Мұрат Бақтиярұлы: Үш тілділік министрліктің кезекті экспериментіне айналмауы тиіс!

Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке жолдаған депутаттық сауалында еліміздегі үш тілді білім жүйесіне көшуге байланысты өз пікірін айта келе: «Құрметті Кәрім Қажымқанұлы! Қазақстан бойынша 7500-дей орта мектепте оқып жатқан 2 млн. 600 мың оқушыға ұсынылған жоба, іргелі саланың болашағы жайлы әңгіме тудыруы заңдылық. Білім саласын жетілдіру, дамыту тек бір ғана министрліктің міндеті емес, ол — мемлекет пен ұлт үшін маңызы зор өзекті мәселе. Өйткені мектеп — қоғамның да, ұлттың да тағдырында айрықша рөл ойнайтын маңызды құрылым. Сондықтан бұл мәселеге әр отбасының алаңдап, қоғамның назарын бұруы орынды», — деген болатын. Сенатордың ұлт үшін маңызы зор пайымын саралай отырып, депутаттық сауалда көтерілген мәселелер төңірегінде әңгімелесуді жөн көрдік.

Мұрат Бақтиярұлы, Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалыңызға 14 әріптесіңіз қолдау білдіріпті. Бұл — үлкен күш. Білім және ғылым министрлігінің жаңа реформасына халықтың көпшілігі наразы. Одан құлағдар секілдісіз. Сіздің де сөз саптасыңыздан Бас мұғалімнің ой-тұжырымының «әлі де бір қайнауы ішінде» деген зіл байқалады. Тарқата айтсаңыз.

— Иә, біз соңғы кездері Білім және ғылым министрлігінің орта білім саласына қатысты ұсынған реформасы қоғам тарапынан алаңдаушылық тудырып жатқанын ескеріп, оған өз көзқарасымызды білдіруді жөн көрдік. Ескертпемізді Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке арнайы депутаттық сауал етіп жолдап отырмыз. Ол кісі заңға сай мерзімді уақытта жауап беруге тиіс. Өздеріңізге белгілі болғандай, Білім министрлігі ұсынған мемлекеттік жалпыға міндетті жаңа оқу стандарты бойынша 2020-2021 жылдардан бастап Қазақстан тарихын оқыту тілдеріне қарамастан мемлекеттік тілде, 6 сыныптан бастап жалпы тарих тек орыс тілінде, ал 2023-2024 жылдары 10-12 сыныптарда физика, химия, биология, информатика тек ағылшын тілінде оқытылмақшы. Жаратылыстану пәнін барлық мектептерде ағылшын тілінде, ал жалпы тарихты орыс тілінде оқыту Елбасымыздың «Қазақ тілі ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Енді оны ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болады» деген тұжырымымен қалай үйлеспек? Біз осыған алаңдап отырмыз.

— Жаңа министрдің жаңашыл реформасының астарында үш тұғырлы тіл саясаты жатқандай көрінеді. Мемлекеттік тіл мен ресми тіл қатар жүріп келеді. Оған ағылшын тілі қосылса, әлі күнге қанатын жая алмай келе жатқан қазақ тілінің дамуына кедергісін тигізуі мүмкін ғой?

— Мынаны мойындауымыз керек, жастарымыздың ағылшын тілін білуін уақыт талап етіп отыр. Елбасымыздың үш тілділікті өрістету жайлы ұстанымы заман талабынан туындап отырғаны ақиқат. Қолдаймыз. Үш тілді кеңістікті қалыптастырудағы негізгі діңгек — тәуелсіз қазақ елінің мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Сондықтан да қоғам негізінен ағылшын тілінің әлі де болса толыққанды әрі жанды мемлекеттік тілге айнала алмай келе жатқан қазақ тілінің есебінен дамуына, балаларының министрліктің кезекті экспериментінің объектісіне айналуына қарсы екенін айта бастады. Бұл шынымен де өзекті мәселе ғой.

