Үш топ үлкен шаруа атқармақ

Бүгін ауданымызға «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында жұмыс тобы келіп актив жиынын өткізді. Аталған басқосуды аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Батиханұлы жүргізіп, облыс орталығынан келген меймандарды таныстырып, сөз кезегін беріп отырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен осыдан екі жыл бұрын бастау алған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы бүгінде жалғасын тауып, Жамбыл облысы әкімінің жуырдағы өкімімен бектілген арнайы 3 жұмыс тобы Шу ауданына ат басын тіреп отыр. Аталған топ құрамында құқық қорғау, денсаулық сақтау, дін, білім, бизнес, банк, құрылыс, және т.б. салалардың өкілдері бар. Ол 3 күн бойы өңіріміздің тұрғындарымен, түрлі ұжымдармен кездесіп, азаматтарды қабылдау барысында шағымдарына құлақ түрмек.

Жұмыс топтарының мақсатын түсіндірген Бауыржан Батиханұлы алғашқы сөзді облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, «Этносаралық және конфессияаралық келісім» тобын басқарып келген Мақпал Досымбековаға берді.

-Президентіміз Қ.Тоқаевтың пәрменімен құрылған «Бейбітшілік және келісім» жобасы соңғы жылдары жемісті жүзеге асып келеді. Бұл жоба Қордайда болған оқиғадан кейін дүниеге келіп, бүгінгі таңда жалғасын табуда. Жалпы осы жылдардың ішінде 204 кездесу, 111 қоғамдық қабылдау өткізілді. Этностар тығыз қоныстанған 7 аудан тұрғындарының проблемаларын нақты шешу бойынша 219 мәселені қамтитын жол картасы бекітілген. Сол мәселелердің 213-і бүгінгі таңда өз шешімін тапты. Қалған 6 мәселенің түйіні биыл және келесі жылы тарқатылады. Шу ауданында үш жұмыс тобы былтыр тамыз айының басында бірқатар жұмыс атқарған болатын. Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында 31 мәселе көтерілген. Барлық ұсыныстар бүгінде өз шешімін тапты. Оның ішінде ауқымды істерге тоқталсақ, 6 мыңға жуық тұрғыны бар Қонаев ауылында биыл Мәдениет үйі ашылып, енді спорттық-сауықтыру кешенін салу жоспарланып отыр — деді Мақпал Сатыбалдықызы.

Одан бөлек облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, «әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту» тобының жетекшісі Еркін Келесов та өз тобы туралы түсіндіріп, құрамымен таныстырып өтті.

Сонымен бірге облыс прокурорының бірінші орынбасары Қанат Мамаев басқаратын «Құқық қорғау саласы» тобының өкілі де жұмыс жоспарларымен бөлісті. Актив жиынынан кейін аталмыш топтар бекітілген жоспарға сәйкес бөлініп, ауылдарға аттанып кетті.

Олар ауданымызда ұлтаралық келісім құндылықтарын насихаттап, этносаралық қақтығыстардың алдын алу және реттеу шараларын қабылдап, ауыл тұрғындарына білікті денсаулық сақтау қызметкерлерінің медициналық көмек көрсетулерін қамтамасыз етіп, жергілікті жерлерде бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін ұйымдастырып, халықты несиелендіру бойынша кеңес беріп, тұрғындардың әлеуметтік мәселелері анықталған жағдайда, оны нақты шешу бойынша шаралар қабылдап, бизнесті дамыту және қолдау бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бағдарламалар туралы ақпараттандырып, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру барысында құқықтық көмек көрсетіп, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың жолын кесуге, оның ішінде мал ұрлығы мен өзге адамдардың мүлкі ұрлығының азайтуға бағытталған амалдарды қарастырып, көші-қон заңнамалары мен құжаттамалардың сақталуын, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік шараларды өткізуді жоспарлап отыр.

Байжан ЕМБЕРДІ