Үміт Битенова: “Мен сол кезді аңсаймын”

(естелік-эссе)

Сәби шағымнан, кішкентай кезімнен іштей, ойша санамның түкпіріндегі әлдекіммен сөйлесіп, сырласып тұратын әдетім болды. Сол әдетім әлі қалған жоқ. Мұнымды білсе басқалардың мені қияли санауы бек мүмкін. Сондықтан сыртқа байқатпауға тырысамын. Бір тәуірі ол әдет жүгенсіз емес. Тізгінін маған ұстатып қойған. Жұрттың арасында жұрт қатарлы күн кешем. Ал оқшаулана қалғанда өз еркім өзімде.

Ай-хой, ол сәт қандай керемет. Оңаша. Ешкім мазаңды алмайды. Ешкім ойыңды бөліп, тынышыңды кетірмейтін жабық жансарайыңда жалғыз өзің сайран салып, патшалық құрасың.

Ә, ә-ә.., айтпақшы, жалғыз болмайды екенсің ғой. Әлгі «әлдекім» бар. Сонда, бұл сарайдың патшасы кім болады өзі?! Сен бе, әлде, ол ма?! Мейлі, сол кісі-ақ патша бола берсін. Мен уәзірге жарасам да жаман емес. Ең бастысы, ол кісі мені мұқият тыңдайды. Иә, ол кісі. Бәлкім, муза деуге де келетін шығар. Қалай дегенде де, менің ұғымымдағы ол – ер адам. Біресе «Абай», біресе «Мұқағали», енді бірде «әкім», бірде «әкем» боп көрінетін өте рухани бай ол кісінің қазір менімен «Шераға» боп тілдесіп жүргеніне бірталай жыл.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары Халық жазушысы Ш.Мұртаза мен жазушы-журналист К.Смайыловтың «Егемен Қазақтан» басылымында жарияланып, кейін «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» деген атпен жинақ болып шыққан мақалалары жұрт аузында дүмпу туғызды. Екі публицистің бір-біріне жазған хаттары сол кездегі қоғам түйткілдерін көрсетіп, халықтың әлеуметтік жай-күйін ашық бейнелеген-етін.

– «Камал!

«Сарыарқа мен Атырау, Алтай мен Қаратау қойнаулары нағыз алтын сандық екен. Соның кілті енді еліміздің қолына еркін тиді» – деп жазыпсың», – дейтін жері бар сол хаттарының бірінде Шерағаның Камал Смайыловтың «Егемен Қазақстанда» 25 маусым, 1996 жылы жарық көрген «Қазақстан. ХХІ ғасыр» атты көлемді мақаласы туралы.

«Соны енді біліп жүргендей, «екен» дегенің неткенің? Ал сол сандықтың «кілті енді еліміздің қолына еркін тиді», – деп алақайлағаныңа жол болсын! Онда біз сол алтын сандықтың үстінде неге жалаңбұт отырмыз? – деп жауар бұлттай түнереді. Түнереді де қанатын қомдаған қыран құстай қайта қаһарланып:

«Ашпаймыз ба сандықты? Малмаймыз ба қолымызды алтын-күміске?» – деп күндей күркірейді де, сөзінің аяғын «Оптимист, ақкөңіл, аңқылдақсың, Камал!» – деп жұмсартатыны бар. Аңғал, ақкөңіл, адал досына аппақ ниетін, кіршіксіз пейілін білдіре отырып, өзінің айнала өмірден таусыла түңілетінін де жасырмайды.

Екеуінің эпистолярлық жанрдағы осы шығармалары жадымда қатталып, сақталып қалғаны сонша, шалғайда жүріп Шерағаға хат жазғым келетін де тұратын. Және ойша жазып жіберіп жататынмын. Ол «хаттарым» әрине діттеген жеріне жетпейді. Өзі виртуальды болса, қайдан жетсін. Оған бас қатырар мен емес. Ең бастысы, ойымдағыны ақтарып, ішімді тазартып алсам болды, тұла бойым жеңілденіп сала бермек.