— Мұрат Бақтиярұлы, Білім министрінің ағылшын тіліне бүйрегінің бұрып тұратыны жиі байқалады. Расымен- ақ ағылшын тілі ел экономикасын дамытатын сиқырлы күшке ие ме? Бала санасының қалыптасуына да ерекше әсері бар ма? Cіз қалай ойлайсыз?

— Әрине, ағылшын тілі дипломаттарға, мемлекеттік қызметкерлерге, ғалымдарға, бизнес өкілдеріне керек. Алайда ағылшын тілін жаппай күштеп оқыту осы ағылшын тілін білсе әркім білімді, бақуатты болады деген біржақты ұстанымға құлай беруге болмас. Тарихқа үңілсек, кезінде ағылшындардың қол астында болған Африка құрлығының оннан астам елдері, Азиядағы Филиппин, Үндістан, Камбоджа, Индонезия, Бангладеш сияқты елдердің халқы ағылшынша сайрап тұрғанымен, сол мемлекеттердің аса шарықтап кете қойғаны шамалы. Бұл елдер әлі күнге дейін кедейшілік құрсауында өмір сүріп жатқан жоқ па? Жалпы ағылшын тілін білу, оны терең игеру еліміздегі 2,6 млн. оқушының барлығына бірдей қажет пе?! Балабақшадағы, бірінші сыныптағы ойлау жүйесі әлі толық жетіліп, қалыптаспаған, санасы үлбіреп тұрған қазақ сәбилеріне бірден үш тілді оқытудың қандай қажеттілігі бар? Ғылымы мен білімі жоғары Жапония, Франция, Ресей, Қытай 10 жасқа дейін балаларын өзге тілде неге оқытпайды? Демек, ағылшын тілін білу сауатты болудың басты көрсеткіші емес, ол әлемдік білім- ғылымның биігін игеру үшін ғана қажет құрал болуы тиіс. Ал шынайы сауаттылық — өмірді білу, өзі таңдаған кәсіпті терең игеру, өмірдің, заманның сұраныстарына жауап бере алу қабілетін қалыптастыру. Бұл — әр ұлттың өзінің ұлттық тілімен ғана қалыптасар өнеге.

— Депутаттық сауалыңызда Үкімет басшысына ел ішіндегі дарынды бала- ларды іздеп тауып, арнайы мектептерде оқыту жайын сөз етіпсіз. Осыны тарқата айтсаңыз. — Психолог ғалымдарымыздың зерттеулеріне сүйенсек, мектеп оқушыларының 25 пайызы дарынды болып келеді екен. Егер сол таланттыларды дер кезінде танып, олардың қабілетін ұштап, демеп жіберсе, нәтижесі өз жемісін берері күмәнсіз. Осы орайда Елбасымыздың пәрменімен ашылған «Назар- баев зияткерлік мектептерін», Қазақ-түрік ли- цейлерін айрықша атап айтуға болады. Бұдан шығатын қорытынды: дарынды балаларды іріктеп оқытатын мектеп-интернаттардың қатарын көбейтуіміз керек. Әсіресе шалғай аудандар мен ауылдардағы талантты, дарынды балаларды сол мектеп-интернаттарға көптеп тартуды қолға алғанымыз жөн.

 — Сіздің ойыңызша, реформа жасауға құштар адамдар білім саласына тың жол салу үшін қандай қадамдарға барғаны дұрыс?

— Тіл тағдыры — ұлт тағдыры. Білім са- ласын жаңғырту туралы реформаға кіріспес бұрын еліміздің осы саланы жақсы білетін ма- мандарынан, мұғалімдерінен, ғалымдарынан тұратын қоғамдық кеңес құрып, мәселені жан- жақты талқылап барып, ортақ шешімге келу керек. Үш тілді кеңістікті қалыптастырудың жүйелі, тиімді тетіктері жасалуы қажет.

— Емен-жарқын әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК