі қоғам осындай еңбекқор, «басымда баспанам жоқ» деп қол қусырмай, үн-түнсіз мемлекет берген мүмкіндікті қалт жібермейтін адамдар барда ғана алға жылжитыны анық. Жалпы қазақ халқында әйелдердің ұрпақ тәрбиесі, ұлт болашағы, отбасы алдындағы арқалаған жауапкершілігін айтпағанда, көтерер жүгі де аз емес. Сондай үдеден шығып жүрген әйелдер қауымы – біз үшін қашанда мақтаныш.

Н.Болатұлы
arainfo.kz