Шераға!

Сонша жыл өтсе де сіздің осы сөзіңіз өзектілігін жойған жоқ. Осы уайымыңыз – уайым. Осы қайғыңыз – қайғы. Өйткені бұл – ел ертеңіне алаңдау. Кейінгі ұрпақ болашағының қамын жеу. Бұл – ХІ-ХІІ ғасырларда Қарахан мемлекетінде қолбасшы қызметін атқарған Тектұрмас-Әулиеатаның, ел арасында Қарахан атанып, 95 жыл өмір сүріп, қырық жыл ел билеген қасиетті Хазіреті әулиенің, махаббаттың символы Айша бибінің, оның күтушісі Бабажы-Хатунның, тағы да басқа көптеген тарихи тұлғалардың киелі кесенелерімен, Жібек жолымен, Қазақ хандығының құрылуымен әлемге мәшһүр аймақ Жамбылдың Сіздей төл перзентіне әбден тән қасиет. Оның бер жағында Тұрар Рысқұловтай Алаш қайраткерінің, Бауыржан Момышұлындай ұлт батырының кіндік қаны тамған ұлы өлкеден шыққан Халық жазушысының қамсыз, мұңсыз, басқаша өмір сүруі мүлдем мүмкін емес-ті. Құнарсыз жерге құрақ шықпайды. Сіз біздің мақтанышымызсыз.

Қарапайым халық үшін шығармашылық адамдары задында ерекше дарын иелері саналады. Әсіресе қаламы қарымды ақын-жазушылар. Құдайдың дарытқан қабілетіне орай олар ғайыппен тылсым байланыста өмір сүре алатын, дүниедегі ең еркін ойлы жандар. Сонысымен жалпы жұртқа қалаулы. Ал сол қалаулы жан мемлекеттің мүддесі үшін өз басын бәйгеге де тіге алатын Халық қалаулысына айналса ше?!

Шерхан Мұртаза ел егемендігінің елең-алаң шақтарында осы міндетті мойнына алып, мінсіз атқаруға тырысқан бірегей тұлға. Содан да шығар, сол кездердегі басым көпшілігі қазақтың интеллектуалдары саналған 360 депутаттың арасынан даусы ерек саңқ ете қалатын одан жұрт ылғи да сүбелі сөз күтті. Орамды ой тыңдады. Кесіп айтқан кесек пікірге қанды. Өткір шешім естіді. Бір емес, бірнеше рет ҚР Парламенті Мәжілісіне депутаттыққа сайлады.

Оның 1994 жылы Үкіметке жолдаған сауалының бірінде «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейді деп басталған сөзі бүкіл Қазақстан халқына республикалық телеарнадан тарап еді сонда.

– «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейді. Біздің жас мемлекетіміздің қақпағы ашылған көрінеді. Сондықтан ұяты кеткендер талан-таражға салып жатқаны анықталып жатыр. Жай, жалаң сөз емес, нақты-нақты фактілермен айтты. Естіген құлаққа, түсінген миға бәрі жетіп жатыр. Осындай, «Қазақстанның байлығы қайда кетіп жатыр?» деген күдік көбіміздің көңілімізде жүрген бұрыннан… Мына басшылықтың қолынан әзір ол әрекет келетін емес. Тексеру палатасы дұрыстап жұмыс істеуі керек. Арнайы комиссия шығуы керек. Мына сіз бен біз, халық сенген депутаттар осының көзін ашып, нақтылап, халықтың өзінің дәулетін өзінің қолына берейік» деп еді сонда.

Отыз екінші жылғы зауалды ашаршылықта дүниеге келіп, омырауынан сүт шықпай қалған анасы, талқанды үлдірек дейтін матаға түйіп, суға малып, батырып, соны сорғызып, қорек еткізіп, аман алып қалған нәресте Шерхан бес жасында Халық жауының ұлы атанып, балалықпен ерте қоштасқаны белгілі. Қаламгерлікпен танылып, кемел тұлға дәрежесіне жеткенге дейін де көрмегені жоқ ол бодандықтан енді арылған Қазақстанның еңкейген қартынан еңбектеген сәбиіне дейін бақытты болғанын аңсады. Ұлан-ғайыр өлкенің өрендерінің өркендеп, өсіп, ұлы даласының игілігін көруін, байтақ жерінің байлығын игеруін армандады.

«Сырт қарағанда бай сияқтымыз. Басқа байлықты былай қойғанда, мұнай – бізде. Сөйте тұра, кедейлерімізге қол ұшын бере алмаймыз. Әсіресе жастарға жағдай жасай алмаймыз. Жұмыспен қамтамасыз ете алмаймыз. Үйменен, тұрғын үймен қамтамасыз ете алмаймыз», – деп налыды.

Шераға!

Шындықтың шырақшысы атанып, қиналып жүрген талайлардың сүйеніші болған Сіздің қарапайымдылығыңызды бүкіл ел аңыз етеді.

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Өмірбек Байгелді бергіздірмекші болған астанадағы төрт бөлмелі пәтерден, «Неғылам мен оны, үйсіз адамдар, бала-шағасы көптер алсын» деп бас тартқаныңызды естігенбіз. Күйіп-пісіп халықты ойлаған кіршіксіз тазалығыңыздан айналып кетейін, ардақтым-ау.

Біліп сөйлейтін, білмей сөйлемейтін Сіздің бұрынғы ел басшысына «Араны ашылған қыран не аңды алады, не аңшының өзін алады» деген нақылға қатты мән беруін сұраған ақылыңыз борап тұрған оқтың астына қарусыз немесе ажалдың апандай ауызына жалаңаш- жалпы, қорғансыз қалпында барумен тең еді. Бірақ сізге сол өжет тіліңіздің өзі қалқан-тұғын.

2003 жылы танымал телетілшіге берген бір сұхбатыңызда сол кезде сегіз миллионға жетер-жетпес ұлтымыздың басындағы қасірет, демография жайлы сөз қозғадыңыз. Қытайдың бір дипломат, елшісінің мәжіліс палатасының бастығына айтқанын мысалға келтірдіңіз. «Құдай әділетсіз. Қытайда бір шаршы километр жерге отыз бес адамнан келеді. Ал сіздің елде бір шаршы километр жерге бес адамға жетер- жетпестен ғана. Құдай әділетсіз» депті әлгі елші. Шошытатын сөз. Біздің момақан жұртымызға қауіп төндіретін сөз. Сіз осы мысал арқылы самарқау өсіп, ұрпақ өрбітуге марғаулық танытатын қоғам мүшелерін отбасы саясатына мұқият болуға үндедіңіз.

Талай афоризмдері ел аузында мақал мен мәтелге айналып кеткен дуалыауыз Шерхан Мұртазаның «Аяғы жаман төрді былғайды, аузы жаман елді былғайды» деген нақылы әрбір есті азамат есте сақтауға тырысатын сөз-ақ. Кеңестер одағының бұғауында болғандарын ұғынбастан, балабақшада тегін тәрбиеленіп, мектепте, жоғары оқу орындарында тегін оқып, тегін емделген, жұмыссыздық дегенді естімеген, пәтер іздеп сабылмаған, дайын асқа тік қасық боп өмір сүрген қарапайым жұрттың көбі мемлекетіміз тәуелсіздік алып, егемен ел атанғанымен, тосыннан пайда болған капиталистік формацияға дайын бола алмай қалып, ә дегеннен нарық заңының қақпанын қауып, тұзағына түскендіктен, өздерін-өздері емін-еркін сезіне алмай қиналды. Қалыптасқан халықаралық қағида бойынша білім беру жүйесі мен емдеу жұмысы ақылы жүретін мемлекет халықтық мемлекет саналмайды деп түсінеді олар. Тыныс алуымыздан басқаның бәрі ақылы қызметке айналған, жұмыссыздықтың тауқыметін тартқан, іске аспай қалған жоғары оқу орындарының дипломын сандық түбіне тастап, ала дорба арқалап, базарларда арба сүйреп кеткен адамдардың денінде материалдық-моральдық осы қыспақтың кесірінен агрессияшыл көзқарас белең алды. Оған пайдасы мен зияны бірдей боп тұрған интернет пен әлеуметтік желілер сөз бостандығын теріс ерттеп мінгізіп, қолтық астынан су бүркиді. «Арзандады» деген сөзді ұмытып, жылдар бойы «қымбаттадының» қамытын киіп келе жатқан қоғам мүшелерінің заман көшіне ілесе алмай, кібіртіктеп артта қалғанын бір-бірінен көріп, арық қой мен аш қасқырдай бір-біріне деген өшпенділіктері аяусыз тіл безесуге ұласқанда, естіген құлақ жазықты боп, көрген көз көгенделіп кетсе ғой, Шераға айтқандай, төр – жаман аяқтан, ел – жаман ауыздан таза болар еді. «Демократия – жүгенсіздік емес, Бостандық – жүйесіздік емес» деген Шераға «Заман түзелгенде – ғылымға да, әдебиетке де татымды талап қояды», «Күйреген рухты қайта көтеру — міне, қазіргі таңдағы басты мақсат. Қып-қызыл өтірікті көтере беретін осы дүние ғана» деп, «О дүниеде ондай қулықтың өтпейтінін» баса айтып, көкірек көзін кәусар бұлақтай дәру сөзімен ашады.

Шераға!

Біреуді жамандағаннан өзіміз жақсармаймыз. Мен осылай ойлаймын.

Сіздің меңзегеніңіздей, жоғарыдағы «әлі күнге дейін кешегі империя етігінің темір өкшесін аңсайтындарды» жайына жіберейін. Уақыт емші. Тарих таразы.

«Армансыз қоғам – үміті үзілмеген қоғам» деуші едіңіз ғой Сіз.

Біздің халық бар қиындықты жеңеді. Төзімді, қанағатшыл, тәубешіл халық.

Тек, мемлекетімізге инфляциялық дағдарысты дер шағында ауыздықтаудың мүмкін болмай тұрғаны өкінішті. Өзіңіз бардағы қымбатшылық бүгінгі таңда өршімесе, айылын жыйған жоқ. Азық-түлік пен күнделікті қолданысқа қажетті тауарлардың бағасының тұрақсыздығы жанға батады. Обалы не керек, үкімет жыл сайын әлеуметтің жағдайын ойлап, айлық жалақы мен табыс мөлшерін үстемелеп, көбейтуін көбейтіп жатыр-ақ. Алайда төл теңгеміздің құнсыздыққа ұшырауы тиылмай тұр. Мұндайда сәл нәрсенің өзінен шара іздеп, амал жасап, айла- шарғы табатын біздің қазақ ғажайып халық қой шіркін! Инпләцияның да шәпкесін теріс айналдырып жіберердей анекдот шығарған.

Бір жас жігіт базар аралап жүріп, көкөніс сатып отырған сатушылардың ең шетінде сарымсақ сатып отырған апамыздың қасына жақындап келіп, бағасын сұрапты:

– Сарымсақтың келісі 100 теңгеден, балам, – депті апамыз мұңлы дауыспен.

Жігіт кейуанаға жаны ашып, қалтасынан жүз теңге алып беріпті. Бірақ сарымсағын алмапты.

Осылайша жігіт базарға әр барған сайын апаның сарымсағын алмаса да 100 теңге тастап кетіп отырыпты.

Тағы бір күні жігіт әдеттегідей қалтасынан 100 теңгесін шығарып, ұсына бергенінде апамыз қолынан шап беріп ұстап қалыпты.

Сонда жігіт:

– Апа, түсінемін сізді. Не себепті 100 теңге беріп, сарымсағыңызды алмай кетіп жүргенімді білгіңіз келетін шығар, – десе, апамыз:

– Жоқ, балам, сарымсақтың бағасы 180 теңге болып кетті, – деген екен.

Сізге жазып отырып, өзім бір рахаттана күліп алдым, Шері-көкем!

Өз жарасын өзі жалап жазатын көкбөрінің тегінен болғандықтан, қымбатшылықтан зардап шеккен сайын біздер өзімізді-өзіміз осындай ащы әзілдермен жұбатамыз.

Сонау 1955 жылы Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетін бітіргеннен бастау алатын еңбек жолы Шерхан Мұртазаны суға тастаса батпайтын, отқа салса жанбайтын ертегі батырларынша үнемі қайнатып, пісіріп, қайрап келді. Халық қалаулысы ретінде ғана емес, қазіргі «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің, «Жазушы» баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және «Жалын» альманағының редакторы, бас редакторы, «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы, Ұлттық саясат, мәдениет және тілдерді дамыту жөніндегі комитет мүшесі, мәдениет, баспа, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық бірлестіктер жөніндегі комитеттің мәдениет, әдебиет және өнер бөлімдік комитетінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі ретінде де өлшеусіз қызмет атқарып, қыруар іс тындырған Шерағаның халық таразысында күннен күнге, жылдардан жылдарға абыройы артып, беделі салмақтанып, тұлғасы биіктей берді.

Еңбегі еш кетпей, еселене түскен заңғар жазушыға 1978 жылы кенші өмірінің қиындығын суреттеген «Қара маржан» романы үшін Мемлекеттік сыйлық берілуі, немесе, оның 1992 жылы Қазақстанның Халық жазушысы атануы осы сөзіміздің дәлелі. Т.Рысқұловтың қайраткерлігін паш еткен үш томдық эпопеяны, «Ай мен Айша» романын, «41-жылғы келіншек», «Интернат наны», «Жүрек қартаймайды» әңгімелер жинақтарын, «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Бесінші бұрыш» сынды бірнеше пьесаларын, басқа да көптеген ғажап туындыларды жарыққа әкелген Шерхан Мұртаза сырт көзге қатал, қату қабақты, қаһарлы көрінгенімен, жанында жүріп, қамқорлығын көргендер, етене араласқандар мінезінің жомарт, жанының жылы, жүрегінің жұмсақ, пейілінің кең адам екендігін айтады.

Ал ол кісінің айтқыштығы жөнінде әңгімелер аңызға бергісіз.

Бірде «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі Рахымжан Отарбаев редакторы Шерхан Мұртазаның тапсырмасымен «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген мәселе көтереді. Арал мәселесін жазған Р.Отарбаевтың мақалалары қолдан-қолға өтіп оқылып, редакцияға хаттар ағылып келе бастайды. Отарбаевтың журналист ретіндегі жұлдызды сәті туады. Қаламы жүріп, жұрттың жан-жақтан қостаған пікірлеріне арқаланған Рахымжан Отарбаев ағамыз бір күні ныспысын өзгертіпті. Нөмірге кетіп бара жатқан материалының соңына «Рахымжан Атырауи» деген су жаңа фамилия жазып, бір-екі нөмірге «Рахымжан Атырауи» болып шығып жүреді. Темірдей тәртіптің адамы Шераға жұма күнгі лездемеде:

– Әй, Рахымжан, біреуің – Атырауи, біреуің – Тарази болып қазақтың жерін бөліп алып жатсаңдар, басқаға не қалады? Бөліну деген осыдан басталады. Қой, айналайын! Үлкен атауларды өзіңе жапсырмай-ақ, өз фамилияңа көш! – депті. Сөйтіп, бірнеше күн «Атырауи» болған Рахымжан ағамыз қайтадан Отарбаев болыпты.

Шерағаның Францияға барған сапары жайлы да қызықты жайт бар.

Сексенінші жылдардың ортасында бір топ делегатпен бірге Шераға Францияға барыпты.

Елге келген соң жұмысында «летучка» өткізіп жатса, Әлия Бөпежанова Францияға қызығушылық танытып:

– Сапарларыңыз қалай болды? Француздар қандай екен? – деп сұраған ғой.

Сонда Шерағаң:

– Француздар ашық-жарқын, жайдары, өте мәдениетті екен. Киген киімдері көбіне ашық түсті, әдемі.

Метрода келе жатқанда байқасам, біздің елден барған делегация ылғи қара кәстөм-шалбардамыз. Мойнымызға сұрғылт не көкшіл, көңілсіздеу түсті галстуктер тағып, басымызға қара шляпа киіп алыппыз. Мәдениетті көрінудің бір белгісі қара кәстөм мен қара шляпа деп ойлайтын болуымыз керек. Бір топ қара құйын сияқты бардық. Француздар бізге үдірейіп қарады.

«Бір топ қара құйын келіп кетті»деген шығар», – депті.

Шерағаңның қалжыңының астарынан сұрғылт не көңілсіздеу киіндіретін біздің сол кездегі кеңестік қоғамымыздың сұрқай көлеңкелі бет-бейнесі менмұндалап тұрғандай.

Шераға!

Сіздің қара құйын туралы сол қалжыңыңыздан шығады.

Баяғыда үстінен үнемі сұр плащын тастамайтын Эдисонға туыстары «Киіміңді ауыстырып кисең қайтеді, елден ұят емес пе, ылғи бір киіммен жүргенің?» – деп кейіпті.

– Мені кім танып жатыр дейсің, – деп Эдисон олардың сөзіне пысқырмапты.

Уақыт өте келе, электр жарығы секілді мыңнан астам патенттің иесі болып, өнертапқыштығымен атағы әлемге жайылса да, Эдисонның үстінен әлгі көнетоз киімі түспепті. Жанашыр ағайындары:

– Жұрттан ұят-ты, мына плащыңды таста енді! – деп жабыла ұрысса да, Эдисон:

– Ауыстырып не қылам, мені онсыз да жұрттың бәрі таниды ғой! – деп көнбей қойыпты дейді.

Мұнымен не айтпақшы болдым. Ә-әә. Ескі плащпен жүрсе де, жаңасын ауыстырып киінсе де Эдисон Эдисон болып қалатын еді. Өзгермейтін еді. Мәселе формаға емес, мазмұнға байланысты емес пе?! Кеңестік держава ыдырап, өз қолымыз өз аузымызға жеткен біздің елдегі өзгерістер де осындай ғана мөлшерде сияқты. Атымыз, шапанымыз ауысты. Затымыз, табиғатымыз ше? Заман желі қоғамды құбылтты. Адамды ше? Адамды сол формацияға қаншалықты бейімдетті? Бейімдетсе, жақсы жағына қарай бейімдетті ме, әлде нашар жағына қарай көбірек бейімді етті ме?.. Мұны Сіз «Бір кем дүниеңізде» түз-түгелімен жан-жақты мысалдар арқылы талдап беріп едіңіз-ау.

Қайда жүрсе де, қашан болса да ұлып айтпай, тіліп айтуды жөн көрген Шерағаның «Бір кем дүние» атты кітабындағы тұшымды ойларының әрқайсысы өмірін босқа өткізгісі келмей, бүгініне үлкен сеніммен қарап, ертеңгі күндеріне тынбай ұмтылатын әрбір жан үшін шамшырақтай жарық сәуле, құс жолындай даңғыл бағдар болды. «Алтын өзі тотықпайды, адамдардың жанын тотықтырады» дейді Шерхан Мұртаза ол жазбасында. Әуелгі орынға экономикалық саясат қойылып, қаржылық мүдде халқымыздың өмір сүру салтының қайнар көзіне айналған соң, Шерағаның айтқаны айдай келіп жатты. Ақша, ақша, ақша. Әдетте «Ақыл – адам көрігі, Ақылдың сабыр серігі» деп білетін жұрт ақылдың емес, ақшаның соңына түсті. «Ақыл тозбайды, алтын шірімейді» деп түсінетін ел ақылдың ешқашан «тозбайтынына» арқа сүйеп, қажет болған кез келген уақта оп-оңай тауып аламыз деді ме екен, қалтарыста елеусіз қалдырып, шірімейтін алтынның буына елтіді. Баласын да сол бағытқа баулыды.

Ақыл дегеніміз даналықтың ілімі, кісіліктің өлшемі еді. Ақыл дегеніміз білім мен тәрбие еді. Білім мен тәрбие ақылдың ажырамас қос қанаты-тұғын. Оның бір қанатына көбірек күш салып, екіншісін елемеу – оның қайырылып, майырылуына әкеліп, ақыр аяғында, алапат апатқа соғатынына мән берілмеді.

Нәтижесінің шет жағасын көріп отырмыз. Қалай бай болуды үйреткен ұрпағымызға қалай бақытты болуды үйретпеппіз.

Бұл түйткілге Ш.Мұртаза «Имансыз болма» деп аталатын пәлсапасында тағы бір басқа қырынан келеді: «Біреулерге Құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан – бәрі бар. Төрт құбыласы сай. Бірақ иман жоқ. Ең сорлы адам сол. Бір кем дүние».

«Болашақ» деген шығып, бай балалары шетелде оқып, бірсыпырасы сол жақта қалады. Бірсыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы. Істі біледі. Бірақ тек орысша, иә ағылшынша сөйлейді. Қазақшасы жоқ. Бір кем дүние деп күрсінген Шерағамыз бір кезде парламенттің мінберінен «Қос тіл жыланда ғана бар!» деп ана тіліміздің мүшкіл халі туралы да дабыл қаққанда селт еткендер шамалы ғана болғанын қалай тыжырына еске алмайсыз.

«Соттар қателесіп, кінәсіздерді өлімге бұйырады. Кінәсіз екені анықталғанда қайтадан тірілте алмайды. Не істеу керек? Бір кем дүние. «Халық жаулары» дегендердің көбі солай өлтірілді», деп көкірегі қарс айырылатын Шерағаның, «Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді. Бір кем дүние» деп те іші удай ашыған.

Дегенмен, не нәрсенің де қайыры барына сеніп, қашан да ақырын берсін деп тілейтін халқымыз Шерхан Мұртазаның тоқсан жылдық мерейтойы қарсаңында айтулы оқиғаларға куә болды. Жаңалықтардың ең жағымдысы деп биылғы өткен референдумды атауға болады. Конституциялық реформаның көкжиегі көрінді. «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат тор көзді сауыты» деп Шерағаның нығарлай айтқан сөзі іс жүзінде жүзеге асырыла бастайтынына дүйім ел қуанды.

Қымбатты, Шерхан көке!

Маған «Сөз өнеріндегі күш-қуатың мықты болсын! Ақындығың Алатаудай асқақтап, Тянь-Шань тауындай биікке өрістей берсін, өрлей берсін!» деп, маңдайымнан сүйіп, бата берген Сіздей асылдың, алыптың орны мен үшін қашан да бөлек. Ал Сізбен соңғы рет жүздескенім ойыма түссе, әлі күнге дейін жанарым жасқа шыланады. Төсек тартып, қиналып жатқаныңызға қарамастан «Аман-сау болыңдар!» деп елге дұғай сәлем жолдап едіңіз. Шүкір, артыңызда қалған сол ел-жұртыңыз біртіндеп еңсесін тіктеп келеді. Қазақстанын барынша жаңартуға күш салуда.

Бірде, Ресей мектебінде бастауыш сынып оқушыларының Құдай туралы түсінігін, сенімін, олардың Құдаймен байланысын, жалпы олардың арман- мақсатын зерттемек болып, эксперимент жүргізіпті дейді. Балалардың Құдайға жазған хаттары іріктеліп, кітап болып басылып та шығыпты. Оқып көрсеңіз таңғаласыз. Мысалы, Петя есімді 4-сыныптың оқушысы «Құдай, егер сен Жер бетінде ақырзаман орнатсаң, онда саған кім құлшылық ететін болады?» деп сұрақ қояды, ал тағы бір 4-сынып оқушысы Радик: «Жер бетінде де адамдар зардап шегіп, қиналады, сонда тозақ мұнан да өткен жаман ба?» деп адамдардың о дүниедегі тағдырына алаңдайды… «Маған өлмей-ақ қоюға бола ма, ә?» (Юля, 1-сынып), «Шіркеуде сатылатын балауыз шамдар – Сенің бизнесің бе?» (Толик, 2-сынып), «Христос адамдар үшін азап шекті, ал адамдар сонда кім үшін азап шегуде?» (Гриша, 4-сынып), «Сен Аспанда өмір сүрсең де, Жер бетін Сенің басқаратыныңды түсіндім. Сені қайта сайламай ма?» (Сеня, 1-сынып), «Сен білесің бе, менің ата-анам татуласа ма?» (Катя, 3-сынып), «Адамдар неліктен алғашқы кезде бір-бірін сүйеді, сосын неліктен үнсіз жылайды?» (Андрей, 4-сынып), «Құдай, сен шынымен барсың ба?» (Александр, 2-сынып), «Неліктен Сен біреулерге көмектесесің де, маған неліктен көмектеспейсің? (Алик, 2-сынып), «Библияда жазылғанның бәрі рас па?» (Вика, 3-сынып), «Адамдар ешқашан бақытсыздыққа душар болмайтындай жасай аласың ба?» (Лада, 2-сынып), «Сен қалай ойлайсың, бізде жақсы заман бола ма, жоқ па?» (Света, 3-сынып), – деп жазған бүлдіршіндердің әрқайсысының сөзінен бүгінгі уақыттың күн тәртібіндегі әлемдік мәселе көтеріліп, әл-ауқаты әлсіз әлеуметтің жай-күйі ашық көрініс тапқанын байқауға болады.

Шындықтың шымыр қорғасынынан құйылғандай шың Шераға!

Жоғарыдағы үшінші сыныптың бүлдіршіні Светаның «Бізде жақсы заман бола ма?» – деп Құдайға қойған сауалы бұл күнде орысты немесе бізді, қазақты ғана емес, бүкіл адамзат баласын ойландыруы тиіс.

Және оның жауабы біреу: Бәрімізде жақсы заман болады. Жер бетінде жақсы заман орнайды. Мен оған сенем. Өйткені бір Құдайға сыйынған пендесін Құдай да қолдайды, аруақ та қорғайды.

Сіз де бір кезде радиодан сөйлеген бір сұхбатыңызда «Мен баяғыда естуші едім: «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болады» деп. Мен сол кезді аңсаймын: «Болса екен!» деп. Бозторғай қойдың үстіне жұмыртқалағаны — жердің малдан босамай, бітіп қалғаны ғой, соншалықты байлық, соншалықты құдірет. Сол заман келсе, жақсы болар еді» деп арманыңызды ақтарыла айтқан едіңіз.

Ендеше, кең-байтақ жеріміз төрт түлік малдан босамай, егін бітік шығып, ырыс пен құтқа малшынып, молшылыққа кенелген халқымыз мыңғырған ен байлықтың егесі болып, бақытты өмір кешіп отырар күн жақын!..

Ал Сіздің сегіз бейіш төрін мекен еткен мәңгілік рухыңыз Сізді сүйген сол халқыңызды желеп-жебеп, қолдап, қорғап жүрмек!

Үміт БИТЕНОВА, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.