Ұлыңыз өнегелі болсын десеңіз. Психолог кеңесі

Қазақ халқы қашанда ұл баланың тәрбиесіне үлкен көңіл бөлген. «Ұлым болсаң, ұлы бір мұрадайсың», — деп Мұқағали  жырлағандай, ұл бала – болашақтың қорғаны, болашақ әке. Ендеше, ұл баланың  тәрбиесіне көңіл бөлу үшін, психологтың кеңесіне құлақ асыңыздар:

  • Ұлыңыз сізге іштегі сырын ақтарса, соңына дейін тыңдаңыз. «Басымды қатырмай, сабақ оқы» деп көңілін қалдырмаңыз. Осы жасөпірім шақта балаға қажеттісі – мейірім мен жылулық.
  • Балаға әкесін қарсы қоймаңыз, «сенің әкең мынандай» деп айтушы болмаңыз. Қазіргі таңда осы жағдай белең алуда. Әкесін сыйламаған ұл ертеңгі күні сізді де, болашақ жарын да сыйламай өтеді.
  • Дастархан басында ұлыңызға ұрсып, айғайлаушы болмаңыз. Ұлыңыз бір нәрсені дұрыс жасамаса, жеке отырып сөйлесіңіз.
  • Дау шығарудың қажеті жоқ.
  • Мүмкін емес нәрселерді мейірімді жүрек қана жеңе алады.
  • Осы жасөпірім шақта баланың мінез-құлықтары өзгереді. Осы кезеңде ұл балаға дұрыс көмек көрсетіп, ақыл қосыңыз. Ғашық болса, сізде өмірден түйгеніңізді айтып, кеңес беріңіз.
  • Баланың бойында уайым мен қайғы бірге жүреді, жан дүниесі өзгеріске ұшырайды. Сол жүрегіндегіні сезіне біліңіз.
  • Әкесі мен анасы осы жаста балаға дұрыс өнегелі тәрбиені көрсетсе, ұл бала мейірімге қанық болып өседі. Сіздер – ұлдарыңызға айнасыздар.
  • Жиі мақтау сөздерді айтып тұрыңыз. Тосын сыйлар да жасаңыз.
  • Кіммен достасып жүр, кіммен сөйлесіп жүр, қандай әуен тыңдайды – бәріне көңіл бөліңіз.
  • Балаңызды қатты қыспаққа алып, мазасын алмаңыз.
  • Жақсы отбасында өскен ұл бала қай жағдайда болмасын, бәріне шыдай білетін ер жүрек, батыл болып өседі.
  • Спортқа қызықса, спорт үйірмелеріне қатыстырыңыз. Неге қызығатынын байқаңыз.
  • Әке тәрбиесі – балаға қашанда сын, әкесін сыйлаған   ұл жат бауыр  болмайды.

Дайындаған:ҚР «Қазақ психологиялық қоғамы» бірлестігінің мүшесі, психолог Қанапияева Балжан Нұрғалиқызы