Үш жылдық жоспар 100 пайыз межені қамтиды

Басқарманың 3 жылдық жоспарына келер болсақ, 2025 жылға дейін «АМАНАТ» партиясының сайлауалды платформасының бекітілген іс-шаралар жоспарына және облыстың дамыту жоспарына сәйкес, 621 шақырымдағы жергілікті маңыздағы автожолдарды орта жөндеуден өткізіп, қанағаттанарлық деңгейін 100 пайызға жеткізу көзделуде.

Оның ішінде 414 шақырым облыстық мәні бар, 207 шақырым аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына тиесілі. Жылдар бөлінісі бойынша 2023 жылы 98 пайыз межені бағындыру үшін 203 шақырым (25 жоба), 2024 жылы 99,5 пайызды қамту үшін 238 шақырым (24 жоба), 2025 жылы 100 пайыз межеге қол жеткізу үшін 180 шақырымды (16 жоба) орындайтын боламыз.
Жол саласындағы өзекті мәселелердің бірі – автожолдардың мерзімінен бұрын бұзылу. Мұндай олқылықтардың орын алуы рұқсат етілген салмақтық параметрлерден асып кететін ауыр салмақты жүк көліктерінің бақылаусыз жүріп өтуі басты себеп болып айқындалуда. Кен орындарында ғана жүруге рұқсат етілген ауыр жүк көліктері облыс, аудан аралығында арлы-берлі сабылуы асфальттың морылуына, ой-шұңқырлардың пайда болуына, автожолдардың қызмет көрсету мерзімінен бұрын тозуына әкеліп соғуда. Соңғы жылдары «HOWO», «SHACMAN» өндірісте қолданатын жүк көліктерінің салмағы автомобиль жолдарында рұқсат етілген салмақтан 25 тонна, кейде 40-45 тоннаға жетіп отыр. Осылайша, жүк тиелген автомобильдің салмағы рұқсат етілген массадан 15-20 тоннаға артық болуы жолдың ерте бұзылуына сеп болуда.
Ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруінен жергілікті маңызы бар автожолдардың бұзылуына жол бермеу мақсатында Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірлескен іс-шараларға сәйкес, облыс жолдарында кезекшіліктер ұйымдастырылып, тексерулер жүргізілуде. 2022 жылдың 7 айында жылжымалы көліктік бақылау посттарында 69 әкімшілік хаттамалар толтырылып, 4,0 млн.теңге айыппұл салынып, өндірілді.

Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы